КӨПШІЛІККЕ ОЙ САЛҒАН…
Екі мың данамен оқырманға жол тартқан еңбекте Елбасы балалық шағынан бастап, қазіргі әлем таныған дара кезеңіне дейінгі тұтас бір дәуірді тебірене отырып, оқырманға сұхбат ретінде әңгімелеп береді. Бұл кітапты оқысаңыз, Президенттің өз-өзіне үлкен талап қоя білетін жан екендігіне, еңбекқорлығына, елінің ертеңі үшін қандай тәуекелге де бара алатын тұлғалық қасиетіне көз жеткізесіз. «Өмір өткелдері» – біздер үшін, бізден кейінгі келе жатқан ұрпақтар үшін тәрбиелік мәні зор кітап.
Туынды жайында әдебиет қайраткерлері «Тарихты осындай іргелі тұлғалардың күрделі дәуірі жаратқан. Солардың болмысын тану арқылы ішкі рухани мәдениетімізді қалыптастырамыз. Сондықтан, ұғынықты, тартымды тілмен жазылған еңбек өз оқырманын табады және Елбасының болмысын жаңа қырынан аша түседі» деп сенім білдірсе, кітапты құрастырушылар «Елбасының стилистиканы еркін меңгергені сонша, кітапты редакциялап шыққан. Сондықтан, бұл – бастан-аяқ Елбасының еңбегі» дейді.
Елбасы кітапта өмірі туралы әңгімелей отырып, заман, қоғам жайлы толғаныстарын баяндайды. Экономикасы қуатты жаңа мемлекет құрудағы күрделі де, жарқын сәттер кітапта кеңінен баяндалады. Егемендіктің елең-алаң шағында ел тарихына қатысты маңызды шешімдер мен тәуелсіздікті тұғырлы ету жолындағы батыл қадамдар туралы Президент пайымы сұхбатпен өрілген. Елдің биік белестерді бағындырып, әлемді мойындатқан тұсы Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етудің жай-күйі жайында айтылады.
Қорыта айтқанда, бұл кітап – тәуелсіз Қазақстанның тереңнен толғаған бай шежіресі.
Ткач ПАВЕЛ, «Алия» еврей этномәдени бірлестігінің төрағасы.