Жарнама
Қоғам

ҚОЛАРБАҒА ҚҰНДАҚТАЛҒАН ҚҰСАЙЫН

— Қайран Құсайыным-ай, қыраным-ай, бар екенсің ғой. Еліңді қорғап, немістің оғына екі аяғыңды байлаған ерім-ай! Ау, халқым, мұны біліп қойыңдар, бұған тағзым етіңдер. Мен ендігі сөзімді өлеңмен жеткіземін, мұның өмірі – ешқашан аяқталмайтын дастан! Ақиық ақын толғана тұрып жыр жолдарын төккен-ді.

Сен құрметте оны,

түсіндің бе, қарағым!

Кеше елге қатер төнгенде,

ол жауға қарсы шапты.

Бізді жалмамақ болған тажалды,

ол кеудесімен қақты.

Ол арыстанша алысты,

өлім соққысын өз үстіне алды.

Денесін оқ пәршелесе де,

ол намысын қорғап қалды.

Сен құрметте оны,

түсіндің бе, қарағым!

Сенің келешегің үшін

берді ол азаттық жолында аяғын!

Абыз ақын толғана тоқталған-ды. Екі аяғы тізеден төмен жоқ жаужүрек жауынгер Өтешқалиев Құсайынның майданда көрсеткен жанқиярлық ерлік істері, қайсарлық пен қажымас күреске толы өмір хикаяттарына арналған «Ешқашан аяқталмайтын дастан» жазбалары осылай басталып, өзінің майдандас «қанды көйлек» жолдасы болған Құсайынның ерлігі Әбу ақынның бірқатар шығармаларының басты тақырыбына айналды. Міне, енді ол туындылар кейінгі ұрпақтың қолына жетер мұрағат көзіне айналып отыр.

Ақиық ақын Әбу Сәрсенбаев соғысқа қатыса жүріп, майдандық газеттердің тілшісі болды, талай-талай жаужүрек жауынгерлерді көзімен көріп, қойын дәптерін ерлік шежіресіне толтырды. Соларының бір көрінісіндей, «Жауынгер монологы» кітабын жазды. Сонда айтады ол: «Біз кеудесіне Алтын Жұлдыз» таққандарды ғана Батыр деп танимыз. Ал, Алтын Жұлдызы жоқ Бауыржан Момышұлы сияқты батырларымыз қаншама! Солардың бірі – Отанын қорғау жолында екі аяғын кесіп берген Құсайындай қырандарымыздың кезінде көзге түспей қалғандары да жетіп артылады» дейді өзі майдан оқиғаларының куәгері болған абыз ақын. «Көзге түспесе, көңілге де жетпейтіні ақиқат» сияқтанады. Құрманғазы ауданының орталығы Ганюшкин селосы мен басқа да елді мекендерде Ұлы Отан соғысына қатысқан отызға жуық ардагерлердің есімдері берілген көшелер бар. Жұлдызсыз батыр Құсайын Өтешқалиев пен Халық қаһарманы батыр қыз Хиуаз Доспанова бұл топқа әзірге қосылған жоқ, ойландыратын жай болса керек.

«Жұлдызсыз батырдың» өмірдерегінен қысқаша мағлұмат берсек дедік.

Құсайын Өтешқалиев Астрахан облысының Зеленга (қазіргі Володар) ауданында Сахма селосында 1915 жылдың 24 қазанында ағаш шебері, балташы Өтешқалидың отбасында өмірге келді. Ол 1941 жылы 12 қыркүйекте 26 жасқа қараған шағында әскер қатарына алынды. 1147-мотоатқыштар полкында кіші сержант шенінде барлаушы міндетін атқарды, топ басқарды. Батыл барлаушының 14 неміс солдатын тұтқындап, біреуін тірі әкелгені құжаттарында жазылған. 1942 жылдың 18 маусымында осы атқыштар полкының құрамында басқыншылармен қиян-кескі шайқаста жүріп, жеңіл жарақат алады. 1942 жылдың қыркүйегінде Сталинград маңындағы жойқын соғыста бұған дейін тағы да жиырмалаған «тіл» әкеліп батыл барлаушы атанған Құсайын тұңғыш рет госпитальға түсті. Артынша жорық жолдары жалғаса берді. Майдан тарихында «Мелетополь операциясы» болып аталған күндізді түнге ұластырған жойқын шабуылда 1943 жылы 13 ақпанда ауыр жараланып, қос аяғынан айырылды. 1945 жылы елге оралды. Осылай 34 жыл бойына қоларбаға құндақталған тіршілікте ғұмыр кешкен қайсар барлаушы Құсайын Өтешқалиұлы 62 жасында 1977 жылдың 22 желтоқсанында бақи дүниеге аттанды. Енді туғанына 100 жыл толғанда батыр барлаушының есімі жерлестерімен қайта табысқандай көрініс жасалуда.

2014 жылдың қараша айында еңгезердей ірі денелі бір жігіт үйіме іздеп келіп сәлемдесті. Анық танымай аңтарылып қалсам керек.

— Аға, мен екі аяғы жоқ жарымжан жауынгер атанған Өтешқалиев Құсайынның баласымын. Атым – Мағзом, бірақ бертін келе Максим аталдым, — деп таныстырды өзін. Есіме сап ете түсті. Осы жазбаның басында қоларбаға құндақталған Құсайынды Әбу Сәрсенбаевтың балаша құшақтап, көзіне жас алғаны айтылды ғой. Сонда әкесінің қасында бәйек болып жүгіретін «қара баласы» болған-ды. Аты жадымда қалыпты. Мағзом онда он бір жаста еді, енді 60 жасқа келген арыстай азамат Максим болып келіп тұр, «Ой-хой, зырқырап өтіп жатырған өмір-ай!» деп осындайда ойланып қаласың.

Максимнің қолында бір құшақ қағаздары бар: әкесінің жарақаты, емделу жағдайы туралы госпитальдардың берген анықтамалары, Бас қолбасшының Алғыс хаттары, марапаттарының куәліктері мен көшірме суреттері, Әбудің кітаптары мен мақалалар жазылған газеттер, Құсайын Өтешқалиевқа өзі тұрған ММС ауылынан (бұл елді мекеннің бұрынғы атауы – «Қырықүйлі») бір көшеге атын беруге тұрғындар ұсыныс жасаған жиынның хаттамасы, ауылдастарының бір-екі естелігі, Әбу Сәрсенбаевтың Құсайынға жазған хаттары, басқа да құжаттар екен, әкесінің түрлі-түрлі көлемдегі суреттері де жеткілікті болды.

— Әкеміздің бар ғұмыры ерлік пен өрліктің, қайсарлық пен төзімділіктің ерекше қуаттылығы жағдайында, тынымсыз күреспен өтті ғой, — дейді Максим. Екі аяғы кесілгеннен кейін өткен 34 жыл өмірі қиындық пен қорлыққа толы болды. Жасыратын несі бар, аға. Өздігінен дәретке отыра алмаса, далаға шығатын, керек нәрсесін барып алатын жағдайы болмаса, жүріп-тұрып дене қозғалысын жасайтын мүмкіндік табылмаса, осылардың барлығы еңгезердей азаматқа қорлық емес пе? Қанша шыдамды, төзімді болғанымен жүйкесіне де әсер етті. Денедегі қан айналысы басынан башпайына дейін барып, одан кері жоғарылауы керек көрінеді ғой. Ал, әкеміздің бойындағы қан тізеге дейін барып тұрып қалады. Денсаулыққа мұның да әсері бар сияқты. Өмірінің соңғы тұсында әкеміз екі шекесін қос қолдап қысып, қатты шыңғыра айқайлайтын болғанын көрдік. Кейде түнімен ұйықтай алмай тұрып отырады екен. Анамыз марқұмның жас балаша мәпелеп бағып-күтуінің арқасында әкеміз пайғамбар жасына дейін ғұмыр кешті. Жас болғанымызбен көре қалдық – әкемізді жас балаша шомылдырып, жуындыратын, үсті-басын сипап, уқалап массаж жасайтын. Киімдері таза, тамағы дәмді болатын. Мұның бәрі Нағиманың қызметі болатын.

 Максим Құсайынұлы осындай толғанысты сыр қозғайды. Айтуға тұрарлық ұлағат. Жаралы, жарымжан жауынгердің адал жары, отбасындағы қамқоршысы, құрсақ көтеріп шаңырақтың жарылқаушысы болған марқұм Нағима Меңдешқызы ананың бүгінгі жастарға өнеге-өсиет қыларлық бекзаттық болмыстағы іс-қимылы ерекше көріністе болған екен. Құсайын сынды атпал азаматын алақанында аялап күте жүріп, құрсақ көтеруден тартынбаған асыл ананы қалай дәріптесе де әбден жарасымды сыры бар. Құсайын мен Нағима 1940 жылы отау құрады. Жас келін ол кезде 18 жаста екен (1922 жылы туған). 1941 жылы өмірге тұңғыштары Мұқаметжан келді. Майданнан оралғанда Құсайынның өңірінде «Қызыл Жұлдыз», «Ұлы Отан соғысы» ордендері мен «Ерлігі үшін», «Севастопольді қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдары жарқырап тұрды. Асыл жары Нағима Меңдешқызының аялы алақаны, алаулы махаббаты жаралы жауынгерді жалынды құшақта тербеткендей жасартып, өмірге құштарлығын қуаттандырды. Атақты ағаш шебері Өтешқалидың қарашаңырағында Мұқаметжаннан кейінгі Ахметжан, Ақжан, Жұмажан, Мағзом (Максим), Айжан, Зинахан, Гүлнар, Есімжан аталатын ұл-қыздар өмірге келді. Осы тоғыз перзентіне қоса, қоларбаға құндақталған батыр барлаушыны 34 жыл бойына алақанда аялап бағып-күткенін жоғарыда атадық. Бұл аздай, Құсайынның анасы Нәсіп (1881 жылы туған) әжені де әбден кәрілік құшағында бақи дүниеге аттанғанға дейін өз қолында тәрбиелепті. Нағима Меңдешқызының осындай зор адамгершілігін, аналық махаббатын, қазақ әйелдеріне тән рухани қуаттылығын ауылдастары әлі күнге таңдай қағып сүйсіне әңгімелейтінін білдік.

… Өтешқали мен Нәсіп әженің отбасында 13 перзент көрінгенімен, шетінен шетінеп кете беріпті. «Өліп-өліп, өлім сарқыты» болған Құсайын да – екі аяғынан айырылған жарымжан. Өтешқали ақсақал қоныс аударып, шаңырақ жаңғыртуды жөн санайды.

Сөйтіп, оның отбасы 1947 жылы Сахмадан Шора өзенінің бойындағы Зормата қонысына жұрт аударады, осындағы Молотов атындағы ұжымшарда еңбекке араласады. Бірақ, ұжымшарлар ірілендіріліп, көшу-қону басталғанда, Құсайынның қалауымен бұлар Қиғаш өзенінің жағасына ірге жайған МРС (машина-жөндеу стансасы) аталған ауылға көшіп келеді. Бұл елді мекен ол кезде «Қырық үйлі» аталатын. Балық-шабағы өте мол, өндірісі, ұжымшары бар берекелі Қиғаш бойына сонау Нарыннан үдере жұрт аударушылар көп болады. Сондықтан, одан-бұдан бастары қосылғандардың ауылын «Қырық үйлі» атаған екен. Кейін өндірістік қызметіне орай ММС (машина-мелиоративтік станса) аталып кеткен, қазірде де осылай делінеді. Құсайын шаңырағы 65 жылдан бері осы қоныста үлкен әулеттің берекелі бәйтерегіне айналып отыр, мұның 28 жылында «Жұлдызсыз батыр» Құсайын Өтешқалиев ғұмыр кешті. Ендеше, оның есімі ауылдастары ортасында мәңгі аталуға тиісті ақиқат бар. Тұрғындар оның атына бір көше берілуін сұрайды. Бұл мәселе кезінде газет бетінде де қозғалғанын жоғарыда атадық.

Одан кейін де тұрғындар жиыны тілек білдіріпті. Бұл басқосу 2014 жылғы 19 ақпанда болған, оған 127 тұрғын қатысқан. Жиынның төрағасы Кудряшов ауылдық округінің әкімі Сақтапберген Ертілеуовтің өзі болған екен, Ғ.Спанов, К.Қалекеева, А.Жармұхамбетов, Ғ.Қыдырсиықов сияқты ауылдастар, Құсайынды көзі көрген ардагерлер сөз сөйлеп, ұсыныс-тілектің бірауыздан мақұлданғаны жазылған хаттама бар. Әзірге «Жұлдызсыз батырдың» есімі ауызға алынбай жатыр. Бірақ, Құсайынның ұрпақтары алға үлкен үмітпен қарайды. Олар Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында туғанына 100 жыл толатын жаужүрек жауынгер Өтешқалиев Құсайынның бір ғасырлық мерейтойын аудандық деңгейде атап өтуге дайындық үстінде.

Мүмкін жастарға патриоттық тәрбие беруде ерекше үлгі-ұлағаты танылатын осы салтанатты жиында «Жұлдызсыз батыр» есімі жазылған тақтайша бір көшенің бойында көрініс тауып қалар деген үмітпен тоқталдық.

 

Рахмет ИМАНҒАЛИЕВ,

тыл ардагері, Қазақстанның

еңбек сіңірген қызметкері,

Құрманғазы ауданы.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button