КӨК ТУДЫҢ ЖЕЛБІРЕГЕНІ!..
Таэквондомен айналыса бастаған уақыттан бір айдан кейін жарыстың жеңімпазы атандым. Бұл менің алғашқы жеңісім болатын. Ал, халықаралық дода Тайландтың астанасы Бангкокта өткен Азия біріншілігінде топ жардым. Сол кездегі қуанышымды әлі күнге ұмытпаймын. Елімнің Әнұранын шырқатып, көк Туымыз биікте желбірегенде көзіме еріксіз жас келді.
Ал, Бейжің олимпиадасында қола жүлде алған сәтім өмірімдегі ең бақытты кезең деп білемін. Ел қоржынына төртжылдықтың басты додасы саналатын Олимпиаданың жүлдесін салу – кез келген спортшыға бұйыра бермейтін бақ. Соңғы кездері қазақстандық спортшылар үшін Жазғы олимпиада ойындары жемісті болып келеді. Осыдан үш жыл бұрын Лондонда өткен олимпиада да Ұлы Дала елі көк Туын он үш рет аспанға асқақтатты. Маңдай тердің арқасында жеті алтын медаль ел қоржынына түсті.
Мен әлемнің біраз елінде болдым, керемет деген мемлекеттердің астанасын, қалаларын араладым. Бірақ, оның ешқайсысы туған жеріңе, Отаныңа жетпейді екен.
«Егемендік маған не берді емес, мен егемендікке не беремін?» деп ар алдында ақталатын күн де туады. Тәуелсіздігіміздің баянды болуына, нығаюына атсалысатын – жастар. Егемен елдің ендігі тағдыры – жастардың қолында. Көк байрағымызды көк аспанда желбіретіп, мәңгілік биік ұстау – біздің еншіміздегі іс. Менің қол жеткізе алмаған бір ғана арманым бар. Ол – Олимпиада чемпионы болу. Сондықтан, қазіргі шәкірттерімді өзімнің қолым жетпеген арманға ұмтылдырып, баптап жүрмін.
Арман ШЫЛМАНОВ,
Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері, таэквондодан Қазақстан құрама
командасының мемлекеттік жаттықтырушысы.
(Арнайы «Атырау» газеті үшін).