Жарнама
Қоғам

КОМАНДАМЕН «КӨШІП-ҚОНУ» АЗАЙДЫ

Орталықсыздандыру – бүгінгі қоғамдағы басты мәселелердің бірі. Елбасының ерекше бақылауында тұрған жағдай турасында ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Ғабидолла Әбдірахымов айтып берді.
Биыл ел тарихында алғаш рет ауыл әкімдерінің сайлауы өтті. «Жергілікті халықпен талқыланғаннан кейін мәслихаттар жеті мың үміткерден 2457 әкімді төрт жылға сайлады, бұл 7,5 миллион қазақстандықтарды қамтитын елді мекендер. Осылайша, халықпен тікелей жұмыс істейтін және негізінен жергілікті проблемаларды шешетін барлық әкімдер сайлаудан өтті» деді әкімшілік басшысының орынбасары.
Баспасөз мәслихаты қонағының пікірінше, тұрғындар жиынына бүгінде үлкен маңыз беріліп отыр. Жергілікті өзін-өзі басқару мүмкіндіктерін кеңейту аясында жергілікті тұрғындар ауылдың табыстары мен шығыстарына қатысу, жиындар мен жиналыстарда ауыл әкімінің жұмысын бақылау құқығына ие болды.
Ал, басты жаңалық, биылдан бастап Президенттің Жарлығына сай әкімдердің халық алдында есеп беру тәртібі өзгертілді. Бұрын әкімдер жылына бір рет есеп беретін болса, қазіргі уақытта Астана және Алматы қалаларының, облыс әкімдері жылына бір рет, аудан әкімдері — 2 рет, ал ауыл әкімдері 4 рет есеп береді. Ауыл әкімдерінің тоқсан сайынғы есептері ауыл тұрғындарының проблемаларын жедел шешу мақсатында енгізілді.
Баспасөз мәслихатында мемлекеттік қызметшілердің «А» корпусына қатысты көбірек айтылды. Бұл туралы Елбасы да жуырдағы жиында ««А» корпусы — ерекше элита емес, ол халыққа қызмет ететін әрі мемлекетке берілген, оның мүддесін қорғайтын адамдар» деген болатын. ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Ғабидолла Әбдірахымовтың пікірінше, «А» корпусы мемлекеттiк қызметкерлерiн iрiктеу барысында қойылатын бiлiктiлiк талаптары өзгередi.
— Iрiктеу ережелерiнде өзге-рiстер болады. Шамамен 15 өзгерту дайындалды, оның басым бөлiгi үмiткерлерге қойылатын бiлiктiлiк талаптарына қатысты. Бiз лауазымды қызметтерге жеке көзқараспен қарайтын болдық. Жауапты хатшы, комитет төрағасы сынды басшылық қызметтерi бар, Премьер-министр кеңсесiнiң бөлiм жетекшiсi, ҚР Президентi Әкiмшiлiгiнiң сектор меңгерушiсi сынды талдамалық жұмысты талап ететiн лауазымдар бар. Сондықтан қызметтiң ерекшелiктерiне сай, бiлiктiлiк талаптарына қатысты ережелердi өзгертетiн боламыз, — деді Ғ. Әбдiрахымов.
Ал, мемлекеттiк қызметкер-лердi «А» корпусына iрiктеудiң екiншi кезеңi 2013 жылдың соңында жарияланады. Естігеніміз, мемлекет басшысы тиiстi тапсырмалар берген, Жарлықтар дайындалып жатыр. Олар жақын арада бекiтiліп, қарашаның соңына дейiн қол қойылуы тиiс. Соның негiзiнде басшылық «А» корпусына қабылдау жөнiнде байқау жарияланады. Бұл жыл соңына дейiн жасалып, келесi жылдың басында үмiткерлер алғашқы кезеңнен өте бастайды деп жоспарлануда.
Баспасөз мәслихатында ҚР Мемлекеттiк қызмет iстерi агенттiгiнiң басшысы Әлихан Бәйменов мемлекеттiк қызметте «командалық көшiп-қону» 40-50 есе азайғанына тоқталды.
— Конкурстардың рөлiн арттыру үшiн Президенттiң тапсырмасы бойынша, ауысым тәртiбiмен тағайындау, командалық деп аталатын көшiп-қонуды азайту жаңа заңнамамен жүзеге аса бастады. Нәтижесiнде, егер былтырғы жылы тоқсан сайын 3,5 мың адам бiр мемлекеттiк органнан екiншi мемлекеттiк органға ауысыммен тағайындалып жүрсе, жаңа заң күшiне енгеннен кейiн орта есеппен тоқсанда 70-80 адам тағайындалатын болды. Бұл — 40-50 есе азайды деген сөз, — деді Ә.Бәйменов.
Оның әңгімесіне қарағанда, былтыр барлық 20 мың тағайындаудың iшiнде 70 пайызы ауысым тәртiбiмен жүзеге асырылған. Биыл заң күшiне енгеннен бергi екi тоқсанда ауысыммен тағайындалғандардың үлесi 20 пайыздан аз болып отыр.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button