Қоғам

ҚИҒАШТАН ШЫҚҚАН ҚАҺАРМАН

Бар-жоғы жиырма сегіз жыл ғұмыр кешкен Александр Афанасьев Құрманғазы ауданы Ганюшкин селосында туып-өскен. Соғысқа дейін ұжымшарда, сауда орындарында, кейін шикізат дайындау кеңсесінде жұмыс істейді. 1942 жылы Теңіз ауданы әскери комиссариаты арқылы шақырылып, офицерлер мектебіне оқуға жіберіледі. Арада үш айдан кейін Воронеж майданы 68-гвардиялық атқыштар дивизиясының 202-гвардиялық атқыштар полкі 2-ротасының құрамында Ұлы Отан соғысына қатысқан жерлесіміз Киев облысы Ржищев ауданы маңында Днепрден алғашқылардың қатарында өтеді. Осы жылғы 25 қыркүйекте өзеннің оң жағалауындағы Балыка селосына таяу жердегі биіктікке бекінген Афанасьев қалған бөлімшелердің өзеннен қауіпсіз өтуін қамтамасыз етіп, позициясын қайтармақ болған жау бірнеше қарсы шабуылдарға шығады. «…Осындай шайқастардың бірінде рота командирі қатардан шығып қалды. Афанасьев рота басқаруды өз қолына алып, жауынгерлермен бірге жау траншеясына басып кірді де, оларды плацдармнан қуып шықты. Оның жеке басының батылдығы жауынгерлерді ерлікке жігерлендірді. Осы ұрыста Афанасьевтің пулеметшілері жаудың 2 пулемет расчетін, елуден астам әскерін жойды. Дұшпан талқандалды, 1943 ж. 6 қарашада Украинаның астанасы Киев қаласы азат етілді. Ерлікпен қаза тапты» дейді қан майданда етігімен қан кешкен сарбаздар жайлы энциклопедияда қысқа қайырып. Жас та болса, қысылшаң шақта тың шешім қабылдай білетін басқарушылық қабілетімен, отансүйгіштігімен көзге түскен Александр Никифоровичке КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен ұсынылған Кеңес Одағының Батыры атағы 1943 жылдың 13 қарашасында ол ерлікпен қаза тапқаннан кейін беріледі. Даңқты ұлдың бұдан басқа соғыс уақытында Ленин орденімен, бірнеше медальдармен марапатталып, взвод командирі, аға сержант шенін иеленгенін айта кетейік.

Ел ішінде ғалымның хаты сынды батырдың аты да өлмек емес. Афанасьевтің есімін кейінгі ұрпақ мақтаныш етті. Жер-жерден атына көше берілді. Ол дүниеге келген, топырағында аунап өскен Ганюшкин селосындағы үй де Ұлы Отан соғысы батырының аты берілген көшеде екен. Бұл үйде Александрдың әкесі Никифор Павлович те барша ғұмырын өткізіпті.

Қазақстанның Құрметті журналисі Рахмет Иманғалиев ағамыз Құрманғазы ауданынан шыққан Ұлы Отан соғысының ержүрек жауынгерлері жайында бірқатар көркем очерктер жазған. Соның ішінде, А.Н.Афанасьев жайлы 1975 жылдан бастап қалам тербеп, көптеген құнды мағлұматтарды оқырманына ұсынған журналист-жазушы батырдың анасы Пелегея Никитична мен қарындасы Антонинамен, ағасы Виктормен сұхбаттасқан.

«Ат тұяғын тай басар» демекші, Александр Никифоровичтің жалғыз ұлы Юрий әкесі жау қолынан қаза тапқанда бес жаста екен. Тағдырдың жазуы болар, Сашаның өзі беске толғанда да әкесі өмірден озған екен. Кейін әскери қызметті таңдаған Юрий Ленинградтың әскери училищесін бітіріп, Эстонияның Выру қаласына қоныс аударады.

Сонау 1957 жылы бүгінгі «Атырау», сол кездегі «Коммунистік еңбек» газетінде жарияланған Рахмет Иманғалиевтың «Батыр өсті бұл үйде» әңгімесінен Пелегея Никитичнаның ұлы жайлы естелігінен үзінді келтіре кетейік.

«Адам қанша қартайғанмен баласының мінез-құлқы, іс-әрекеттері жайлы ешқашан ұмытпайды екен. Бәрі көз алдымда тұр… Викторым оқи алмаған соң Сашаның дұрыс білім алуын армандап едім – оған да қолым жетпеді. «Өсе келе кейінірек оқи жатармыз, мама. Қазір өзіңе ауыр болып жүр ғой, мен де жұмыс істейін» деп болмады Саша. Ол аса кішіпейіл, қайырымды, қамқор жан еді. Қиянат, қыңырлықты өлердей жек көрді. Тіпті, күлкім келеді, әлі ұмыта алар емеспін. Бір күні Сашажан көршісінің тауығының жұмыртқасын жасырып әкеткен жолдас баласын өлердей сабағаны бар. Содан кейін әлгі бала біреудің көлденең ала жібін аттамайтын болды. Саша бірақ сотқар емес еді. Жас кезінен-ақ өзін салиқалы ұстайтын. Елгезек, шапшаң қимылынан өзгеше бір өткірлікті аңғаратын сияқты едім. Жұмысты шапшаң істейтін әрі тындырымды болды. Жастау кезінде ағасына қосылып, балық та аулады. Колхоздастыру жылдарында ол ерекше белсенділік көрсетті. Балықшылармен бірге теңізге шығып тұрды. «Красный Каспий» колхозына мүше болып кірді. Колхоздың алғашқы ұйымдастыру жұмыстарында оның да атқарар үлесі болып тұрды. Техника тетігін білуге де құштар еді. Әсіресе, электр маңайы дегенде ішкен асын жерге қоятын. Кешке дейін соның бірдеңелерін шұқылап, тыным алмайтын. Ақыры колхозда электрик болып та істеді. Ылғи көңілді жүретін. «Барабаншы» әнін аузынан тастамайтын. Кейін Александр Никифорович отбасылы болғаннан кейін жауапты жұмыстарды да істеді. Бірнеше жыл сауда орындарында қызмет атқарды. Ал 1940-1942 жылдары «Заготживсырье» конторының Теңіз аудандық бөлімшесінде істеді… Бірақ, Отанға төнген ауыр жағдай Александр Никифоровичты да тыншыта алмады. Ол қайта-қайта сұранып, ақыры 1942 жылдың 5 мамыры күні майданға аттанып кетті».

Міне, мақтан тұтар жерлесіміздің шынайы бейнесі. Ол жайлы басқа да көзкөрген жақындары мен жолдастарының естелігінен Шарон өзеніне шомылып өскен бала Сашаның жақсы жүзгенін, қазақшаға қаражаяу болмағанын білеміз. Оның суда еркін жүзетіндігі сұрапыл соғыста сан мәрте пайдаға асқанына да күмәніміз жоқ.

Рахмет Иманғалиевтың жеке мұрағатында тағы бір құнды естелік фото бар. Онда 1980 жылы Ұлы Отан соғысының 45 жылдығы қарсаңында Ұлы Отан соғысының батыры Қайырғали Смағұлов пен Даңқ орденінің иегері Гаврил Петрович Шаминнің Пелегея Никитичнаны ортаға алып түскен сәті бейнеленген. Қос батыр ауданға барған сапарында Александрдай ұлды дүниеге әкелген ананы іздеп барып амандасқан көрінеді.

Бүгінде А.Н.Афанасьев есімін есте қалдыру мақсатында Құрманғазы ауданы орталығында ескерткіш орнатылып, ондағы мрамор тақтаға «Совет Одағының Батыры, гвардия сержанты Александр Никифорович Афанасьев. 1914-1943 ж.ж.» деп жазылған. Сондай-ақ, оның Киев облысы Кагарлық ауданы Балык-Щучинска селосындағы жерленген туысқандар зираты басында да биіктігі 16 метрлік обелиск бой көтеріпті.

— Александр Никифоровичтің есімі, негізінен, оның туған жері Ганюшкинде көп ұлығыланып, дәріптеліп келеді,-дейді «Мирас» қорының жетекшісі, батырмен ата тегі бірдей Вячеслав Афанасьев. — Ол кісінің үйі әлі күнге міні құрамай сақталған, қабырғасында бір кездері мұнда Ұлы Отан соғысы батырының тұрғаны жайында тақтайша ілінген. Атырау қаласында Жеңіс саябағында Құрмет тақтасы орнатылған. Мен 1960 жылдары Афанасьевтің анасы мен бауырларының көзі тірісінде Жеңіс күнін бірге атап өткен едім. Сол кезде Ганюшкиннен Астрахан  Кремліне дейін жаяу барғанымыз есімде. Қазіргі күні облыс көлемінде батырдың жиендері тұрып жатыр. Бұрынғы мекен-жайлары ауысып кеткен. Енді соларды іздеп табу жолында жұмыстанып жатырмын. Жалпы, өзіміз мақтаныш ететін, келешек ұрпақ үшін жан қиған соғыс ардагерлерінің жақындарын көзден таса етпей, байланысып тұрғанымыз, жылы естеліктерін жазып алып қалғанымыз дұрыс болар еді деймін. Өкінішке орай, кейде олар да өмірден өтіп кеткеннен кейін өкініп қалып жатамыз.

Ұлы Отан соғысы жылдарында кеңес әскерлері 1418 күн мен түн бойына шайқасып, жеңіске қол жеткізіпті. Үлкен қиындықпен, қанмен келген ұлы күннің қаһармандарын қанша дәріптесек те артық емес. Осыны ескерсек екен.

Құралай Қуатова.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button