КІСІЛІККЕ КІР ЖҰҚТЫРМАҒАН

Өмірде жазушы, ақын немесе қоғам қайраткері деген
атағы болмаса да адамгершілігі, кішіпейілділігімен танылған, кісілігіне кір жұқтырмаған азаматтар болады. Ондай адамды халық абзал азамат деп сыйлайды, құрметтейді. Әңгімеге арқау еткелі отырған Мағзом Жаншаев дәл осындай азамат еді. «Өмір - керуен көші, адам – жер бетіндегі жүріп өтер жолаушы» дегендей, абзал азамат, асыл әке, жақсы жолдас болған осы жанның да пәни дүниемен қоштасқанына жыл толып қалыпты.
Мағзом Хамзаұлы 1937 жылы Гурьев қаласында, қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Хамза мен анасы Дуаннан екі қыз, үш ер бала өмірге келген. Қазір барлығы да дүниеден озды. 
Мағзом 1944 жылы Балықшы поселкесіндегі Л.М.Каганович атындағы орта мектепке бірінші сыныпқа оқуға барып, бітіргеннен кейін Гурьевтегі ветеринарлық техникумға оқуға түседі де, кіші зоотехник мамандығын алып шығады. Қалада мамандығы бойынша жұмыс болмағандықтан Исатай (бұрынғы Новобогат) ауданына қарасты Чапаев совхозына барып, мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Бірақ, білімі өзін қанағаттандырмай 1957 жылы Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының орыс тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түседі. Институтты тәмамдаған соң, алғашқы ұстаздық жолын бұрынғы Балықшы ауданына қарасты Еркінқала орта мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастайды. Мағзом осы алған білімімен шектеліп қалмай, 1963 жылы Орынбор қаласындағы ауылшаруашылық институтының сырттай оқу бөліміне түсіп, ғалым-зоотехник мамандығы бойынша диплом алады. Бірақ, ол алған мамандығы бойынша еш жерде жұмыс жасамаған, өзінің ұстаздық мамандығын жалғастыра берген.
Ол 1964-1965 жылдары облыстық оқу бөлімі жанындағы методикалық кабинетте методист болып жасаған. Бұдан соң он жылдай бір орында Балықшы ауданына қарасты Жұмыскер поселкесіндегі сегізжылдық мектепте оқушыларға орыс тілі мен әдебиетінен дәріс береді және осы мектепте директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары лауазымын атқарады. 1975 жылы Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектебіне мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлығына ауыстырылады.
Мағзом 1975 жылдың бірінші қыркүйегінен бастап партия-кеңес органдарына жұмысқа ауыстырылады. Алдымен Балықшы аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінде нұсқаушы, кейін саяси-ағарту кабинетінің меңгерушісі қызметтерін атқарады. 1982 жылы Балықшы ауданына қарасты Жұмыскер поселкелік кеңесіне төрағалыққа сайланады. Кейін «Гурьеврыбпром» бірлестігінің колхоздар бөлімінің ауыл шаруашылығын басқару жөніндегі орынбасарлығына тағайындалады. Төрт жылдан соң «Гурьевпром» бірлестігінің кадрлар жөніндегі бөлім бастығының орынбасары, 1991 жылдан кадр бөлімінің бастығы болып тағайындалады да, 1999 жылы осы бірлестіктен зейнеткерлікке шығады. Бірақ, демалысқа шыққаннан кейін де еңбектен қол үзбей өмірінің соңғы уақытына дейін Балықшы кенттік округінің соғыс және еңбек ардагерлері кеңесі бастауыш ұйымының төрағалығын қоғамдық негізде атқарып келді.
Ол қай жерде жұмыс жасаса да, қандай мамандықты атқарса да өте адал қасиетімен, іскерлік қабілетімен көзге түсіп, сауатты жұмыс жасай білді. Сөзге өте сараң, қағазбен жұмысты өте ұқыпты жасай білетін, ұшқалақтыққа, асығыстыққа ешқашан жол бермейтін. Оны жақсы білетін себебім мен де сол жылдарда партия-кеңес органдарында Мағзоммен жұмыс жасадым, бірге жүрдік, жақсы байланыста жұмыс атқардық.
Мағзом өнегелі отбасының басшысы, тәрбиешісі де бола білді. Ол жары Бәтимамен 1964 жылы отбасын құрды. Өмірге Кәрім есімді ұл, Нұржамал, Айжамал есімді екі қыз әкеліп, оқытып, тәрбиелеп, азамат қатарына қосты. Жары екеуі 49 жыл бірге жұбайлық тату-тәтті де бақытты өмір кешті. Бәтима 35 жылдай №4 Балықшы аудандық емханасында акушер болып жұмыс жасады. Қазір зейнеткер.
Айта кету керек, Мағзом – отбасындағы бала тәрбиесіне өте көп көңіл бөле білген азамат. Балаларын балабақшаға, мектепке дайындап, бірінші сыныпқа өзі жетектеп апарып, сабақтарын үнемі қадағалап, үлкенді, ата-ананы сыйлауды үйретіп, ағайын-туғанды таныта білген асыл әке. Ұрпағы – жоғары білімді, өз мамандықтары бойынша қызмет жасап жүрген азаматтар, әке жолын ілгері жалғастырушылар.
Қамза ҒАБДОЛЛА,
Балықшы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы,
ардагер ұстаз.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз