Кітап оқу да — өнер
Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжінде саясаттанушы, жазушы Бақытжан Бұқарбаймен «Аталар жолымен, ағалар ізімен» атты кездесу өтті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өткен шарада қаламгердің «Күміс кітап» туындысы талқыланды.
Мотивациялық кездесу мақсаты — студенттер арасында кітап оқырмандарын қалып-тастыру, кітап оқу үрдісін жолға қою.
– Қазіргі таңда заман өзгерді, уақытқа байланысты саясат та, өмір де қас-қағымда өзгеріп жатыр. Заман көшінен қалып қоймау үшін адам алдына мақсат қоюы керек. Ал, мақсатқа жетудің бірден-бір тәсілі — кітап оқу. Көп оқыған, білімді, сауатты жанның алдынан барлық есіктердің ашылатыны анық. Мәселен, жоғары білім алу да қаржылық жағдайға байланысты болып отырған бүгінгі қоғамда білімді болу үшін кітап оқыған дұрыс. Өйткені, кітап оқу үшін қаржының қажеті жоқ.
Мұны мен ойлап шығарған жоқпын. Кітап оқу — талай ғасырлардан бері келе жатқан үрдіс. Ол қолжетімді, тегін. Кітапты оқу үшін белгілі бір нұсқаулықтың қажеті жоқ. Ынта ғана керек. Сіздердің нағыз білімге ұмтылатын, кітап оқитын дер кезеңдеріңіз. Өйткені, жас ұлғайған сайын адам жұмысбасты болады, екіншіден, отбасын құрады. Жас шаңырақ иелері материалдық игілік үшін басын қатырып, балаларын асыру мақсатында табыс көзін іздейді. Сөйтіп, шаруабасты болып кетеді. Ал, студенттік шақта еш алаңдамай кітап оқып, білімін арттыруға мүмкіндік бар. Бос уақытта қолға түскен кітапты оқи беріңіздер. Кейін бір ізге түсіп, кітапты таңдап, талғап оқитын боласыздар,- деп кеңес берді саясаттанушы, жазушы Бақытжан Бұқарбай.
Қаламгердің 2016 жылы шыққан «Күміс кітап» атты шығармасы оқырмандар арасында кеңінен тарап, бір демде сатылып кеткен екен. Ол жастарды кітап оқуға тарту үшін күрделі, қиын тапсырмалармен балалардың басын қатырмау керектігін айтады. Бала көңіліне ұнамды, қысқа да нұсқа, қазіргі заманды бейнелейтін шығармаларды кеңінен жазу қажет екен. Студент-тердің сауалдарына жауап бере отырып, кітап оқудың интернеттен, көгілдір экраннан артықшылығын дәлелдеп шыққан кездесудің танымдылық әсері мол болды.
Гүлзада
НИЕТҚАЛИЕВА