КӨП БОЛЫП КҮРЕСЕР ІНДЕТ
Шынымен де, бүгінгі күні бұл дертпен күрес қаншалықты кеңейтілген түрде жүргізіліп жатса да, түбегейлі жою мүмкін емес болып отыр. Атырау темір жол көлігіндегі мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы бойынша айтар болсақ, ағымдағы жылдың тоғыз айында сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық жасаған тұлғалар тіркелмеді. Дегенмен, қол қусырып отырмай, жемқорлықпен күресте жұмыстар жалғасуда. Атап айтқанда, мекемеде жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтардың белгілерін жою мақсатында 2011-2015 жылдарға арналған тәжірибелік шаралар жоспары жасақталған болатын. Қазіргі кезде сол жоспарға сәйкес мамандардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруда оқыту сабақтары өткізіліп, қызметкерлердің салық органдарына кірістері туралы декларацияны уақытында тапсырулары үнемі бақылауда ұсталады.
Басқармада жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік қызмет көрсету, яғни қандай ма құжаттарды қабылдау және беру «Бір терезе» қағидасына орай жүргізіледі. Ағымдағы жылы 118 заңды және 16 жеке тұлғадан, барлығы 134 өтініш келіп түсті. Мұның бәрі уақытында қаралып, мерзіміне сай қанағаттандырылды.
Әр мемлекеттік орган және лауазымды тұлға өз кезегінде сыбайлас жемқорлыққа апаратын әрекеттерден аулақ болып, онымен күресуі керек. Бұл туралы Қазақстан Республикасы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңның 6-бабында міндеттелген. Бұны әр азамат өз қызметінде жіті орындап, заң талаптарына сай жұмыс жасауы қажет деп түсінеміз. Әрі қоғамда осы ретте қатаң тәртіп те керек сияқты.
Игорь ШИН,
Атырау бөлімшелік
темір жол көлігіндегі мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық
қадағалау басқармасының басшысы.