Амантай Берғалиев: «Сахна сыртынан қол соғамын»

Sahna syirtyinan Мәдениет

Сахна сыртынан 2

– Дендердің кішкентай ауылынан шыққан жасөспірімді Алматыға жетелеген қандай арман?

– Бала күнімнен менде үлкен амбиция болған екен. Ауылдың жатаған үйінде, шаң басқан көшесінде жүріп, «Мен көпқабатты үйде тұрамын. Үлкен қалаға барамын. Халық әртісі боламын» деген сөздерді жиі айтатын көрінемін. Өзімнің кішкентай әлемім болатын. Онда мен өзімді шулы, алып қаланың тұрғыны ретінде елестетінмін. Мектеп бітіру емтиханының алдында облыс орталығында «Алло, мы ищем таланты» деген байқауға жастарды шақырып жатырғанын естідім. Сосын төрт емтиханды бір күнде тапсырып, аттестатымды алмастан қалаға келдім. Байқауда үлкені, кішісі бар үміткерлердің арасынан он жеті баланы таңдап алып, пойызбен Алматыға алып кетті. Олардың арасында Сембек Жұмағалиев, марқұм Зәмзәм Дәуітов  бар еді. Сол Алматыда республикалық байқауға қатыстық. Сембектер эстрада-цирк студиясына кетті. Мен Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрының вокалдық хор студиясына қабылдандым.

– Сіз әйгілі «Отырар сазы» оркестрінің алғашқы директорысыз. Айтулы талант, тірі күнінің өзінде аңызға айналған қазақтың Нұрғисасымен тіл табысу оңайға соқпаған шығар…

– Мен Нұрағам туралы таңның атысы, күннің батысы талмай сөйлей беруге бармын… Өнерге алғаш келгенде опера театрында хор әртісі болғанмын. Роза Рымбаева, Сембек Жұмағалиевтардың аты шыға бастаған кез. Бәріміз жатақханада бірге тұрдық. Сол кезде маған бір ой келді. Орташа әнші болып жүргеннен гөрі, «осы талантты әншілердің өнерінің өркендеуіне неге ат салыспасқа, сахнаға неге қызмет етпеске» деген ой келді. Бірақ, сол сәтте қалған өмірімнің таңдауын жасап тұрғаным туралы білгенім жоқ. Сөйтіп, Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясының бас әкімгері болып қызметке орналастым. Бір күні маған «Отырар сазы» оркестріне әкімгер болып баруға ұсыныс түсті. Ол кезде әйгілі ұжымда бұл штат болған жоқ. Басында бұл ойымды білгендер «Сен Тілендиевпен жұмыс істей алмайсың, өте кірпияз, қыңыр кісі. Сенің де мінезің оңып тұрған жоқ» десті.

Бардым. Сонда бір жылға жуық жұмыс істегеннен кейін Нұрағам мәдениет министрі Еркінбек Жексенбековке барып, арнайы «Отырар сазы» оркестрінің директоры деген штат ашқызды. Ол кезде директорды ұжым сайлайтын. Сөйтіп, мен тарихта оркестрдің бірінші директоры атандым. Бес жылдай қызмет атқардым. Одан соң «Қазақконцерт», Роза Рымбаева, «Дос-Мұқасан» ансамбльдерінің директоры, мемлекеттік қуыршақ театры директорының орынбасары қызметтерін атқардым.

Бірақ, менің бүкіл ғұмырымды қарап отырсам, азамат, тұлға болып қалыптасуыма, осы күнге абыроймен жетуіме қазақтың Нұрғисасымен, даңқты оркестрмен тағдырлас болған кезең тікелей әсер еткен екен. Мен Нұрағамның ұжымға, өнер адамына деген шексіз қамқорлығын үйрендім. Ол оркестрдің алпыс адамы тамақтанбай дастарханға отырмайтын. Олардың ішер асын, жатар орнын тексеріп, көңілі толмай, не өзі жатпайтын, не мені жатқызбайтын. Транспорт болсын, концерт беретін зал болсын, оның климатын, жайлылығын қатаң бақылайтын.

Сахна сыртынан 3

– Өмір жолы тақтайдай тегіс болуы мүмкін емес. Шығармашылық дағдарыс, материалды мұқтаждық әлде пенде ретінде соққы көрген сәттер дегендей…Қиын кезеңім деп нені еске аласыз?

– Мен – бақытты адаммын. Егер «бақытты адам қандай?» деген сұрақ қойылса, мен өзімді көрсетер едім. Мен қиындық көрдім деп айта алмаймын. Жастық шағым серілікпен өтті. Дос, замандастармен шалқып өткізген, есепсіз өткізген уақытым да көп. Мен айтар едім, мүмкін, менің отбасым сезінген шығар қиындықты. Әрине, материалдық тұрғыда біз мұқтаждық көрген емеспіз. Мен жанұяма, жарыма, балаларыма тиісті мөлшерде уақыт бөле алмаған шығармын. Бала тәрбиесімен айналыса алмаған шығармын. Бірақ, Аллаға шүкір, жұбайым  сол олқылықтың орнын толтырды. Батыстан келіп, шығыстың аруын жолықтырдым. Он сегіз жасымда отау құрдым. Бүкіл өміріме серік болып, жоғымды жасырып, барымды асырған, сері, салқам шақтарымда ұлдарыма мені жоқтатпаған нағыз қазақтың ақылды әйелі бола білді.

Жалпы, ер-азаматтың бағы да, соры да әйелден ғой. Менің азамат ретінде қиындықты сезінбей, жасымай жүргеніме жарым Рәмзияның өлшеусіз үлесі бар. Екі ұлымыз бар. Екеуі де жоғары білімді азамат, жақсы мекемелерде қызмет атқарады. Алты немерем бар. Мен оларды жанымдай жақсы көремін. Немерелерімнің қылығын таңнан-таңға ұрып талмай айта беруге бармын.

– Соңғы жылдары Атырау өнеріне қызмет етіп жүрсіз. Бұл жасы ұлғайғанда туған жерге тартатын күштің әсері ме, әлде елге қызмет істеуге жетелеген патриоттық сезім бе?

– Ол рас. Адам есейген кезінде туған жеріне тартылатыны бар. Бүкіл ғұмырым Алматыда өткенімен, Атырау десе, елеңдеп тұратынмын. Жалпы, кең байтақ Қазақстанды бөліп-жарып қарауға болмайды. Бірақ, тегіңе, топырағыңа жетелейтін белгісіз күш болады. Елдің баласын көрсең, көмектесіп жібергің кеп тұрады. 2015 жылы «Индер ауданының Құрметті азаматы» атағын берді. Менің өмірімдегі ең үлкен марапат елдің осы махаббаты шығар деп ойлаймын. Бұл оқиға менің мектеп бітіргеніме қырық жол толған күнмен сәйкес келді де, осы мерекеге Нұрғали Нүсіпжанов ағамызды алып келдім. Елді араладық.

Осы кезеңнің алдында да облыстың мәдениет басшылары тарапынан өңірге келіп тәжірибеммен бөлісуге ұсыныстар айтылған болатын. Отбасы жағдайыма байланысты келісім бере алмай жүргенмін. 2016 жылы Атырау облыстық халық шығармашылығы орталығына басшы болып келдім. Он бір ай бойы уақытпен санаспай, жаныма орынбасарымды ертіп алып жұмыс жасадым. Үлкен шараларды жаңа форматта, басқаша көзқараспен атқарып жүрдік. Мұның бәрі облыс басшылығының мәдениетке, руханиятқа деген үлкен қамқорлығының арқасында жүзеге асты. Мұндай қолдауды сезінген соң, бар тәжірибеңмен армансыз бөлісесің. Содан соң отбасымды сағынып, рұқсат сұрап, Алматыға қайтып кеттім. Екі айдан соң қайта шақырту алып, Д.Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі қызметіне орналастым. Осы кезеңде мен облыс басшылығының еңбегімді ескеруінің, мәдениет басқармасының ұсынысымен, елдің алғысының нәтижесінде өмірімдегі үлкен атақ – «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болдым.

Сахна сыртынан

– Қазақ қоғамын қанша ғасырдан етектен тартқан жершілдік, рушылдық қасиеттерінен зардап шеккен кезіңіз болды ма? «Биографиясы келіссе де, географиясы келіспеген» жағдайлардың бар екені өтірік емес қой.

– Қазақта «Өзі жақсы адамға, бір кісілік орын бар» деген сөз бар. Мен аса көп ашық шеттету көрген жоқпын. Жас кезімде өзім елемедім.Ол кезде анау-мынауға мән бермейсің. Есейе келе өзімнің толыққанымды, тәжірибемді анық сезінген тұстарда кейбір әділетсіздіктерді ұғына бастадым. Тиесілі мансабыңа байланысты, пендешілік болса да армандарың орындалар тұста кедергілерге тап болған сәттер болды. Бірақ, мен тумысымнан оптимистпін деп айттым ғой. Ешкімге, еш нәрсеге қарамай еңбек еттім. «Битке өкпелеп, тоныңды отқа жаққаннан» ешкім де пайда көрген емес.

 – Жан-дүниелері күрделі келетін өнердің біраз тұлғасымен араласып келдіңіз. Ішінде жаныңызға жақыны кім?

– Мен қазақтың Нұрғисасының жанында ешкім емес шығармын. Бірақ, ол мен үшін бәрі болатын. Қазір де солай. Қиналсам да, қуансам да Нұрағамның басына барамын. Зәбір шексем, мұңымды айтамын, шаттансам, сүйінші сұраймын. Тау алыстаған сайын биіктей береді. Оны мен қазір сезініп жүрмін. Нұрғиса Тілендиев енді тумайды. Оны бәрі біледі.

– Өзіңізді бақытты адам санайсыз… Дегенмен, пендеміз ғой… Көкірек түкпіріңізде бір өкініш, бір арман жатқан шығар…

– Индердің Жарсуатында дүниеге келдім. Бала кеудемде бір сағыныш па, мұң ба, бір түсініксіз нәрсе болатын. Өйткені, мен өз анам туралы 26 жасымда ғана білгенмін. Мені нағашыларым тәрбиеледі. Қырқымнан шықпай жатып асырап алған нағашыларымның шексіз мейірімі мен махаббатына шомылып өстім. «Мамамның баласымын» дейтінмін өзімді. Ол менің нағашы әжем Иба Ағжанқызы еді. Бүкіл адамдық бейнемдегі жақсылық пен адалдық тұрғысынан нағашыларыма үлкен қарыздармын.Туған анам Сақыпты мен әпкем деп ойлап келдім. Өзім келбет жағынан ол кісіге қатты ұқсаймын. Өзім үйленгеннен кейін ғана мұны естідім.

Мен жетімдік көрген жоқпын. Олай десем, менің нағашы әжемнің аруағы риза болмас…Бірақ, өзім азамат болғанда, соңғы кезде ғана өз анамды тиісінше құрметтей алдым ба деген ойлар мазалайды. Бір шүкірлік етерім, менің жарым Рәмзияны шешем қатты жақсы көрді. Ғұмыры аздау болатынын сезді ме, Рәмзияға «Амантайдың бабын тап, өзі тентек, еркелеу ғой» деп аманаттапты. Әйелім сол аманатты орындап келе жатыр. Менің осындай дәрежеге жеткенімді көре алмай кетті-ау деп ойлаймын. Жақсылық көрсете алмадым-ау деп ойлаймын. Және осы өкініш жылдар өткен сайын тереңдеп барады.

Сахна сыртынан 1

– Асқаралы алпысыңызға келіп жеттіңіз. Достарыңыз көп пе? Уақытпен сыналғаны қанша?

– Дос-жолдас менде әуелден көп. Солардың арасында жылдармен, жағдаяттармен сыналған Жағыпар Болатұлы деген азаматпен өмір бойы бірге келеміз. Атыраудың белгілі азаматы Оразғали Төлеуғалиұлы Қаршегеновпен, қазақ жігітінің эталоны қандай десе, қаймықпай көрсететін, атақты академик Чазовтың шәкірті, медицина ғылымдарының докторы, Шымкенттегі кардиологиялық орталықтың директоры Спандияр Бекжігітовпен риясыз адал достығымды мақтан ете аламын.

– Сіз үшін байлық деген не?

– Еліне керек адам – ең бай адам. Өйткені, біреудің кәдесіне жараудан, алғысын алудан өткен байлық та, бақыт та жоқ деп білемін. Екінші өмірге таңдау берілер болса, бәрібір қазақ өнеріне сахна сыртынан қол соғуды таңдар едім.

Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз