Конфедерация кубогы – атыраулықтарда!

48361929 744139542622886 6594533914885226496 n Қоғам

Алматы қаласындағы «Балуан Шолақ» спорт сарайында  спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері Конфедерациясы кубогы сарапқа салынды. Қазақ күресі, дзюдо, еркін күрес, таэквондо, бокс, грек-рим күресі  бойынша өткен жартылай финалдық  және ақтық кездесулер өз мәресіне жетті.

48361929_744139542622886_6594533914885226496_n

Жүлде қоры 145 миллион теңгені құраған биылғы сайысқа қараша айында өткен аймақтық іріктеу  кезеңінде өз тобынан суырылып шыққан атыраулық дзюдошылар да қатысты. Рашид Құлбаев пен Мейіржан Есмағамбетов сынды жаттықтырушылар бастаған спортшылар жуырда өткен ел  біріншілігінде командалық бәсекеде алтыннан алқа тағынып, облыс мерейін көтеріп тастаған  еді. Жеңістің тәтті дәмін алған жерлестеріміз бұл додадағы  жартылай сында Батыс Қазақстан облысының  дзюдошыларымен белдесті. Сөйтіп, оларды 4:2 есебімен жеңіп, ақтық сынға жолдама алды. Екінші жартылай финалда Қарағанды облысы Қызылорда құрама командасын 4:3 есебімен ұтты.

Құрамында атағы жер жарған Ислам Бозбаев, Жансай Сұмағұлов сынды ұлттық құраманың белді спортшылары бар қарағандылық команда финалда атыраулықтармен кездесті. Жерлестеріміз тартысты бәсекеде  намысты қолдан бермей, 4:2 есебімен жеңіске жетіп, түңғыш рет Конфедерация Кубогін иеленді. Құрамында Ақжол Қайыпхан, Назгүл Құбашева, Сайда Қапсалықова, Эльмира Самиғоллаева, Ержан Теміржанов, Наурызбек Майлашев, Сұңғат Закарияев, Арман Қалиев секілді саңлақтарымыз өнер көрсеткен Атырау командасы жеңімпаз ретінде  25 миллион теңгенің сертификатына ие болды.

Мұратбек ТӨЛЕГЕНҰЛЫ

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз