ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАР: САНЫ КӨП, САПАСЫ ШЕ?

- Әділет органдарының мәліметінше, қазіргі таңда облыста 556 қоғамдық бірлестік тіркелген. Күні бүгінге соның 100-ге жуығы немесе әрбір алтыншысы ғана белсенді жұмыс жасауда, - деді баяндамашы. Осы орайда туындайтын бір мәселе – нақтыжұмысы жоқ ұйымдардың қызметін тоқтату болып отыр. Жасыратыны жоқ, кезінде әр өңірден ашылып, кейіннен оларды ұйымдастырушы, бастамашыл азаматтардың басқа қызметке ауысып кетуімен, өзге де дәлелді себептерге байланысты көпшілігі «аты бар да заты жоқ» күйге түскен. Сол үшін де ең алдымен салық органдарымен жұмыс жүргізіледі.

Әсия Баянқызының айтуынша, белсенді деген коммерциялық емес ұйымдардың өздері жастар саясаты, қоршаған ортаны қорғау, гендерлік саясат мәселелері, мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту, азаматтардың денсаулығын нығайту және салауатты өмір салтын насихаттау тәрізді әлеуметтік жобалармен ғана шұғылданады. Және бір дерек, мемлекеттік тіркеуден өткен қоғамдық бірлестіктердің дені Атырау қаласы мен Жылыой ауданында шоғырланған. Соның ішінде, жұмыстарын ойдағыдай жүргізіп, жұртшылықтың сенімін иеленгендер қатарында «Болашақ К», «Мүгедек әлемі», «Жүректен-жүрекке», «Глобус», «Мирас», «Қазақстанның тәуелсіз ұрпағы», «Жас ұлан», «Азаматтық Альянс», «Атырау облысы іскер әйелдер қауымдастығы», «Шаңырақ-2008», «4-ші билік», «Жастар таңдауы-Атырау», «Шапағат», «Жерұйық», «Жылыой-Демеу», «Дендер», «Нұртамшы», т.б. аталды.

Жыл санап мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың көлемі ұлғаюда. Мысалы, ағымдағы жылы барлық әкімгерлер тарапынан бөлінген қаражат сомасы 200 млн. теңгені құраған. Облыс бойынша  44 үкіметтік емес ұйымның қатысуымен 84 әлеуметтік жоба жүзеге асырылған.Облыстық деңгейдегі салалық құрылымдардың арасынан табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, ішкі саясат, тілдерді дамыту, дін істері, сондай-ақ, жастар саясаты мәселелері басқармалары мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар беріп, солардың орындалуына мүдделілік танытқан. Нәтижесінде жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, отбасылық институттың маңызын арттыру және отбасылық құндылықтарды насихаттау, Отанына қалтқысыз да адал қызмет қылып жүрген азаматтардың үлгілі істерін жұртшылыққа жария ету, жастардың кәсіби мамандықтарды меңгеріп, жұмыспен қамтылуына қол жеткізу,  экстремизмнің алдын алу, журналистердің бұқара алдындағы абырой-беделін көтеру, мемлекеттік рәміздерімізді насихаттау, т.с.с. мазмұнды да тағылымды іс-шаралар жүйелі жалғасын тапқан.

Білгеніміздей, бұдан былай аймақта үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын өңірлік және салалық қағидаттарға сүйеніп ұйымдастыру ойластырылған. Осылайша, жасөспірімдер арасындағы суицид, ана мен баланың денсаулығы, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жәрдемдесу тәрізді қоғамдағы өзекті проблемаларды шешу көзделген. Сондықтан, алдағы жылдан бастап мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстардың орындалуына облыстық білім беру, денсаулық сақтау, дене шынықтыру және спорт, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары атсалысады деп күтілуде. Үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін 2016 жылы аудандық әкімдіктердің әрқайсысына мемлекет бюджетінен 15 млн. теңгеден қаржы бөлінбек.

Ашығын айтсақ, бізде қоғамдық бірлестіктердің саны көп те, сапасы аз болып тұр. Бұған жоғарыда келтірілген дерек-дәйектер дәлел. Сол жағы ескеріліп, үкіметтік емес ұйымдардың іске деген белсенділігі мен ынтасын арттыру мақсатында жаңа жылда грант пен сыйақы жүйесін енгізу жоспарланған. Ол үшін конкурс жарияланады. Грантты жеңіп алған үкіметтік емес ұйымның бөлінген қаржы сомасының 10 пайызын өз қажетіне жаратуына рұқсат етіледі. Ал, сыйақы жоғары белсенділікпен жұмыс жасап, мемлекеттік әлеуметтік жобалардың сәтті жүзеге асырылуына үлес қосқан ұйымдарға арнайы құрылған комиссияның шешімімен беріледі. Оған қоса, келер жылдан тапсырыстар бірыңғай мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жүзеге асырылады. Нақтыласақ, бұған қолында электрондық сандық қолтаңбасы бар үкіметтік емес ұйымдар ғана белгіленген тәртіп бойынша қатыса алады.

Осыларды егжей-тегжейлі баяндаған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әсия Баянқызы тақырып төңірегінде журналистер тарапынан қойылған сауалдарға да тұшымды жауап берді.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз