Жарнама
Қоғам

ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ – МЕРЕЙЛІ МІНДЕТ

 

— Қайрат Қонысұлы, қазіргі уақытта электронды үкіметке көшу қарқыны өсіп келеді. Осы мәселе бізде қалай жүзеге асуда?

— 2012 жылы 294 641 құжат қабылданса, соның ішінде 122 480 құжат электронды түрде беріліп, 41 пайызды құрап отыр. Ал, үстіміздегі жылдың он айында 609 730 құжат қабылданып, оның 413 865-і электронды түрде берілген. Яғни, 68 пайыз. Жылдың аяғына дейін қабылданатын құжат саны өткен жылмен салыстырғанда үш есеге өседі деген болжам бар. Жалпы, бүгінгі таңда біздің орталық арқылы 146 мемлекеттік  қызмет түрі көрсетіледі.

— Бізге келіп түскен сауалдарға кезек беретін болсақ, бір оқырманымыздың «келушілерге қолайлы болуы үшін Балықшы кентіндегі №2 бөлімге құжаттарды алу үшін төленетін қызмет ақысын қабылдайтын қызметкерді алуға болмас па екен?» деген сауалына орай не айтар едіңіз?

Аталған бөлімше 2010 жылы ашылды. Ал, 2011 жылы «Нұрбанк» кассасы ашылған болатын. Алайда, ол кезде халық көп келе қоймай, шығындарын ақтай алмағандықтан, өткен жылы бұл касса өз жұмысын тоқтатты. Қазіргі уақытта «БТА» банкімен келіссөз жүргізудеміз. Дәл қазіргі уақытта тұрғындар төлем карточкасымен «e.gov» сайты арқылы төлем түрлерін жүргізе алатындығын айта кеткенім жөн болар.

— Жолданған хаттардың қатарында жалпы саланың жұмысына көңіл толмайтындары да бар. Бір тобы құжаттар айтылған уақытта бітпейді деп жатады…

— Тұтынушыларға құжат қабылдағаннан кейін қай күні алатындығы туралы түбіртек (расписка) беріледі. Сол түбіртекке сәйкес белгіленген уақытта құжаттарын ала алады. Көрсетілген мерзімде құжат түспеген болса, ықпалдастырылған ақпарат жүйесінде көрініс табады. Сондықтан, құжат айналымында кемістік болуы мүмкін емес.

— «Қаламыздың Қ.Сәтбаев көшесіндегі облыстық ХҚКО-да халық көп жиналады. Ол жерге келіп, анықтама сұрауда да қиындық туындап жатады» деген хат авторының пікіріне орай не айтар едіңіз?

— Тұрғындар ХҚКО-на келгенде өздеріне қажетті қызметтерді ресепшн арқылы кеңесшілерден, инспекторлардан ала алады. Әлдеқандай сұрақтар туындап жатса, қызмет көрсету залының басшысы, болмаса бөлім басшысы арқылы шеше алады.

— Жалпы, бұл орталықтарда қызмет көрсетушілердің басым бөлігі – жас мамандар. Осы орайда, олардың тарапынан олқылықтар да кетіп жататыны рас. Жалпы, жұмысында қателік жіберген мамандар қалай жазаланады?

Жұмыс беруші қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін ҚР Еңбек Кодексінің 72-бабының 1-тармағына және «Халыққа қызмет көрсету орталығы» РМК бас директорының 2012 жылғы 18 маусымдағы №148 бұйрығымен бекітілген тәртіптік жаза жариялау Ережесіне сәйкес тәртіптік жаза жариялайды.

— Хат авторы: «Бірде ХҚКО-да отырған үш маман бір мәселені шешудің үш түрлі жолын айтты. Алайда, ең соңында бұл құжат нотариус арқылы берілетін болып шықты. Сонда мамандар өз жұмыстарын жетік білмей ме?» дейді. Бұл орайда орталық қызметкерлерінің кәсіби шеберліктерін шыңдауда қандай жұмыстар атқарылып жатқандығына тоқталсаңыз.

— Қызметкерлердің кәсіби біліктіліктерін анықтау мақсатында аттестациялар өткізіліп тұрады. Оның қорытындысына сай, атқаратын қызметіне лайықты қызметкер үш жылдан кейін аттестация тапсыруға жатады, ал, өз қызметіне лайықты емес қызметкердің лауазымы төмендетіледі немесе олармен жасақталған еңбек шарты бұзылады. Сонымен қатар мамандардың кәсіби оқуы мен біліктілігін арттыруды ұйымдастыратын ХҚКО-да тәлімгерлер бар. Олар тұтынушылармен қарым-қатынас жасау кезінде мінез-құлық ережелері мен нормаларына, тұтынушыларға сауатты кеңес беруге және сапалы қызмет көрсетуге үйретеді, азаматтарға қызмет көрсетудің бірыңғай стандарттарын енгізеді. Сонымен қатар, ұжым ішінде даулы жағдайлардың шешілуіне ықпал етеді.

— Бұл орталықтарда тұтынушылар үшін жасақталған арнайы тіркеу кітаптары бар ма? Жыл басынан бері тұрғындардан қанша шағым, қанша ал-ғыс түсті?

— Күні бүгінге дейін мемлекеттік қызметтер бойынша 19 шағым, 202 алғыс келіп түсті.

— Шағымданушылардың басым бөлігін не мазалайды?

— Көпшілігі төлқұжат алу мәселесі, ақпараттық жүйенің техникалық ақаулығына байланысты болып отыр. Жеке және заңды тұлғалардан келген барлық өтініштерге уақытында толық жауап беріліп, келеңсіздіктерді болдырмау мақсатында алдын алу шаралары ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, әрбір қызметкердің алдында баға беру мониторы орналасқан. Онда мемлекеттік қызметтерді алуға келген тұтынушы баға беру мониторының көмегімен қызмет көрсеткен инспекторға үш түрлі баға бере алады, өте жақсы, жақсы, нашар деген. Нашар баға алған қызметкермен алдын алу шаралары ұйымдастырылып, оқыту жұмыстарын жүргіземіз. Жыл басынан бері 546 457 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, соның ішінде 378 855 қызмет түріне өте жақсы деген баға берілді, яғни 70 пайызын құрап отыр.

— Жалпы, тұрғындардың көбіне рәсімдейтін құжаттары қандай?

— Көлік және коммуникация министрлігі тарапынан жылына екі мәрте «мистер-шопинг» сұрау-сауалнамасы жүргізіледі. Аталған жұмыстың қорытындысын зерделеп отырсақ, тұрғындардың көбіне рәсімдейтін құжаттары жеке куәлік алу, ауыстыру және мекен-жай анықтамасын алу мен тіркелу болып отыр. Ал, әлеуметтік жәрдемақылар мен жеңілдіктерге байланысты және бала асырап алуға қатысты құжаттарды рәсімдеуге көп көңіл бөліне бермейді екен.

— «Ауылдық жерлерге мобильдік топ келіп, қызмет көрсетеді» дегенді естігенбіз. Осы туралы толығырақ тарқатып айтсаңыз…

 — Ағымдағы жылдың бірінші қазанынан бастап қала, аудандарда «ХҚКО»-ның мобильдік тобы мүмкіндігі шектеулі адамдарға арнайы қызмет көрсету жұмысын бастады. Аталмыш санаттағы адам өзіне көмек керек уақытта «1414» телефоны арқылы Бірыңғай байланыс орталығымен хабарласа алады. Осы хабарлама түскеннен кейін байланыс жүйесінде отырған операторлар «Халыққа қызмет көрсету орталығының» мониторинг қызметінің жауапты адамына байланысу арқылы мобильдік топты мекен-жайға бағыттайды. Ал, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мүмкіндігі шектеулі адамдардың жаңаша тізімін тиісті уақытта жаңалап, орталықтандырылған жүйеге енгізіп отырады.

Мобильдік топтың шығу кестесі бекітілген, оны әр аудан өздерінің жергілікті газет беттеріне жариялап отырады, болмаса селолық әкімдіктен де білулеріне болады.

— Халықтың көңілінен шығу үшін, осы саланы әрі қарай дамыту үшін тағы қандай жұмыстар жасауға болады?

 — ХҚКО одан әрі дамытып, халықтың қажетін өтеу үшін көптеген жоспарларымыз бар. Соның бірі – басқа уәкілетті органдар арқылы көрсетілетін қызмет түрлерін ХҚКО арқылы жасауға жұмыстанып жатырмыз. Айталық, «Атырау Су Арнасы» КМК, «Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» сияқты мекемелермен меморандум жасаудамыз.

— Сұхбатыңызға рахмет, жұмыстарыңызға табыс тілейміз!

Гүлжан ӘМІРОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button