Жарнама
Қоғам

КӨГЕРШІН АСЫРАҒАН АМАНГЕРЕЙ

 «Қызығушылығым бала  кезден басталған»

— Көгершін – кептердің қолға үйретілген түрі. Оны әкем ерекше жақсы көретін. Менің бұл құстарға қызығушылығыма сол жағдай себепші болған секілді. Көгершін – өте сезімтал, еске сақтау қабілеті жоғары құс. Бұлар басқа құстардан тұмсығының көлемімен, кекілінің ауқымдылығымен және табанының қауырсындалғандығымен ерекшеленеді. Жылтырбасты, мұр-нында кекілі бар, тұлымды және қос кекілді, ұзын, орташа және қысқа тұмсықты деген түрлері кездеседі. Қауырсындарының түсі де әртүрлі болып келеді. Әрбіреуіне еркелете баламалы атау қойғанмын, — дейді құстары туралы әңгімелеген Амангерей аға. 

Оның айтуынша, негізінде асыранды көгершіндердің әлемде 300, ал Қазақстанда 150-ден аса түрі бар. Амангерей аға бүгінде оның Ресей, Кавказдан алдырған тұқымдастарын асырап отыр.

 

Адалдықтың  иесі

Көгершіндердің көкте ұшқан сәтін «бой» деп атайды. Шынымен де, байқап қарасақ, құстардың ұшу тәртібі мен ерекшеліктері бар көрінді. Әдемі қалықтаған оларға еріксіз тамсанып қарайсың. 

 — Ұшу және қону кезінде, сондай-ақ, самғау кезінде көгершіндер басымен төңкеріліп, қанаттарын қатты қағады. Бұл құстардың ұшу сәтіндегі ойындары әдемілігі мен күрделілігі бойынша ерекше болып келеді. Соның ішіндегі ең кереметі – бағана ойыны. Яғни, көлбей ұшып бара жатқанда күрт жоғары қарай биіктікке көтеріліп, 10-15 рет аударылып-төңкеріледі. Кептер әуеде қалықтай ұшып, қайтадан жерге қонуға әрекет етуінің өзі бір сағатқа, кейде одан да ұзаққа созылады. Бағана болып ұшар алдында баспалдақтың  бұрыштарымен көтеріліп бара жатқандай аяқтарын созып, қозғалтатын көгершіндер де кездеседі. Мұның бәрі құсты жаттықтыруға байланысты. Жақсы жаттыққан көгершіндер әуеде бес-алты сағат ұшуы мүмкін, — дейді Амангерей аға.  

Көгершін – өте адал құс. Бір-біріне бауыр басатыны өз алдына, өзін күтіп, баптаған қожайынынан да айырылмайды екен. Кейбіреулері сатып алған адамына үйрене алмай, бұрынғы иесіне ұшып келетін көрінеді. Мұндай жағдайда сатып алушы көгершінді қор қылмай, қожайынына кері табыстап жататыны – өмірден алынған мысал.

«Бұл құсқа ерекше бауыр басқаным соншалық, мен оларды тіпті саудалап көрген емеспін. Былай қарасаңыз, туған күн, мерейтой немесе басқа да қуанышты жағдайларда «басыңа бақ қонсын» деген ізгі ниетпен кептерді сыйға тартсақ, қандай әдемі?! Алайда, айта кету керек, кез келген адамға кептерді сыйлай берудің жөні жоқ. Өйткені, дұрыс қарай алмаса, құс өліп қалады. Сондықтан, өз басым біреуге көгершіндерді сатпай, керісінше, оны асырауға ынта білдірген ағайын-туыс, достарыма шын пейіліммен сыйлаймын» дейді біздің кейіпкеріміз.

 

Ерекше  күтімді қажет  етеді

Амангерей ағаның айтуынша, құстарды тамақтандыруда өте абай болған жөн. Оларға тары, бидайдың ұнтағы, шемішке, жем, жүгеріні күнделікті беріп тұру керек. Жерден өзге жағымсыз бір нәрсе жеп қойса, көгершін өмір сүруін тоқтатуы мүмкін. Міндетті түрде қайнаған су беріп, әсіресе, көктем уақытында марганец ерітіндісінің аздаған мөлшерін суға араластырып береді. Ол ішкі құрылыстағы инфекцияны тазалайды.

 Негізінен, бір көгершін 10-15 жыл өмір сүреді. Көкте ұшқан олар ауа райы құбылған кезде ағаш бастарына немесе электр желісі сымдарына кезек жасап жайғасады. Ауа райы ашылған соң иелеріне ұшып келеді. Ал, қалың тұманды күндері кейбіреулері адасып кетуі әбден ықтимал. Сол себепті, құбылмалы ауа райында оларды тордан шығаруға болмайды.        

Тағы бір айта кетерлігі – олардың балапандайтын сәтіне ерекше ден қоюдың қажеттілігі. «Қыста көгершіндердің аналығы мен аталығын бөлек орындарға орналастырып, үш бөлмеге бөлемін. Олар тіпті бір-бірінің дауыстарын естімеуі керек. Ұзақ уақыт көріспеген кезде қатты сағынады. Бұл жағдай көгершіндердің жақсы жұмыртқалауы үшін жасалады. Егер оларды айырмаса, онда аналық көгершіндер жұмыртқалауды доғарады»,- деп түсіндірді Амангерей аға.

 «Сырымды  бөлісер досым»

«Мен өзімнің сырларымды көпке аша бермеймін, достарыммен де аса көп бөлісе қоймаймын. Ал, көгершіндеріме айтар ішкі сырым қалмайды. Бұл достықтың құпиясы олардың үнсіздігінде шығар. Құс бағу екінің бірінің қолынан келе бермейтініне өмірде көзім жетті. Көгершіннің нәзіктігін ұғыну үшін оларға жақын болу керек. Менің ең сенімді серігім, әрі досым – осы құстарым. Жұмыстан шаршап келгенімде көгершіндерге уақыт бөліп, олардың жанына барсам, бойымдағы бүкіл шаршаңқы көңіл-күйден арылып, ерекше серпіліп қалатыным бар» деген әуесқой көгершін өсіруші оларды бағып, мәпелеп өсіру оның иесіне байланысты екенін айтады. Олар көңіл-күйін ішкі түйсіктерімен терең сезеді екен.

«Ресейдің солтүстігінде көгершіннің  мүсінін жасап, оны отбасының бақытын сақтаушы ретінде қабылдаған. Ал, бізде бейбітшілік мерекесінде, мектеп бітіру кештері мен үйлену тойларында ақ тілектерін айтып, аспанға ақ көгершін ұшырып жатады. Себебі, бұл құстар – адамдардың тілеулес достары. Ал, оларды көбейтіп, бағу – табиғатқа, құстарға деген қамқорлық, жанашырлық» дейді ол. Табиғат қамқоршысы зейнет жасына шыққан соң сезімтал да, нәзік құстардың өзге тұқымдастарын өсіруді қолға алып, санын арттыруды ойлап отырғанын да айтты…

 

А.ҚҰРМАШЕВА.

Атырау қаласы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button