КӨШБАСШЫЛЫҚ ЖӘНЕ ЖЕЛІЛІК ҚАУЫМДАСТЫҚ –
Ең күрделі және маңызды нәрсе – білім жүйесін мазмұндық өзгерту, оның ішкі мүмкіндіктерін пайдалану, білім сапасын арттыру тетіктері мен формаларын жетілдіру болмақ. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» Педагогикалық шеберлік орталығы Кембридж университетінің Білім беру факультетімен бірлесіп әзірлеген деңгейлі бағдарламасы бойынша Қазақстан Республикасы педагог кадрлардың біліктілігін арттыру курстардың негізгі идеясы осыған саяды. Осы орайда Бірінші (ілгері) деңгей бағдарламасының мақсаты мектептегі еңбек тәжірибесі әртүрлі мұғалімдерді қатыстыру арқылы мұғалімдерге қажетті білімдер мен дағдыларды беру болып табылады. Бірінші деңгей бағдарламасын игерген мұғалімдердің негізгі функциясы – мектеп шеңберінде даму бағдарламасын іске асыру, мониторингті жүзеге асырып, мектепті дамыту үдерісіне қолдау көрсету, сонымен қатар, бағдарламаның ықпал ету дәрежесін анықтау.
Кембридж бағдарламасының басқа технологиялардан ерекшелігі — жеті модуль арқылы іске асатындығында. Бұл игі істерді жүзеге асыруда Аида Төлеуханқызы басшылық етіп келетін Атырау қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығының үлесі зор екендігін мақтанышпен айтуға болады. Жалпы, Бірінші (ілгері) деңгей бағдарламасының мақсаты – оқытудағы басқару және көшбасшылық модулiн педагогикалық көрегендiк пен педагогтiк қиял, мамандығына лайықты жұмысқа қабiлеттiлiк, өз бiлiмiңдi көтеруге дайын болу және жаңашылдық сынды қасиеттердi дамытып, ұштай түсу керектігін меңгерту.
Оқу сияқты, көшбасшылық та адамның басты, бірақ, аса күрделі әлеуеттерінің бірі болып табылады. Өзгеріс енгізу үдерісін басқару оңай емес әрине, өйткені оның барысында жұмыста әртүрлі қиындықтар мен келіспеушіліктер туындап жатуы ықтимал. Бірінші деңгей бағдарламасын игерген мұғалімдердің негізгі функциясы – оқыту мен оқу тәжірибесіне жаңа тәсілдерді енгізу. Мұғалім ретінде біз өзімізге әрекет етуге, басқаруға, шешім қабылдауға жеткілікті билік пен өкілеттіктер берілмегендігін түсінеміз. Алайда, тәжірибе көрсетіп отырғандай, басшы қызметін атқармастан-ақ, бірінші деңгейді меңгерген мұғалім ретінде өзіміздің кәсіби беделімізге және жеке тұлға ретінде моральдық беделімізге сүйене отырып, оқыту мен оқу тәжірибесіне өзгеріс енгізуге ықпал ете аламыз. Адамзат баласының өз ұрпағын оқыту мен тәрбиелеудегі ең озық тиімді ізденістерін, тәжірибелерін жалғастырып, тың жолдар іздеу педагогиканың озық үлгілерін жаңашылдықпен дамыту жалғаса бермек…
Мұғалімнің көшбасшылығын дамыту да басты рөл атқарады. Сондықтан, мектепте мұғалімдер көшбасшылығын белгілеудің негізгі өлшемдерін ұғына білудің маңызы зор. Оқушыларының білім алуына басты назар аударуды басымдық ететін көшбасшы-мұғалімдер өздерінің әріптестері мен басқа қызметкерлерге үлгі бола біледі.
Оқуға бағытталған көшбасшылық жоғары сапалы білім берілуіне қол жеткізу мақсатында оқу үдерісіне және оқушылардың, сондай-ақ, мұғалімдердің, қызметкерлердің нәтижелеріне бағдарланған. Көшбасшы-мұғалімдер оқыту мен оқу үдерісін бақылау, нәтижелерді пайдалану, мұғалімдердің мықты жақтарын анықтап, олардың қажеттіліктерін білу, оқушылар топтары мен мектептің құрылымдық бөлімшелері үшін басымдықтарды белгілеу арқылы сыныптардың және бүкіл мектептің ішінде не болып жатқанын біліп отырады.
Мұғалімнің кәсіби дамуын қамтамасыз ету моделінің бірі – мектепте және мектептер арасында желілік қоғамдастық құру. Желілік қоғамдастық виртуалды түрде және ресурстық орталықтар арқылы құрылуы мүмкін. Мұғалімнің желілік қоғамдастықтағы қызметін ұсынылған бөлімдер бойынша бағалауға болады. Олар – тіркелгені, ресурстық қорға үлесі, ресурстардың мүмкіндіктерін пайдалану, қарым-қатынас мәдениеті деңгейі және тақырыпқа сай жұмыстану белсенділігі.
Мұғалім бірінші кезекте өзін-өзі бағалайды, ол өз кезегінде мұғалімнің кәсіби өсу деңгейіне жүйелі түрде мониторинг жүргізіп отыруға мүмкіндіктер береді. Желілік қоғамдастықтардың пәндік бірлестіктерден гөрі атқаратын қызметі ауқымды, қамтитын көлемі кең.
Желілік қоғамдастық алдыңғы кезекте мұғалімдердің кәсіби өсіп, қалыптасуын қамтамасыз етеді және қоғамдастық жұмыс аясын кеңейте отырып басқа мектептермен байланысқа шыға алады.
Самат ЕСЕН,
Сара ӘМІРХАНОВА,
ұстаздар,
Бірінші (ілгері) деңгейлі курс бітірушілері.
PR