ҚОЛДАН ЖАСАЛҒАН ҚАСІРЕТ НЕМЕСЕ МҰСТАФА ШОҚАЙДЫ МАЗАЛАҒАН МӘСЕЛЕ
Осы жылдары көшпенді халқымыздың төрт миллионнан астамы ұлтымызға қарсы жасалған геноцидтің тікелей құрбанына айналды. Ықтимал табиғи өсімді есепке алғанда, еліміз бұл кезеңде 10 миллионнан астам адамынан айырылған екен.
Ел тарихындағы ең қаралы кезеңдердің бірі, ұлы жұт аталған 1931-1933 жылдардағы аштық туралы мәліметтер 80-ші жылдардың ортасында бүкілодақтық, республикалық мерзімді баспасөз беттерінде жарық көре бастады. Тарихшы ғалымдар мұрағат қорларындағы құпия құжаттарды іздеп, зерттеп, саралап, көпшілік қауымға кеңестік әміршілдік-әкімшілдік жүйе кезіндегі ашаршылық туралы деректерді жариялай бастады. Зұлмат жылдарды батыс зерттеушісі Беккер «Қазақтардың бірнеше ұрпақтарының есінде жазылмайтын жара болып ұжымдастыру және оның салдарынан болған 1931-1933 жылдардағы ашаршылық туралы естелік қалды» деп жазды.
Өкінішке орай, кеңес қоғамындағы өзгерістер өткен ғасырдың 20-30 жылдары қалыптасқан әкімшілдік-әміршілдік жүйенің қыспағымен халықтың белгілі бір бөлігін құрбан ету арқылы іске асырылып отырды. Бұл, әсіресе жер мәселесінде, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру негізіндегі қайта құру саясатында айқын көрінді. Сол себепті де ХХ ғасырдың 30-шы жылдарындағы тарихи оқиғаларды мұрағат құжаттары арқылы зерделеу бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отыр. Аштық туралы есептер мен статистикалық деректер, қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ зиялыларының еңбектері, корреспонденциялары, кімдермен қарым-қатынаста болғандығы туралы материалдар бұрынғы Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетіне түскен екен. Кейін құжаттар қайтарылмай, ашаршылық, қуғын-сүргін тарихына қатысты көптеген құжаттар мен материалдар түрлі ведомостволардың қоймаларында қалды. Сондай-ақ, құжаттардың басым бөлігі Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті, Бас Прокуратура, Ішкі істер министрлігі мұрағаттарында сақтаулы. Украин тарихшысы Л.Протасова Украинадағы 30-шы жылдардағы ашаршылыққа кінәлілердің аты аталып, жария болғандығын, Голодомордың халықаралық дәрежеде мойындалғанын мәлімдеген болатын. Бұл мәселе біз де күн тәртібінде өткір күйінде қалып отыр деген пікірдеміз. Ашаршылық ақиқатына жаңаша көзқарас ел тарихы үшін, болашақ ұрпақ үшін де керек екендігі көзі ашық, көкірегі ояу көпшілік қауымға белгілі.
Ерекше назар аударарлығы,
Қазақстандағы ашаршылық жылдары құрбан болғандардың нақты саны күні бүгінге дейін бір ізге түспей келеді. Мәселен, «Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында» аштық құрбандары туралы 1926, 1937 жылдардағы халық санағында олқылықтар жіберілгендігі, соның салдарынан ашаршылықтағы адам шығынын дәл анықтауға кедергі келтіріліп, әртүрлі пікірлердің өрістеуіне себеп болғандығы әділ атап өтіледі. Және 1931-1933 жылдардағы аштық құрбандары 2 млн. 200 мың адамнан асып түсті деген де дерек келтіріледі. Баспасөз беттерінде 2,5 млн. («Алтын Орда» газеті 9 ақпан, 2012), 3 млн. («Алтын Орда» газеті, 2012), 3 млн. 250 мың («Айқын» газеті), 7 сәуір, 2012), 2 млн. 300 мың («Егемен Қазақстан», 25 сәуір, 2012,) 2,7 млн. («Айқын» газеті, 4 мамыр, 2012) адам деген мәліметтер ара-кідік жарық көріп жүр. Өкініштісі сол, аштық нәубеті құрбандарының саны бұл мәселе терең зерттеліп, сараланған сайын көбеймесе, азаймай тұр.
Кеңес Үкіметінің жүргіз-
ген саясатының нәтижесінде мыңдаған жылдар бойы көшіп-қонып жүрген, жеке мал шаруашылығымен айналысқан халқымыздың тұрмысына күрделі бетбұрыс жасалды. Сол саясаттың бірі көшпелі халықтарды отырықшылыққа айналдыру, ол үшін әлділерді тәркілеу ісі еді. Әлді шаруашылықтарды тәркілеу осылайша халықты жаппай ашаршылыққа алып келді. 1928 жылдың 27 тамызында Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесінің «Ірі байлар шаруашылығы мен жартылай феодалдарды шаруашылығын конфискациялау мен жер аудару» декреті қабылданды. Бұл декрет бойынша байлар мен жартылай феодалдардың мал-мүлкі, байлығы тәркіленіп, өздері отбасымен бірге жер аууы керек болды. Конфискациялау туралы заң бойынша малы, дүние-мүлкі тәркіленіп, өзі жер аударылуға тиісті ірі байлар мен жартылай феодалдардың қатарына көшпелі аудандарда малы 400-ден асатын, жартылай көшпелі аудандарда 300-ден асатын, отырықшы жерлерде 150, кейде 100 малы бар сұлтандар мен хандардың ұрпақтары, ел билеген болыстар, атқамінерлер жатқызылды. Осы декрет негізінде сол жылдың күзінде қазақ өлкесінде 696 ірі бай, жартылай феодалдардың мал-мүлкі тәркіленіп, зорлықпен тартып алынды. Байларды тәркілеу үлкен зұлымдықпен аяусыз жүргізілді. Бір өкініштісі, солақай саясаттың нәтижесінде байлардың қатарына көптеген орта шаруалар да қосылып кетіп, тәркілеуге ұшырады. Алайда, байлардың алдымен жерін, одан соңы малы мен ауыл шаруашылық құрал-жабдықтарын тартып алу тиісті нәтиже бермеді, керісінше кедей шаруашылықтарын нығайту ісі ұзаққа созылып кетті. Байлардың дүние-мүлкін тәркілеу барысында көптеген жағдайларда адам құқы мен заңдылықтың өрескел бұзылуына жол берілді.
Қазақ өлкесіндегі ашаршылық туралы көрнекті қоғам, мемлекет қайраткерлері Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасов, Н.Нұрмақов, С.Қожанов, Қ.Мырзағалиев, О.Исаев Мәскеуге ресми хаттар жолдады. БК(б)П Орталық Комитетінің Бас хатшысы И.В.Сталинге РКФСР үкіметі төрағасының орынбасары қызметіндегі Т.Рысқұловтың және Қазақ өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Ф.И.Голощекинге М.Ғатаулин, М.Дәулетқалиев (жерлесіміз), Е.Алтынбеков, Қ.Қуанышов, Ғ.Мүсірепов хаттарында («Бесеудің хаты») қазақтардың аштан қырылуы мен атакүлдіктен үдере шет ел асуының басты себептері, әлеуметтік-экономикалық, демографиялық шығынды айғақтайтын нақты мәліметтер берілген еді. Алайда, Ф.И.Голощекиннің Орталық Комитетке жазған мәлімдемесінде «қазақтардың коллективті шаруашылыққа өтудің ерекше қиын және күрделі жағдайында тіршілік етуге қабілетсіздігінде… Бұл қожалықтар өздерінің мал басын жойып, бір бөлігін мемлекеттік дайындауларға өткізіп, бір бөлігін жыртқыштықпен жоюда» деп жазды. Оның осындай озбыр да, теріс саясаты туралы, яғни қазақ елінде қолдан жасалған ашаршылық туралы шет елдерге алғаш дабыл қаққандардың бірі – Мұстафа Шоқай еді. Оның қазақтардың 1917 жылдан бастап перманентті түрде ашаршылыққа ұшыратылуына арналған еңбектерінің орны ерекше.
Сондай-ақ, Шоқайдың
1921 жылдың 26 қарашасында «Последние новости» газетінде жарық көрген «Қазақ жеріндегі ашаршылық» атты мақаласын ерекше атап өтуге болады. Онда автор «1918 жылы бүкіл жаз бойы және 1918-1919 жылдың қысында Торғай, Орал және Закаспий облыстарындағы қазақтардың ортасында болып, Кеңес өкіметінің озбырлықтарын өз көзіммен көрдім, ашаршылықтың түпкі себебі – «қоғамдастыру», «тәркілеу» мен қазақ шаруаларының малдарын Қызыл Армияның пайдасына тартып алу» деп жағдай туралы ашық жазған. Және де сөзінің тағы бір дәлелі ретінде «Қазақтардың Ленинге хаты» деген құжатты келтіреді. Онда «қазақтарды індет кезінде және адам төзгісіз санитарлық жағдайда медициналық көмектен қағу – қисынсыз. Тіпті, бойымызға ілер киіміміз де жоқ, сондықтан әйелдеріміз сыртқа шығудан қалды. Ашаршылықтың жайлағаны сондай, адамдар иттің етін жеуге, балаларын сатуға дейін барды» делінеді.
Осылайша, Мұстафа Шо-
қай қазақтардың қырғынға ұшырауын большевиктер мен орыс қоныстанушыларының іс-әрекеттерінің салдары деп қарастырған. Ерекше атап өтерлігі, М.Шоқай өз мақалаларында отаршылдықтың түпкі мақсаты қазақтардың жерін тартып алып, оларды шөл далаға ығыстырып тастау, соның салдары ретінде ашаршылыққа душар ету деп атап көрсетіп отырған. Сондай-ақ, ол ұжымдастыру барысында жаппай қырғынға ұшыраған қазақ халқының мүшкіл жағдайы туралы Лондонда тұратын танысы А.Байкаловқа да хат жазады. Өзге де орыс эмиграциясының жетекшілеріне, шетел қайраткерлеріне хабарлайды, бірнеше мақала жариялайды.
1934 жылы 15 шілдеде А.Байкалов М.Шоқайға хатын алғаны және онда көтерілген мәселелер бойынша біраз әрекеттер жасағаны туралы былай деп жауап жазыпты: «Ашаршылық туралы мәліметіңіз үшін үлкен рахмет, мен оларды тиісті орындарға тапсырдым. Бұл мағлұматтар «Социальная лестница» журналының соңғы санында басылған хат-хабарларда, сондай-ақ «Обсервер» газетінің бүгінгі санындағы жанама тілшілерінің хатында толығымен расталды» (Мұстафа Шоқай. Эпистолярлық мұрасы. 2 томдық. –Алматы: «СаГа» баспасы, 2006. 1-том. 270 бет). Мұстафа ашаршылық туралы әлем жұртшылығы білуінің маңыздылығына, большевиктердің оны Еуропа жұртшылығынан жасыруға барлық шараларды қолданып жатқанына тоқталады. Ол бұл нәубет жалғыз қазақтарды ғана емес, өзге ұлттарды да қамтып отыр деген пікірде болды. М.Шоқай 30-жылдардағы ашаршылық нәубетінің ең алдымен қазақтардың басына төнгендігін айтып, оны төңкеріске дейін қазақтардың жан басына шаққанда қанша малы болғаны, енді қанша малының қалғаны туралы статистикалық деректермен дәлелдейді.
Қазақ халқы «Ақтабан шұбырындыдан» кейін мұндай жойқын нәубетке ұшырап көрмеген болатын және 1933-1934 жылдары Қазақстандағы ашаршылық зұлматы жөнінде шет елдердегі «Нью-Йорк Таймс», «Манчестр Гардиан», «Дейли Телеграф», «Нью-Иорк Геральд Трибюн», «Фигаро», «Стампо», «Матэн», «Нойе Цюрихер Цайтунг», «Газетт де Лозанн» сияқты басылымдарда жазылды. Сол жылдардағы қайғылы тәжірибені қоғамдық санамыз меңгермейінше және қазақстандық қоғамның да уақыт талабына сай жаңаруға, нақты модернизацияға беттеуі қиын болса керек. Ол үшін ұлттық элита, күллі қоғам баршаға ортақ азаматтық сезімді түйсінер болса, сол түйсікпен тарих алдындағы жауапкершілікті бір кісідей сезінсе – діттеген модернизацияның сәтті жүрері сөзсіз деген тұжырымға келуге болады. Қазақ ұлтына қарсы жасалған осынау нәубет әлі күнге саяси бағасын алған жоқ. Сондықтан да, шынайы бағаның берілуі тарих алдындағы адалдық болмақ.
Аққали АХМЕТ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік
университетінің
проректоры,
тарих ғылымдарының докторы, доцент.