ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТҮТІНІ ТҮЗУ

Шоқпартоғайлық ақын Аязбай Ерғалиев кезінде «Ауылда тудым, ауылға кетіп барамын» деп жырлап еді. Расында да, жайлаудың төрінде өскен, оның жусаны мен жуасына елтіген ұл туған жерін сағынбай тұра ала ма? Кезінде ауыл адамын қол-аяғын байлап қойсаң да қалада тұрғыза алмайтынсың. Ендеше, солардың ұрпақтары қалаға неге қашады?

 

Рас, экономикалық қиындықтарға душар болған сонау жылдары ауылдан қалаға көшу үрдісі кеңінен жүрді. «Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар» дегендей, сол кезде ауылдың ахуалы да нашарлап кеткен-ді. Жабайы жекешелендіру, елді мекендердің өркениеттен сырт қалуы, әсіресе,  ауыл жастарын орталыққа ұмтылуға бастады. Шындығында, клубы мен спорт залы жоқ, жарығы мен газы жанбайтын, жолы салынбаған, суы жүрмейтін жерде жастар тұрушы ма еді? Ұл-қызының соңынан үдере көшкендер туған жерімен қимай қоштасқан.

Ал, қазір ше? Кейбір ауылдардың сәні мен салтанаты қаладан кем емес. Экономикамыз қалыптасып, өндірісіміз өрге көтерілген соң елді мекендерге де қарайласатын оңтайлы уақыт туды. Тіпті, сайып келгенде, қазір ауылды көтеруге бағытталған бағдарламалар қалаға қарағанда көбірек те тәрізді. Тақтайдай тегіс тас жолдар салынуда, таза ауыз су мен табиғи газ жеткізілуде, теледидар сайрап тұр, байланыс қалпына келтірілген. Бүгінде ауыл жастары компьютердің құлағында еркін ойнайды. Денсаулық сақтау мен білім беру, спорт пен мәдениет нысандары тұрғызылды. Соның бәрі жастарды ауылда тұрақтандырудың алғышарттары емес пе? Ендеше,  іс басындағы азаматтардың қолдағы барды тиімді жұмсап, әр шараның қайтарымдылығын қадағалағаны жөн.

Қазір мемлекет тарапынан ауыл жастарына қолдау бар. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына орай оқуын бітіріп, елді мекендерге бет алғандарға қаржылай көмегін де, баспанасын да беріп жатыр. Міне, осы мүмкіндікті пайдаланып, ауыл мамандарын қалыптастыру қажет. Бүгінде мал дәрігерінің тапшылығы сезіледі. Кей жерде оның қызметін әлдеқашан зейнеткерлікке шыққандар атқарып жүр. Ендеше, солардың ізбасарлары неге жоқ? Әке таяғын қолға ұстайтын ұлдар қайда? Атакәсіп ұмыт қалып, төрт түліктен қол үземіз бе? Осыны ойлау керек.

Урбанизация – өте қауіпті құбылыс. Адам туған жерінен текке кетпейді. Жағдайы жоқтығынан, ұрпағының қамын ойлағандықтан көшеді. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары атажұртты тастап, көз көрмеген, құлақ естімеген жерге үдере көшкендер күллі елдің болашағына қатер төндірді. Соның салдарынан мемлекеттің тұтастығына қауіп келеді. Қазір Иран мен Ирактан, Сирия мен Иеменнен, Ауғанстаннан қашқандар Еуропаны кезіп жүр. Діттеген жеріне жете алмай, жолда қаза тапқандары да бар. Түркия жағалауында өлім құшқан үш жасар сәбидің тағдыры естіген жанның жүрегін дір еткізді. Соның бәрі – өз елдеріндегі мазасыздықтың салдары. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң қираған Еуропада 50 миллиондай адам босып жүріпті.

Ал, бізде Елбасының салиқалы саясатының нәтижесінде баянды бейбітшілік орнап отырған жоқ па? Ауылда да, қалада да әр ұлт өкілдері қоңсы қонып, қатар ғұмыр кешуде. Біреу-біреуге  тізе батырып жатқан жоқ. Соны да дұрыс түсінген жөн. Ашық аспанымызды аялап, бейбіт күнімізді бағалайық.

Жақында Елбасы Ақмола облысында болды. Сол сапарында айтқан сөздері жадымызда жаңғырып тұр. Құдайға шүкір, ішер асымыз, киер киіміміз, мінер көлігіміз өзімізден табылады. Жаратқанның берген мол байлығы халқымызды аш-жалаңаш етпейді. Ал, қазіргі әлемдік қиындықтар – өтпелі нәрсе. Біздің ұрпақ бұдан да қиын кезді басынан кешкен. Сонда да елін тастап, ешқайда кетпеген. Бүгінде бізде көрші республикалардан келген талай адам нәпақасын тауып жүр. Егер өздерінде бәрі жақсы болса, отбасын тастап, шұбырып мұнда келіп несі бар? Соны да ойланған жөн.

Ауылда жастар атқаратын ұшан-теңіз шаруа бар. Олар құлағын ұстайтын талай іс күтіп тұр. Бүгінгі ауыл тұрмысы – ертеңге өлшем емес. Елбасы айтқанындай, мол қайтарым беретін жетілген технология керек. Ал, соны өмірге енгізетін – бүгінгі білімді мамандар. Ендеше, ауыл балаларының туған жерге қайтқандары абзал.

Тіпті, шұбырып қалаға келгенде алдарынан салқын үйімен, салулы төсегімен күтіп тұрған да ешкім жоқ. Қазіргі кәсіпорындардың автоматты жабдықтармен жарақтандырылғаны соншалық, көп адам күшін де қажет етпейді. Сонда онсыз  да  көп жұмыссыздар қатарын толықтырғаннан не ұтады?

Билік тізгініндегі азаматтарға айтар базына да бар. Кеңестік кездің тәуір істерін жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, бұрын шопандар тойы ұйымдастырылатын. Озат малбегілері марапатталып, бәйге аттары жарысатын, балуандар күресетін. Бұл – ауыл еңбеккерлерін моральдық тұрғыдан қолдау үлгісі. Неге ұмыттық соны? Осындай әдіс те мамандарды ауылға тұрақтандыруға септігін тигізеді.

Қазір атақты ақын-жазушыларымыз да, ғұлама ғалымдарымыз да, депутаттарымыз да өздерінің ауылда туғандарын жыр етіп айтатын болыпты. Ал, солар ауылына жылына бір-ақ рет ат ізін сала ма екен? Көшіп келмегенімен, жерлестерімен жүздесуге неге уақыт таппайды? Ауылдан түлеген кәсіпкерлер туған жеріне нендей көмегін көрсетуде? Отбасы жағдайы нашарлау бір баланы оқытып берсе қайтеді? Сонда ауылдың бір маманының қатары өспей ме? Айта берсе, әңгіме көп.

Бүркіт БАЗАРБАЕВ,

                                                                                       ақын,

                  Жылыой ауданы.    

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз