КӨЗ ЖАСЫМЕН САЛЫНҒАН ЖОЛ
Осы сәттерде ауыр еңбекке тартылған қыз-келіншек, бұғанасы қатпаған жасөспірім-жеткіншектер өздерін «жол қатынасына қатысушылар» деп атайтын. Анамыз да сол шақтарды еске алғанда, осылай деп айтып отырушы еді.
1922 жылы Теңіз ауданында туып-өскен ол жастайынан әке-шешесіне қолғабыс қылып, мал баққан. Кәмелеттік жасқа тол-ғанда тұрмысқа шығып, ұлдары дүниеге келген сәтте әкеміз майданға аттанады. Ел басына күн туған шақта, «бәрі де майдан үшін» деген ұранмен жұмысқа жұмылдырылғанда оларды да жол салу ісіне міндеттеп, «мына темір жолды тезірек бітірсек, керек-жарақтар тиелген пойыз майданға барады. Өз істерің арқылы жеңісті жақындата түсесіңдер, отағаларың елге оралады» деп түсіндірумен жұмысқа алынады.
Жанын аямай, тыл майданына қатынасқан анам шиеттей баласын қарт ата-енесіне табыстап, еш техникасыз, адам күшімен ғана жүргізілген алып құрылысқа атсалысады. «Қарын тойдырарлық тамақ та жоқ, ашқұрсақ болсақ та ел амандығын тілеумен, таң сәрісімен тұра сала зембілмен топырақ тасып, қас қарайғанша сүйретіліп жүретінбіз. Еденіне қоға төселген, төбесі де қоғамен жабылған жерден қазылған сыз бөлмеге ұйықтаймыз. Қатты шаршағандық па, әлде аш болғандықтан ба, түннің бір уағына дейін көз іліндіре алмай, майдандағы асыл азаматтарымыздың амандығын тілеп, әңгіме айтатынбыз, соңында құшақтасып жылап, талықсып ұйықтап кеткен күндеріміз де болды. «Күлкі арсыз» деген емес пе, кейде біреулердің әңгімесі не сөзіне күліп, көңіліміз көтеріліп қалатын-ды. Бірде басшылар келіп, ішімізден іріктеп, бір ер кісі, үш әйел, бір жас баланы таңдап алып, «Сендер Гурьевке барасыңдар, одан ары қарай Доссорға соқа тасисыңдар. Екі айдан кейін осында қайтып келесіңдер, орындарыңа басқа адамдар барады» деді. Әлгі таңдап алынғандардың ішінде мен де бармын. Бір күн үйге баруға мұрсат беріп, келісілген уақытта жиналдық. Бесеумізге үш түйе беріп, бір-бір қара нан ұстатты. Флягаға құйылған сүт беріп, «өз ыдыстарыңа құйып алыңдар» деді. Ол кезде жөнді ыдыс қайдан болсын, сыртын алашамен қаптаған бүйенге құйып алдым. Содан шаршап-шалдығып, 12 күн дегенде Гурьевке әзер жеттік» деп анам айтып отырғаны жадымда жатталып қалыпты. Содан олар екі күн жатып, естерін жиған соң, жұмысқа кіріседі. Доссорға дейін төрт күн жүреді екен, сол екі аралыққа түйеге шпал артып, оны жетектеп жолға шығады. Азықтары – ащы айран мен 200 грамм қара нан. «Бір сапарымда түйенің өркешіне байлаған айран құйылған қарын қажалып, тесіліп, түйенің борбайынан сорғалап келеді екен. Әлгіге ішім удай ашыса да сапарымды жалғастыра бердім» дегені бар-ды.
Осылайша тапсырылған жұмыстарды атқарып, анам екі ай дегенде бұрынғы жұмыс жасаған жеріне оралады. Ол кез соғыстың орта кезі болса керек. «Бригадиріміз бір көзінен жарақат алып, елге оралған жан еді. Сол мені шақырып алып, қолы дірілдеген күйі бір қағазды қолыма ұстатты. Ашпастан, ішіндегі не екенін түсіндім, басым айналып құлап бара жатқанымды ғана білемін. «Қара қағазбен» танысқан соң, үйге барып келуге бір күн берді. Келсем, ата-енем көздері жаутаңдап, жылап отыр екен. Балаларының хабарын естіп қойған болды ғой десем, олар біздің ұлымыз, немерелерінен айырылып қалып, боздап отыр екен. Іш сүзегінен шетінеп кеткен сәбиімді құшақтаған күйі құладым. Тірегімнен бір айырылып, бауыр етім баламнан екі айырылып, тұра алмай жатқан жерімнен қуғыншылар келіп, жұмысқа алып кетті. Зар илеп, соғысқа қарғыс айтқан ата-енемді қалдырып, қайта оралдым. Сол күрек, сол зембіл, сол топырақ. Уақыт өте берді…»
Арада талай жылдар өтсе де анамыздың естелігіне біз бала күнімізден қанықпыз. Жаны жараланған ол қанша қиналса да қызметіне адал болыпты. Жол құрылысына бір кісідей атсалысып, ел қатарлы еңбек еткен. «Ол жақтың қырлықтарында құмаршық деген дәнді дақыл өседі. Сол талай адамды өлімнен арашалап, талғажау болды, — дейтін анам, — Малдың өрісі жақын болғандықтан, әкем айран, сүт, құрт-ірімшік әкеп тастайтын. Сөйтіп жүргенде, майданға аттанған үлкен ағамнан да «қара қағаз» келді. Көп ұзамай әкем келіп: «Әй, шырағым, сен мұнда кім үшін жүрсің? Ағаң да, күйеуің де келмеске кетті. Азып-тозбай үйіңе қайт» деді. «Әке, мені соттайды ғой» деп жылап жібердім. Сөйтіп, көппен бірге қалып, жұмысымды жалғастыра бердім».
Көп ұзамай, белгісіз бір ауруға тап болып, қасындағы қызбен бірге мазасы кетіп жүрген кезде, басшылары келіп, «Сен өзің де жұмыс жасамайсың. Қасыңдағыны да азғырып жүрсің» деп дүрсе қоя береді. «Бізге дәрі керек» дегендеріне қарамастан, жұмысқа қуады. Осылайша, оның қорлығына шыдамай, әрі әкесінің айтқан сөзі себеп болып, түн ішінде қашып шығып, таң ата әкесінің үйіне жетеді. Артынан келген қуғыншылар «Сені соттатамыз, бұл қылығың соғыстан қашқанмен бірдей» десе, әкесі: «Ол енді ешқайда бармайды. Менімен бірге мал бағысады. Мал да өкіметтікі» десе, «Сені де қосып қамаймыз» депті. Ақыры, нағашы атамның сөзінен жеңілген олар: «ертең милициямен келіп, басқа бақташы алып келеміз де, сендерді түрмеге жабамыз» дейді. «Әке, мен үшін сотталып кетпексіз бе, жұмысыма қайта барайыншы» деп анамның жалынғанына қарамастан, атамыз малының соңынан кете беріпті. Айтқанындай, оларды кейін ешкім мазаламаған.
Осылайша, ол колхоздың бар жұмысына араласып, тұрмыс құрып, ұрпақ сүйіп, өткен жылы 92 жасқа толған шағында өмірден өтті. Тыл ардагері ретінде құрмет көрсетілген сәтте, «соғысқа кеткен шалым үшін маған медаль берді» деп қуанып отырушы еді.
Кейін алпысыншы жылдары екі араға қатынаған пойызбен ауылға бір барғанымда, «Біздің ісіміздің пайдаға асар күні туды деген осы екен-ау» деп ұзақ жылағаны да есімде…
Нәбия СҮНДЕТОВА,
Атырау қаласы.