КӨНЕ ҒИМАРАТ КӘДЕГЕ АССА…
— Хат иесі айтып отырған ғимарат Махамбет аудандық көп бейінді ауыл шаруашылығы колледжінің балансына кіреді. Біз оны бұрын «Бүлдіршін» балабақшасының меншігіне өткізбекші болған едік. Алайда, нысанның биіктігі талапқа сай келмеді. Егер хат иесі селолық округ әкімдігіне немесе 8 (7123) 62-55-21 телефон нөміріне хабарласып, өз ұсыныстарымен бөліссе, біз көмектесуге дайынбыз. Өйткені, нысанның бос тұрғанынан ешкімге де пайда жоқ. Керісінше, оның көлік жөндеу орталығы, не болмаса, өндірістік оқыту базасы ретінде жергілікті халыққа қызмет еткені дұрыс емес пе? — дейді округ әкімі.
Бірақ, бұл жерде мәселенің екінші қыры да бар. Кез келген ғимаратты жекешелендіру аукцион арқылы жүзеге асатыны белгілі. Ал, әзірге бұл ғимараттың техникалық құжаты жоқ. Бұл шаруамен қазір қалалық құрылыс бөлімі айналысуда. Округ әкімі Алмажай Айсағалиқызы бұл мәселе де тек хат иесімен ғана бірігіп шешілетінін жеткізді.
P.S. Айта кету керек, аталған колледж базасында техниканы диагностикадан өткізуге де, толық жөндеуге де мүмкіндік мол. Хат иесі Ғайнеден Шұғайыпов та осы оқу орнында шебер болып қызмет етеді. Әрине, егер мәселе оңды шешімін тауып жатса, шебердің өз кәсібін ашуына еш кедергі жоқ.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.