Жарнама
Қоғам

Көшбасшы қыздар қандай болады?

Атырау төрінде қазақтың көркем мінезді, білімді әрі талапты қыздарына арналған тың бастама қолға алынды. Бүгін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «NextGen Leaders: Қыздардың көшбасшылық жолы» атты үш күндік семинар-тренинг жұмысын бастады.

Бұл бірегей жоба – қалалық жастар ресурстық орталығының қолдауымен жүзеге асып жатқан «Tomiris» бағдарламасының аясындағы бастама. «Қоғамда өз орны бар, талапты да тәрбиелі қазақ қыздарының көшбасшылық қасиеттерін оятып, олардың жарқын болашағына жол ашуды мақсат еттік» дейді ұйымдастырушылар.

Шараның салтанатты ашылу рәсімінде жастар ресурстық орталығының басшысы Мәнсия Сағидоллаева жиналғандарға жүрекжарды лебізін білдіріп, бұл бастаманың астарында терең мән жатқанын атап өтті.

– Біз бұл жобаны ұзақ дайындықпен, қыздардың сұранысына сүйене отырып жасадық. Қазір қыз-келіншектер өмірдің барлық саласында алдыңғы қатарда жүруі тиіс. Бұл тренингте сіздер этикеттен бастап, психология, медиа сауаттылық пен ұлттық құндылықтар негізінде көшбасшылық қабілеттерді дамытатын боласыздар, — деген ол қатысушыларға сәттілік тіледі.

Тренингке қатысуға ниет білдіргендер саны аз болмапты. Қорытындысында 140-тан астам өтінімнің ішінен 70 талапты жас іріктеліп, білім мен тәрбие сабақтарына жолдама алды.

Семинардың бірінші күнінде қатысушылар Қазақстандағы Этикет мектебінің негізін қалаған Сая Абдуғанидың тағылымды дәрістерін тыңдады. Австриядағы Sisi Elisabeth патшайымы атындағы жоғары этикет мектебінің үздік түлегі ретінде Сая ханым қыздарға өз-өзіне сенімді болудың, сыпайылық пен сырбаздықтың қыр-сырын үйретті.

Ал, семинардың кейінгі екі күнінде қыздар «Қазақ қызының келбеті», «Ұлт алдындағы жауапкершілік», «Көшбасшылық пен медиадағы белсенділік» сынды тағылымды тақырыптарды тереңірек талқылайтын болады. Бұл бағытта дәріс оқитын спикерлер  – Boston University түлегі, танымал документалист және инфлюенсер Әлия Әшім, сондай-ақ полиция лейтенанты, кәсіби журналист Мейірім Ердәулет.

Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі. Бұл бастама көшбасшылыққа лайықты жас қыздардың қанатына қуат, жүрегіне сенім, көкірегіне үміт ұялататын рухани мектебі іспетті.

Майра ЕРҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button