Жарнама
Қоғам

Көгілдір экранның арғы жағында

(Жалғасы)

«ОЛЖА» – көрермен көзайымы

Республика көлемінде тұңғыш рет 1992 жылы бас редактор Мұрат Дүмбаевтың ұйымдастыруымен «Олжа» ойын-сауық бағдарламасының тұсауы кесілді. Бағдарламаны қаладағы мәдениет сарайлары мен ауыл клубтарында жылжымалы телестанция арқылы түсіру оңай шаруа емес-ті. Бірақ басшылық пен бағдарламаны дайындаушы шығармашылық топ бұған тәуекелге барды. Сол жылдары Мәскеудегі Бүкілодақтық Телевизия және радио хабарларын тарату жөніндегі мемлекеттік комитет (ВГТРК) жанындағы кәсіби біліктілікті жетілдіру институтында бір жыл оқып, шеберлігін шыңдап келген тұңғыш кәсіби диктор, «Олжаны» жүргізген Жеміс Дияшева мен кәсіби телережиссер Ұлболсын Мүсірова елдегі қиындықты бір сәт ұмыттырып, жұртшылықтың көңілін көтеруге көп еңбектенді.

09e637b1 5846 4c0c 9cc3 7d9250cf5e09

«Олжадан» олжалы болу үшін билет сатып алушылар қатары көбейді, бағдарламаның аудиториясы кеңейді. Шығармашылық топтың табанды ізденісі және кәсіби шеберлігімен эфирге шыққан бағдарламаның шын мәнінде тәрбиелік мәні зор еді. «Олжаның» көптің қызығушылығын тудырғаны соншалық, оның ұтыс билеттерін ойнатудан олар тұрмысқа қажетті техникалар мен азық-түлік тауарларын ұтып алып, мәз-мейрам болатын. Кешікпей-ақ «Олжа» ойын-сауық отауы шын мәнінде көрермен көзайымына айналды. Оның тақырыбы да сан алуан, өлке тарихы, белгілі адамдар өмірі мен шығармашылық қызметі, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына қатысты өткізілген кештер мазмұндылығымен көрермен есінде қалды.

Жұрттың көкейіндегі түйткілді мәселелерге байланысты тікелей эфир хабарлары жиі ұйымдастырылып тұратын. Оларда әсіресе әлеуметтік мәселелер – денсаулық сақтау, білім беру, халыққа қызмет көрсету, жұмыспен, зейнетақымен қамту, жолаушы тасымалы, тұрғын үй құрылысы, елді мекендердің санитарлық тазалығы, ауыл шаруашылығының өзекті проблемалары, құқық қорғау органдарының жұмыстары да жиі көтерілетін. Тікелей эфир барысында студияға телефон арқылы қойылған көрермен сұрақтарына тиісті лауазым иелері жауап беру үшін облыс, қала басшыларын жылына екі-үш реттен студияға шақыру дағдылы іске айналды…

«Айтпаса, сөздің атасы өледі» атты хабарда біз халық көп шоғырланған жерге телекамера қойып, тұрғындарға ашық микрофон ұсыну арқылы көпшіліктің көкейіндегі ой-тілегін, ащы да болса шындықты бүкпесіз айтқан ұсыныстарын сол күйінде көгілдір экран арқылы жеткізуге жұмыстанып, жүзеге асырдық. 

Телеарнада 90-шы жылдары өзінің ерекше қолтаңбасын қалдырған әріптесім Исатай Балмағамбетов көрермендерге тақырыптық хабарлар ұсынуымен есте қалды. Оның «Көзіңде көл дірілдеді», «Заң және заман» хабарлары Ұлттық арнада көрсетілді.

Жаңалықтар редакциясындағы дискілі қара телефонда тыным болмайтын. Тұрғындарды ауыз су, жол қатынасы, жолаушы тасымалы, саудадағы келеңсіздіктер, коммуналдық қызметтегі ағаттықтар, елді мекендердегі санитарлық тазалық, әлеуметтік әділетсіздік, басқа да өзекті мәселелер жиі мазалайды. Көрерменді толғандырған мәселелер тиісті орындардың алдына қойылып, хабарда айтылған кемшіліктерді, орын алған олқылықтарды түзету шараларына орай лауазым иелерін студияға шақырып, көгілдір экран алдында ашық, бүкпесіз жауап беруді талап ету дағдылы іске айналды. Сол кезде басшылар бұдан кәдімгідей сескеніп тұрушы еді.

Қырымбаевтар қуанышы

Бірде халыққа күнде кешкілік аймақ жаңалықтарын жеткізетін «Тыныс» ақпарат бағдарламасына Сарыөзекте тұратын көп балалы ана Қырымбаевадан хат келді. Онда ардақты ана пәтерінің қыста суық, қабырғасы дымқылдан көгеріп, шиеттей балаларының жиі ауыратынын, атқарушы билік өкілдерінен көмек болмағандықтан облыстық телеарнаның араласып, көмектесуін өтініпті.

Шынында да, арыз артында қаншама адамның барын, олардың тағдырына бей-жай қарауға болмайтынын жақсы түсінген біз әлгі хаттың ізімен Сарыөзекке бардық. Түсіру тобымен ескірген бес қабатты үйдегі Қырымбаевтардың отбасында болдық. Шынында да үйдің сырты алқам-салқам, бәрі тозығы жеткен. Подъездің есік-терезесі қираған, жұртта қалған ауылдың үйін көз алдыңа әкеледі. Мән-жаймен танысып, осынау келеңсіз жайттарды бейнетаспаға түсірдік.

09e637b1 5846 4c0c 9cc3 7d9250cf5e09 1

Артынша бізге түскен арыз-шағымдар бойынша сол кездегі қала әкімі Нұрпейіс Мақашевты телестудияға шақырдым. Хабар барысында көп балалы отбасының төзгісіз тұрмысын бейнелейтін таспаны монитор арқылы көрсеттік. Шаһар басшысы бейнекөрсетілімнен отбасының мүшкіл халіне қаныққан соң бұл мәселеге мүмкіндігіне қарай көмектесуге уәде етті. Мақашев сөзінде тұрды. Араға екі ай уақыт салып, Сарыөзектегі Қырымбаевтар отбасы «Лесхоз» шағынауданында құрылысы аяқталған жаңа бес қабатты үйден төрт бөлмелі пәтер алып, қуанышқа кенелді. Мұндай мысалдарды қай журналистің өмірінен де кездестіруге болады. Бұл – солардың бірі ғана…

Ойыл ойран салғанда…

1993 жылдың 17 сәуіріндегі Ойыл өзенінің жойқын су тасқынынан Қызылқоға ауданының орталығы – Миялы ауылын су басып қалғаны туралы суыт хабарды дүйім жұртқа алғаш жеткізгендердің бірі болдық. Сол кездегі облыс әкімі Сағат Түгелбаев, облыс әкімінің орынбасары Кәдірғали Таңқиевпен бірге түсіру тобы да тікұшақпен жеткен еді. Облыс басшысы тұрғындармен кездесіп, апаттың ауқымымен танысып, мән-жайға қанықты. Ал біз тасқын апаттарын жою, зардап шеккен тұрғындарға азық-түлік, киім-кешекпен көмектесу, баспанасыз қалғандарға уақытша баспана бөлу, өзге өңірлерден киіз үйлер жеткізу, Миялыда жаңадан тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар құрылыстарын салу, құрылыс материалдарын жеткізу, жергілікті билік органдарының бұл жұмыстарды ұйымдастыру қарекеті жөнінде циклдік телехабарлар дайындадық, олар республикалық телеарнадан берілді.

Артынша аудан халқына гуманитарлық көмек есебінде 250 миллион сомның тамағы мен керек-жарақтары, Алматы, Қызылорда, Қостанай, Шымкенттен 240 киіз үй, 80 палатка, 18 вагон келіп жетті. Тіпті Біріккен Ұлттар ұйымынан, Швейцариядан жеткен жылы көрпе, ақ жайма, палаткалар мен құрылыс материалдарын миялылықтар ризашылықпен қабылдады.

Сол жылдың маусымында Алматыдан белгілі тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлы екеумізге Атырау мен Алматы арасында телекөпір ұйымдастырудың сәті түсті. Су тасқынынан зардап шеккен аймақтан дайындап әкелген «Жаңа Миялы: ілкі істер мен іркілістер» атты әрқайсысы 30 минуттан тұратын циклдік екі хабарымыз республикалық эфир арқылы көрсетілді. Үкімет пен бірқатар министрліктер басшыларының назарына ілінген бұл хабардан кейін, кешікпей Ресейдің Киров облысынан құрастырмалы үйлер, құрылыс материалдары Миялыға жөнелтілді.

Алматылық студенттерден жасақталған құрылыс отрядтары көмекке келді. Олар салқын түспей тұрып, баспанасыз қалған миялылықтарға тұрғын үй құрылысын салу жұмыстарын жеделдетуге септесті. Миялыда 74 мекеменің 800-ге тарта құрылысшысы еңбек майданында болды. Сол жылы Сағат Түгелбаев басқарған аймақ атқамінерлерінің қолдау-көмегімен және аудан әкімі Есенгелді Нұршаевтың табандылығы, ыждағаттық пен ұйымшылдықтың арқасында бес-алты айдың шамасында 300-ден астам үй салынып, Миялы адам танымастай өзгеріп шыға келді.

Қарашаның 19-ншы жұлдызында облыстық теледидардың түсіру тобы Қызылқоға өңіріне тағы сапар шекті. Жаңа Миялы мөлтекауданының құрылысы аяқталып, үй-жайсыз қалған тұрғындар қоныс тойын тойлау қуанышына ортақтасып, «Хабар» арнасына арнайы репортаж дайындалды…

Телеарнадағы оң істер

Телерадиокомпания төрағасы Айтқали Құмарғалиұлы кадрлардың үймен қамтылуын, басқа да әлеуметтік мәселелерінің шешілуін назардан тыс қалдырған жоқ. Облыс басшылығының шешімімен 1991 жылдың наурыз айында жан-жақтан келген 30-ға жуық телевизия мамандары – инженер-техниктер, журналистер мен режиссерлерге жаңа пәтерлердің кілті табыс етілді. Олардың дені жастар болғандықтан балаларын балабақшаға орналастыру, лагерьлерге демалдыруға жолдама тауып беру, азық-түлік, тұрмысқа қажетті техниканың қат мезгілі болғандықтан өзара келісім арқылы сауда ұйымдарымен келісіп, тұтынуына да ұйтқы болғанын ұмытқан жоқпыз.

Телеорталықта қызметкерлер тамақтанатын асхана жұмыс жасады. Мұның өзі күнделікті қауырт шаруамен, эфирлік хабарлар дайындаумен шапқылап жүретін мамандарға өте қолайлы еді. Әйтеуір, ыстық тамақ пен шәйімізді ішіп, уақытымызды үнемдеп, алаңсыз жұмыс жасайтындай жағдайға жеттік. Компанияның Құрманғазы ауданындағы қосалқы шаруашылығынан қызметкерлерге арзан бағасына ет, бақша өнімдері сатылды. Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалығына сайлағандықтан Индер ауданындағы Бөдене ауылынан іссапарлап, ескі таныстардың қолдауымен эфирге дайындалған хабарлар есебінен бартерге картоп, жуа әкеліп үлестірдік. Бұл азық-түлік бағасы ұшынып, ақша құнсызданған, әрі ел экономикасы тұралап тұрған қиын шақта қызметкерлер үшін едәуір демеу-тұғын.

Қазіргі облыстық телеарна – шығармашылық жағынан шыңдалған, көркемдік мазмұны өскен, жергілікті маман кадрлармен, әсіресе жас буын өкілдерімен толысқан, осы заманғы шетелдік телехабар түсіру, дайындау, монтаждау техника-жабдықтарымен жарақтанған іргелі ұжымдардың санатында.

Осы қызметте жүріп, түрлі тақырыптарда телехабарлар, іс басынан репортаждар дайындалды. Талай жайсаң жандармен, қазақтың бірқатар зиялыларымен сапарлас болуға да тура келді. Қазақтың тұңғыш мұнайшы-инженері Сафи Өтебаев, елдің заң ғылымының атасы, академик Салық Зиманов, Қазақстанның халық жазушысы, академик Зейнолла Қабдолов, Қорғаныс министрі, Халық қаһарманы Мұхтар Алтынбаев, белгілі сыншы-ғалым Серікқалиев, қоғам қайраткері Мұрат Әуезов, белгілі театр қайраткері Тұңғышбай Жаманқұловпен, басқа да танымал тұлғалармен сырласып, сұхбаттасудың сәті түсті.

Үш жылда – 350 бейнекөрсетілім

Араға тура он жыл салып, ойда жоқта көгілдір экранмен қайта қауышуға тура келді. 2011 жылы республикалық «Алтын Орда» газетінің бас редакторы Нұрлан Қабыловтың шақыртуымен экономика және экология бөлімнің редакторы қызметінде жүрген кезім.

Бірде «Қазақстан-Атырау» телеарнасының директоры Әлібек Татанов шақырды. Кабинетінде жалғыз екен.

– Біздегі тәжірибелі деген журналистердің біразы басқа жұмысқа ауысып кетті, еңбек демалысына шыққандары да бар. Біз аптасына бес рет шығатын «Әлеумет» хабарын жүргізетін қолайлы адам таппай, қиналып қалып жатырмыз, — деді амандық-саулық сұрасқан соң бірден шаруа жайына көшкен директор.

– Уақытша болса да көмектеспесеңіз болмас. Жарты сағаттан, аптасына үш рет қазақша, екі рет орыс тілінде шығатын хабарымыз ғой. Өзіңізді тәжірибелі тележурналист ретінде құрметтеймін. Сіздің тарапыңыздан қарсылық болмас деп ойлаймын, — деп мәселенің мәнін түсіндірді.

Сонымен аптасына үш реттен «Әлеумет» хабарын жүргізіп, студия қонағымен талай мәселелерді қозғап, үш ай бойына тұрақты хабар жүргізіп тұрдым…

…2012 жылдың қаңтарында Исатай аудандық «Нарын таңы» газетіне бас редакторлық лауазымына тағайындалғаннан бастап, маған «Қазақстан-Атырау» облыстық телеарнасының жаңалықтар қызметіне аудан тынысына қатысты жаңалықтар, елеулі оқиғалар мен кемшін тұстарынан бейнематериалдар дайындап, облыстық телеарнаға жіберіп тұру міндеті қоса жүктелді. Операторлық жұмысты ауданда бұрыннан атқарып келе жатқан Тұщықұдық ауылының азаматы Ержан Шеруенов екеуміз аудан экономикасы, өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы, әлеуметтік салалары, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт салаларынан талай репортаждар түсіріп, аптасына екі-үш реттен бейнекөрсетілімдер жіберіп тұрдық.

Шалғайдағы малшы ауылдың өмірі мен тұрмысы, мұнайлы өңірдің экологиясы, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту проблемалары да тілшілер қосынының назарынан тыс қалып көрген жоқ. Ауданда қызмет атқарған үш жылдай уақытта облыстық телеарна арқылы 350 бейнематериал дайындалып, көрерменге ұсыныппын. Облыстың ғасырлық тарихы бар бас газеті – «Атырауға» жұмысқа ауысқаннан кейін қаладағы, облыстың өзге өңіріндегі ірі лауазымда жүрген исатайлық таныс жігіттердің «Өзіңіз барда ауылымыздың бар жаңалығын көгілдір экраннан көріп, қуанып отырушы едік. Сіз «Атырау» газетіне ауысқалы Исатайдан берілетін жаңалықтар тым сиреп кетті» деген әңгімелерін біразға дейін естіп жүрдім. Демек Ержан екеуміздің мұндағы үш жылдық жұмысымыздың зая кетпегені-ау деп ойлайсың кейде!..

Бақытжан ЖҰМАТ,

телеарнаның 1990-2000 ж.ж. аға редакторы, бөлім меңгерушісі,

Қазақстанның Құрметті журналисі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button