КӨЗДЕН ҰШТЫ-АУ ҚАЗАҚЫ КӨҢІЛ…
Және бір айта кетерлігі, түрлі ұлттар мен ұлыстарды жат көрмей, бауырына тартып, достыққа адал болған халқымыздың болмыс-бітімі бірқұдайшылық сенім мен пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) насихаттаған Ислам дінінің негізгі қағидаттарына толық сәйкес келеді.
Өзім – бұғана қатпастан ауыл тіршілігіне атсалысқан ұрпақтың өкілімін. Яғни, жастайымыздан шөп шабу, мал бағу, қыстық отын дайындау, жазда егін салу секілді тіршілікті атқардық. Себебі, сол кездегі әкелер мен шешелер балаларын адал еңбек етуге тәрбиелеп, қадір-қасиет мәселелерін санаға сіңіріп өсіретін. Заманның қысылтаяңдығына қарамастан, адамдар бір-бірін қонаққа шақырысып, балалар жағы асыр салып ойнап, бірінің үйіне бірі қонып та қала беретін.
Жапсарлас қонған үйлердің арасын ағаш шарбақ, болмаса сым қоршау ғана бөліп жатады. Адамдар ала таңнан амандасып, қауқылдасып, қалжыңдасып хал-жағдай біліседі. Көршілік хақымен қажеттіліктерін қысылмай сұрап, қалағанын қанжығаға бөктеріп кете баратын. Бұл бір риясыз сезім, аппақ көңілдердің көрінісі еді.
Ал, қазір барлығы керісінше. Көшелерде қос қабаттап, үш қабаттап салынған зәулім үйлер көп. Және олардың көбісі үйдің өзінен де биік темір қоршаулармен қоршалған. Кейбіреулер, тіпті, пультпен басқарылатын қақпа орнатып, есік-терезелерін «шыбын өтпейтіндей» етіп, «қымтап» алған. Көп қабатты үйлер де домофонмен кілттеніп тұрады. Заман талабынан қалмау да керек болар. Бірақ, сол байлыққа мастанып, ағайынның, көршінің жүзін көрмей кету қаншалықты дұрыс?
Заман тарылса да, ниетіміз тарылмасын. Қазақшылығымыздан ажырамай, астамшылықтан алшақ жүрейік дегім келеді.
Мақсот БАҒЫТЖАНОВ,
«Мәулімберген» мешітінің бас имамы,
Алғабас ауылы,
Атырау қаласы.