Жарнама
Қоғам

ҮКІ ӨСІРГЕН ҮЙ

 

Айсұлу жеңгеміздің әңгімесіне қарағанда, көне кезеңнен жеткен әпсанаға сүйенсек, Нұх пайғамбарға Қазығұрт тауына баратын жолды тауып берген осы бір кіп-кішкентай үкі құсы болатын. Оның киелі екеніне сенген шаңырақ иелері осы бір қонақ құсты ауласында мәпелеп, баптап отыр. Табиғатқа сүйіспеншілікпен қарап, оның байлығын сақтау дегеннің бірі осы емес пе?

Ауылдағы көнекөз қариялардың айтуынша, бұрын үкі Қазақстанның далалы, шөлді және шөлейтті өңірлерін мекен еткен. Оның ауыл шаруашылығына, соның ішінде ауылда егін салған, бау-бақша еккен шаруаларға, қарапайым жандарға тигізетін пайдасы ұшан-теңіз. Егінді, бау-бақшаны, көкөніс-терді қосаяқ, тоқалтіс, шақылдақ тышқан, егеуқұйрық, алақоржын, суыр, саршұнақ секілді аса зиянды кеміргіштерден қорғайды.

Бүгінде өлкемізде үкінің күрт азайып кеткені байқалады. Бала кезімізде Ойыл бойында, Қызылқоға алқаптарында аталмыш құс жиі кездесетін. Өкінішке орай, бүгінде адамдар тарапынан қамқорлықтың болмауы салдарынан олар жоқтың қасы.

– Үкінің өзіндік ерекшелігі бар. Олар адамдар сияқты жұптарын өмір бойы жазбайды. Балапанды да көп салады. Дене тұрқына қарай 2-ден 12-ге дейін балапан басады. Табиғат ананың бізге сыйлаған осынау кереметі – үкіні келешекте қалай сақтауға болады? Арнайы зообақтарда күтімге алынғаны дұрыс па? Соңғы жылдарда елімізде жан-жануарларға арналған ар-наулы қорықтар, аймақтар саны артып келеді. Біз осыған қуанамыз. Атырау қаласында тұратын ұлдарымыз құр, тауыс құстарын күтімге алуда. Құстар әлемінің үніне құлақ түріп көрсеңіз, өзгеше бір әуенге бөленгендей күй кешесіз»,-деді Айсұлу жеңгеміз әңгімесін сабақтап.

Үкі – қазақ халқы үшін қасиетті құс. Қазақтар оның қауырсынындағы бедерді құранның құпияланып жазылған нұсқасы деп қадірлеп, сәбидің бесігі мен бас киіміне таққан. Ал, ақындарымыз, әншілеріміз бен күйшілеріміз бақ қонады, олжалы боламыз деген сеніммен бас киімдеріне, домбыраларына үкінің қауырсынын таққан.

 Кейбір мәліметтерге қарағанда, үкінің азайып кетуіне жергілікті тұрғындардың оның қауырсынынан ұлттық әшекейлер мен бойтұмарлар жасау үшін ұясын тауып, балапандарын алуының да әсері болмақ. Ендігі уақытта оны сақтаудың, пайдакүнемдік әрекеттерден қорғаудың басты жолы – оны қолда өсірудің тиімділігін бүгінгі өмір шындығының өзі дәлелдеп отыр.

Мағрупа ҚАЗИХАН,

Қызылқоға ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button