
Көп тіл білу — жаңа мүмкіндіктер бастауы
Атырау облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен халықаралық ана тілі күніне орай «ӨНЕР FEST» атты ұлт өкілдерінің өнер фестивалі өтті.

Атырау облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы басшысының міндетін атқарушы Лаура Ғазизова айтып өткеніндей, мұндағы мақсат әлем халықтары тілдерінің өзіндік даралық ерекшелігін, қарым-қатынастық, мәдени қолданысы мен ықпалын қалыпты ұстау, көптілділік ахуалды сақтау, ұлт өкілдері арасында сүйіспеншілік, тілге деген қызығушылық, достық пен өзара түсіністікке, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге атсалысуға шақыру екен.

Шара қатысушылары бірінші «Кім тез?» бөлімінде Әлемде қанша тіл бар? (шамамен 7000 тіл), қазақ тілі қай тілдер тобына жатады? (түркі тілдес халықтар тіліне), Көп тілді білетін адам кім? (полиглот), ресми тілі жоқ мемлекет? (Америка Құрама Штаттары), ағылшын тіліндегі ең ескі сөз (town – қала), әліпбиіндегі әріптер саны ең көп тіл? (кхмерс тілі – 72 әріп, Комбоджа мемлекеті), әліпбиіндегі әріптер саны ең аз тіл? (ротокас тілі – 11 әріп, Жаңа Гвенея мемлекеті), бір-біріне өте жақын адамдар сөйлейтін тіл (криптофазия)деген сияқты бірнеше сұраққа мүдірмей жауап берулері қажет болды.

Ал, екінші «Ойлан, тап!» бөлімінде сайыскерлер кезекпен таңдау жасап, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде берілген мақал-мәтелдердің жалғасын тапты. «Әлем тілдескенде, жүрек үндеседі» аталатын тапсырмада өз тілдерінде құттықтауларын, ізгі лебіздерін жеткізуге тырысты.
Ұйымдастырушылар шараның келесі бөлімін «Әлем таныған Абай» деп атап, «қазақтың бас ақыны» Абайға арнапты. Айта кетелік, кемеңгер тұла, ұлы ақынның шығармалары әлемнің 30-дан астам тіліне аударылған болатын. «Мемлекеттік тілді оқыту» курсының қатысушылары Абайдың аудармасындағы «Евгений Онегин» романынан үзінді оқыса, «Ағылшын тілін оқыту» курсының тыңдаушылары 3 тілде Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін шырқады. Ал, «Жұлдызды сәтте» фестиваль қатысушылары кері байланыс орнатып, бүгінгі шарадан алған әсерлерімен бөлісті.
Шара соңында «бағы мен бабы келіскендер» оқ бойы оза шауып, жүлделі орындарға ие болды.
Рита ӨТЕУҒАЛИ