ҚОҚЫС ІШІНДЕ… СӘБИ ЖАТЫР
Енді, міне, тап осындай оқиға араға бір ай салып, Астанада тағы қайталанды. Телеарналар сәуірдің он бірі күні жаңа туған шақалақтың даладан табылғанын хабарлап жатты. Тура бір күнделікті өмір салтындай, араға үш күн салып осындай оқиға тағы қайталанды. Бұл жолы жаңа туған сәбиді емес, екі жасқа толған бүлдіршінін Шымкентте анасы мешітке тастап кеткен. Өкініштісі сол, қағынан жерініп, сәбиінен құтылуға асыққан аналардың мұндай оқиғалары жетіп артылады. Қайта алматылық зейнеткер тауып алған шақалақтың көрер жарығы бар екен. Безбүйрек аналардың кесірінен ит-құсқа жем болып, не қыстың қытымыр суығына үсіп, өліп жатқан бейкүнә бөбектер қаншама?
Мұндай оқиғалардан біздің Атырау да мақұрым емес екен. Атырау облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз-хатшысы Гүлнәзира Мұхтаровадан білгеніміздей, соңғы екі жылда облыс орталығында мұндай екі оқиға тіркеліпті. «Бірі «Насиха» сауда орталығы маңында болды. Көп қабатты үйлердің жертөлесінен жаңа туған сәби табылды. Кейін оның анасы да анықталды. Жас қыз сәбиді өзін тастап кеткен жігітіне қалдыруды жөн деп тауып, баланы оның үйінің маңына әдейі әкеліп тастаған екен. Сот арқылы баланың әкесі сол жігіт екендігі дәлелденіп, сәбиді әкесі асырап алды.
Тағы бір тастанды сәби кейін Алмагүл ықшамауданындағы қоқыс жәшіктерінің бірінен де табылды. Өкініштісі сол, оның анасы анықталмаған күйі қалды. Биылдыққа, беті әрмен, мұндай оқиғалар тіркелген жоқ» дейді ол.
Осы тақырыпқа байланысты талқы форумында «Қазақ ру» халықаралық қазақ сервері елімізде жылына он мың баланың тастандыға айналатынын айтыпты. Бұл аз болғандай, күні кеше ғаламторда әлеуметтік желілердің бірінде «Чайлдфри» деген қоғамдастық пайда болды. Онда баласыз өмір сүруді насихаттайтын жұптар тіркелген. «Баласыз да өмірді мәнді етіп өткізуге болады» дейтін жанұялық жұптардың жазбасын көргенде не дерімізді білмей қалдық. Масқара!
Сонда қайтпек керек? Тастандылар неге көбейіп барады? Психолог Мөлдір Әлімжанова тастандылардың көбеюін түрлі себептермен байланыстырады. «Бірінші себеп – әйелдің күйеуін жек көруі. Бұл жағдайда әйел өшін баласынан алады, барлық бақытсыздыққа баласы кінәлі деп санайды. Екінші себеп, ішімдікке жақындық болса, әлеуметтік жағдайдың төмендігі де көп жағдайда бейкүнә сәбидің қоқыс жәшігінен табылуына әкеліп соғып жатады. Тағы бір назар аударарлығы, баланы туған бойда өлтіре салу, я болмаса «тірі тауарды» қара базарда сата салу сияқты қылмыстар көбіне студент қыздардың арасында жиі кездеседі» дейді ол. Міне, осылайша кезінде ойнақтап жүріп от басқан сылқымдар «жоспарсыз» баладан тез арада арылуға тырысып, «анамнан ұят», «әкемнен қорқамын», «тұрмыс құруым керек» деген аргументтермен өз-өздерін алдай береді. Сонда бәленің барлығына баланың кінәлі болғаны ма? Енді қайтпек керек?
Өркениетті елдер бұл проблеманы былай шешеді екен деп кейде бір жолдарды ұсынып жататынымыз бар ғой. Тастанды балаларды мейлінше ажалдан арашалап қалу мақсатында Литва мемлекеті ана болуды қаламайтын әйелдердің өз балаларын қалдырып кетуіне арналған арнайы орын ашып қойыпты. Бұл орын «Өмір терезесі» деп аталады екен. Туа сала тастандыға айналған бейкүнә бүлдіршіндерді қабылдауға арналған мұндай мекемелер Еуропаның бірнеше мемлекеттерінде бар көрінеді. Франция, Германия, Швейцария, Австрия, Польша, Жапония, АҚШ сынды мемлекеттердегі мұндай «бэби-бокстар» еш дерегі көрсетілмеген сәбилерді тура есігінің алдынан қабылдап ала береді. Яғни, қағынан жерінгендерге кез келген сәтте баланы мекеменің шарбағында қалдырып, қоңырау басып кете беруге мүмкіндік жасап қойған. Бастысы сол, мұндай орындардың ашылуы – анасы жоқ, көшеде қалған балалардың өлімін азайтуға едәуір ықпал етіп отыр екен.
Мүмкін мұндай «бэби-бокстар» біздің елімізге де керек шығар? Әлеуметтік желілер арқылы осы сауалды ортаға тастағанымызда пікірлер екіге жарылды. Мәселен, Антивирус атты қолданушы «бейкүнә сәбилер қоқыс жәшігінде жатып өлгенше, осындай орындарда аман қалғаны дұрыс» деген пікірін білдірсе, Zhumka есімді қолданушы «қажет сияқты, көкек аналар сәбиді қоқыс жәшіктерінің қасында қалдырмай, одан да сондай жерге апарсын. Бір жағынан, мұндай мекемелер көбейсе, ана болуды қаламайтын әйелдер «қалдырып кететін жер бар ғой» деп тастандылар санын алаңсыз көбейте беретін сияқты» деген ойын айтады. Гүлбағда Көбеева атты қолданушы «Бэби-бокстар» ұғымы тура мағынасын аударғанда «қорап ішіндегі бала» дегенді білдіреді. Алайда, мұндай арнайы орындар біздің елге қажет емес деп ойлаймын. Өйткені, біз қазір бұрынғы жылдармен салыстырғанда шетелге бала сату дерегін азайттық. Сонымен бірге, жетімдер үйінің де саны мейлінше төмендеді. Егер бізде көрсеткіштер жақсарса, неге біз баламызды «қорап ішінде» қалдыру керекпіз?» дейді. Иә, пікірлер сан алуан. Бірақ, қалай десек те, өмірге келмей жатып «жетім» атын жамылған бейкүнә сәбилеріміз қоқыс жәшігінде көз жұмып, дене мүшелері ит пен құсқа жем болып, көшеде сүйретіліп жатпауы тиіс.
Бір қызығы, баласын далаға тастап, ажал құштырған әйелдер үшін «Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексі» төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасын ғана қарастырған екен. Осы Кодекстің 97-бабында «анасының өзінің жаңа туған сәбиін туып жатқан кезінде, сол сияқты одан кейінгі кезеңде психикасын бұзатын жағдайда немесе есінің дұрыстығын жоққа шығармайтын психикасы бұзылуы жағдайында өлтіруі – төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады» делінген. Күні кеше ғана өзгерістер мен толықтырулар енгізілген бұл заңда дәл осы мәселе өзгеріссіз қалыпты. Оның қасында үйге ұрлыққа түсіп, мүлік тонағандар қылмыстың дәрежесіне байланысты айыппұл төлеуден бастап, үш жылға дейін бас бостандығы шектелуі, он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екен. Осындайда «баланың бұйым құрлы құны болмағаны ма?» деп те ойлайды екенсің.
Тастандыларды азайту үшін қайтпек керек? Парламент Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Жамбыл Ахметбеков ең алдымен жетімектерді асырап алғысы келетін өз еліміздің азаматтарына мейлінше кеңірек жағдай туғызу керек деп есептейді. «Алдымен, жанұялық үлгідегі үйлерді де көбейту керек. Екіншіден, жетім балаларды асырап алуға ниетті отбасыларға берілетін материалдық көмек қорын ұлғайту қажет. Бала асырап алудағы түрлі әкімшілік кедергілерді реттейтін де кез жетті. Үшіншіден, ойнақтап жүріп от басқандардың көбі – албырт жастар, яғни студенттер. Аяғы ауырлап қалған мұндай қыз балалар әрі қарай не істеуі керек? Олармен жұмыс қандай деңгейде болуы керек? Бізде осы мәселенің де нақты шешімін табатын кез жетті», — дейді депутат.
Осындайда баласын болашағына, бақытына, өмірінің жалғасына балаған қазағымыздың ұлттық тәрбиесі жолға қойылса, тастандылар тағдырын дәл бүгінгідей талқылап отырмас та едік-ау…
ТАҚЫРЫПҚА ОРАЙ…
Тастанды тағдырларға айналған мекен біздің Атырауымызда да бар. Бөбектерге өмір сыйлап отырған осындай мекендердің бірі – Орталық жүйке жүйесі зақымдалған балалар үшін арнаулы сәбилер үйі. Аталған үйдің бас дәрігері Гүлмира Рысмағамбетованың айтуынша, мұнда ойнап жүріп, от басқан аналардың балаларын қабылдайтын «Үміт» атты арнайы топ бар екен. «Дәл қазір мұнда алты бала бар. Біз түрлі себептермен сәбилі болып қалған қыз-келіншектердің бірінші баласын ғана қабылдаймыз. Мұнда бала үш жасқа дейін тәрбиеленеді. Ондағы мақсатымыз – анаға үш жылға дейін ойлануға мүмкіндік беру. Біз олардың сәбиімен жиі кездесіп тұруына жағдай жасаймыз. Осындайда кезінде өз қолымен әкеліп тастап кеткен баласын жетімдер үйіне беруге қимай, аналық мейірімі оянып, райынан қайтып жататындары кездеседі. Көп жағдайда балалар жетімдер үйіне тапсырылып кете барады» дейді ол.
БІЗДІҢ ДЕРЕК
Статистика агенттігінің дерегіне жүгінсек, елімізде жыл сайын 15-19 жастағы 10 мыңға жуық қыз баланың аяғы ауыр болады екен. 2008 жылы осы жастағы әр мың қыз баланың 31-і перзент көрген. Түсік жасатқан 6000 әйелдің 84-і 15 жасқа дейінгілер болса, олардың жартысы мұндай қадамға екінші рет барған. Медициналық тексеруден өткен әр 100 мың жеткіншектің 1466-сының гинекологиялық ауруға шалдыққаны анықталған.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.