КӘСІБІ БАРДЫҢ – НӘСІБІ БАР

Мемлекет басшысы халыққа биылғы Жолдауында тұтастай даму кешенінің бірінші бағыты етіп қазақстандықтарды жұмыспен қамтуды белгіледі. Осыған орай қабылданған «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері бойынша республикада «Азаматтарды бірыңғай қабылдау күні» акциясы өтуде. «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалында да аталған бағдарламаны жүзеге асыру мәселелеріне орай азаматтарды қабылдау ұйымдастырылды.

 Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бастығының орынбасары Гүлмира Шәкірова мен «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімі меңгерушісі Әлия Әмірова, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, орта және шағын бизнестің аймақтық қауымдастықтары, шағын несие ұйымдарының өкілдері болды. Мұнда «Жұмыспен қамту -2020», Қазақстан Республикасының үдемелі индустриалды-инновациялық дамытудың 2010 -2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыруды қамтамасыз етуші мемлекеттік органдарға халықты жұмыспен қамту бағдарламаларын түсіндіріп, оған жастарды, жұмыссыздар мен аз қамсыздандырылған және өздігінен жұмыс істейтін тұлғаларды тарту жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру үшін келісім алаңын ұсынды. Сондай-ақ, бағдарламаларды іске асыру барысында көтерілген проблемалық мәселелердің шешілу жолдарын сараптап, акция барысында келіп түскен өтініштерге талдау және мониторинг жасалды.

Халықты жұмыспен қамту – бүгінгі күннің басты мәселесі. Осы орайда, жоғарыда аталған бағдарламалар қабылданып, ауқымды іс-шаралар жүргізілуде. Бұл бағдарламалар аясында жаңа жұмыс орындары да ашылып отыр.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін өткізу дәстүрге дендеп енді. «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы ғимаратында жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұйымдастыруымен өткен жәрмеңке жұмысшы мен жұмыс беруші арасында тікелей байланыс орнатуға бағытталды.
Жәрмеңкеге 200-дей жұмыссыз бен 100-дің үстінде бос орын ұсынған 14 мекеме қатысты. Солардың ішінде «Personnel Recruitmen center «Career – Holding», «КазХим», КасТаДор», «Фиркрофт Инжинеринг Сервисез Лимитед» ЖШС-лары, «Іскер», «Аджип» компаниялары өкілдері бар. Жұмыс іздеп үлкен үмітпен келген жандардың да қарасы мол.
Тұрғындар игілігі үшін өткен шарада жұмыс беруші тізіміндегі бос орындарға мамандықтары сәйкес келгенімен, ағылшын тілін білмегендіктен қол жеткізе алмаған жандар да болды. Ал, елуді еңсерген ел ағалары жүргізушілікке 45 жастан жоғарыларды жақындатпайтынына реніштерін білдіріп жатты.
Кезекті жәрмеңкеде құрылысшы, инженер саласының мамандары да сұранысқа ие болды. Сондай-ақ, тігінші, аудармашы, су ысыту қазандары және конденсат жүйесінің операторлары көпшілік назарына ұсынылды.
– Мекеменің шартына сай келетін отыздан астам азаматтың түйіндемесін алып отырмыз. Көбіне электр мамандары келуде, алайда, бізде бұл орындар бос емес, – деген «Аджип Казахстан Норт Каспиан Оперейтинг Компани» филиалының кадр бөлімінің кіші кеңесшісі Динара Құлбатырова қазіргі еңбек нарығында инженер, құрылысшы, дәнекерлеушілерге сұраныстың көптігін жеткізді.
Ал, «КасТаДор» ЖШС өкілі негізінен құрылыспен айналысатын мекеме болғандықтан, Баутино, Мақат және облыс орталығында жұмыс жасауға тас қалаушы, трактор жүргізушісі, кран операторлары жетіспейтінін айтады.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз