Жарнама
Қоғам

Кез-келген жұмыс – қадірлі

Осы жыл елде жұмысшы мамандықтарына ерекше назар аударылатын жыл ретінде белгіленді. Бұл бастама республиканың экономикалық дамуына елеулі үлес қосатын, халықтың өмір сапасын жақсартатын маңызды сала – жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруды мақсат етеді. Жұмысшы мамандықтарының алуан түрі, оның ішінде құрылыс, энергетика, металлургия, ауыл шаруашылығы, басқа да салалар елдің өндірістік қабілетін арттыруда шешуші рөл атқарады.

Жұмысшы мамандықтарының мән-маңызы мен қоғамдағы рөлін арттыру арқылы білікті мамандар саны көбейіп, экономиканың әртүрлі саласындағы өндірістік қуат артады. Осы арқылы жұмыс орындары көбейіп, еңбек нарығындағы тепе-теңдік сақталары сөзсіз.

Кәсіби білім беру мен тәжірибе жинақтау, жұмысшы мамандықтары бойынша білікті кадрлар даярлау, жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылықты арттыру бағытында биыл бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылмақшы. Сонымен қатар, жастарды осы мамандықтарға тарту және оларды еңбек нарығында сұранысқа ие маман иелері ретінде даярлау үшін іске асатын бағдарламалар мен жобалар туралы облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуовпен сұхбаттасқан едік.

– Марат Әлменұлы, «Жұмысшы мамандықтары жылы» бастамасы туралы толық мәлімет беріп өтсеңіз. Бұл бастама қалай іске асырылмақшы?

– Баршаңызға белгілі, өткен жылдың соңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жарлығымен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Бұл шешім елдегі еңбек нарығы мен білім беру жүйесінің сапасын арттыру, жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру, сондай-ақ жастарды тиімді және табысты мамандықтарға тарту мақсатында қабылданды.

Жұмысшы мамандықтары елдің экономикалық дамуында маңызды рөл атқарады, бірақ соңғы жылдары бұл салаға деген сұраныс пен қызығушылық төмендеп кеткені байқалды. Сондықтан биыл жұмысшы мамандықтарының маңызын қайта жаңғыртуға Мемлекет басшысының өзі ерекше назар аударып отыр.

Қазіргі қоғамда техникалық және кәсіптік білім беру мамандарының қажеттілігі артып келеді. Инженер, электрик, слесарь, дәнекерлеуші, құрылысшы сияқты мамандықтар елдегі инфрақұрылымды дамытуда, өнеркәсіптік өндіріс пен қызмет көрсету салаларында зор маңызға ие. Сонымен қатар, мұндай мамандар көбінесе жоғары табыс әкелетін, тұрақты жұмыс орындарын қамтамасыз етіп, қолданыстағы дағдыларды жылдам меңгеруге мүмкіндік беретіні сөзсіз.

Мамандықтың осы түрінің беделін көтеру үшін жастарды оқытуға бағытталған көптеген бастамалар қолға алынған. Қазақстанда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңарту, кәсіби оқыту бағдарламаларын қайта қарау, жоғары оқу орындарында жұмысшы мамандықтары бойынша қосымша курстар ашу жоспарланды. Бұл жастардың кәсіби білім алуға деген қызығушылығын арттырып, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды дайындауға мүмкіндік беретініне сенім мол. Ал, бастысы кейінгі толқын өкілдері кез-келген жұмыстың қадірлі екенін ұғынғаны жөн.

Президент Жарлығына сәйкес Атырау облысында да арнайы іс-шаралар жоспары бекітілді.

– Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы бойынша білім беру жүйесіне енгізілетін өзгерістер қандай? Оқушылар мен студенттерге осы бағытта қандай мүмкіндіктер ұсынылады?

– Президент тапсырмасы бойынша техникалық және кәсіптік оқу орындарының материалдық-техникалық базасы, педагогтердің біліктілігі, студенттердің стипендиясы, кәсіпорындармен бейінді оқыту, басқа да өзгерістер енгізіліп жатыр.

Облыста бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес биыл 9 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, оқу сапасы арттырылмақшы.

– Бұл бағыттағы білім беру жүйесі қалай өзгеруі тиіс?

– Жыл бойына өз қызметіне қарай облыстағы 3 колледждің қызметі трансформацияланады. Сол арқылы колледждер тарапынан шағын өндіріс цехтары ашылып, өзін-өзі қаржыландыру тетіктері пайда болады.

– Мектептер мен колледждерде жұмысшы мамандықтары бойынша арнайы бағдарламалар немесе дуальді оқыту жүйесі енгізіле ме?

– Бүгінгі күні 16 колледжге дуальді оқыту жүйесі енгізілді. Оның 12-сі мемлекеттік, 4-еуі – жекеменшік оқу орны. Оқу орындарында 25 мамандық бойынша 2028 студент 483 кәсіпорынның қатысуымен білім алуда.

Кәсіпорындармен жасалған келісім шарт негізінде түлектер жұмысқа орналасу мүмкіндігімен тағылымдамадан өтеді.

– Жұмысшы мамандықтарына бағытталған оқу орындарында оқу бағдарламаларының сапасы қандай? Олар еңбек нарығының сұранысына сай келе ме?

– Оқу үрдісі бойынша 17 колледжде қайталанатын 21 мамандықты 5 колледждің базасына жинақтау арқылы оңтайландыру жұмыстары ұйымдастырылады. Сонымен қатар, Атырау облысы бойынша енбек нарығында аса сұранысқа ие мамандықтар тізімі зерделеніп, жыл ішінде 8 мамандықты оқытуға колледждерді бейімдеу жұмыстары қарастырылады.

– Бұл бастама елдің экономикалық дамуына қаншалықты ықпал етеді деп ойлайсыз? Жастарды осы салаға тарту арқылы Қазақстанның еңбек нарығында қандай өзгерістер жүзеге аспақ?

– Атырау облысы бойынша еңбек нарығында аса сұранысқа ие 8 мамандықты оқытуға колледждер бейімделеді. Олар: 1) Аргон-доғалы дәнекерлеуші; 2) Электромонтер; 3) Ауыр техника операторы; 4) Оператор реттеуші; 5) Сәулетші; 6) Химик-технолог; 7) ІТ маманы; 8) Сапаны бақылау маманы.

– Кәсіби бағдар беру қызметінің күшейтілуі мектеп оқушыларының еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуына қалай көмек бере алады?

– Облыстың білім беру мекемелерінде еңбек нарығында қазір сұранысқа ие және таяу болашақта сұранысқа ие болатын мамандықтар туралы хабардар ету мақсатында ІХ-ХІ сынып оқушылары арасында әртүрлі шаралар өткізіліп келеді.

Жұмысшы мамандықтары жылына орай облыстағы ірі кәсіпорындарда мектептің ІХ-ХІ сынып оқушыларына кәсіби бағдар жұмыстары басталып кетті. Ол үшін жұмысшылармен кездесу мектеп бітіруші түлектердің болашақта мамандық таңдауына көмегін тигізеді деп ойлаймын.

– Марат Әлменұлы, қазір мектеп оқушылары арасында кәсіби бағдар беру бойынша қандай негізгі проблемалар байқалады және оларды шешу үшін қандай шаралар қабылдануда?

– Қазіргі білім берудің негізгі мақсаты – білімді меңгеріп қана қоймай, білік пен дағды арқылы дербестік, ізденімпаздық, дені сау, өзгермелі жағдайда білімді де білікті жасөспірімдерді жан-жақты жеке тұлға ретінде даярлау. Өйткені келешек қоғамның басты тұлғасы – бүгінгі мектеп оқушылары. Оны іске асыруда мектепте берілетін кәсіби бағдар жұмыстарының маңызы зор екеніне кәміл сенімдімін.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2021 жылдың қыр­күйегіндегі халыққа Жол­дауын­да: «Балаларды ерте жастан ма­мандыққа бейімдеу айрықша ма­ңызға ие болуда. Өскелең ұрпақ өзінің болашақ кәсібін саналы түр­де таңдай білуге тиіс», — деп атап өткен болатын.

Мектептерде кәсіптік бағдар­лау жұмысын ұйымдастыру мәсе­лесі «2024-2025 оқу жылында Қазақ­стан Респуб­ли­ка­сы­ның орта білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы»  әдістемелік нұсқау хатта қамтылған. Осы оқу жы­лынан бас­тап мектептерде Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі «Педагог қыз­мет­керлер мен оларға теңестірілген тұл­­ғалардың лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы» №338 бұйрығына өзгерістер енгізу тура­лы құжатқа сай «Пе­дагог-кәсіби бағдар беруші» лауазымы енгізілген.

Облыс мектептерінде жыл сайын наурыз айында «Еңбек күні» апталығы өтеді. Апталық аясында еңбек ардагерлерін, «Еңбек жолы» конкурсының өңірлік кезеңінің жеңімпаздарын тарта отырып, «Сенің таңдауың» жұмыспен қамту сабақтары өтеді. Жыл ішінде Қазақстанның және облыстың кәсіптік-техникалық білім беру мекемелері мен жоғары оқу орындары кәсіби бағдар беру жұмысын жүргізеді.

Сонымен бірге, облыс аумағындағы кәсіпорындар студенттер мен мектеп бітірушілерді кәсіби бағдар беру жұмыстары бойынша әрдайым қабылдап, қолдау көрсетіп отырады.

– Мұғалімдер мен педагогикалық қызметкерлерге кәсіби бағдар беру бойынша арнайы оқыту немесе дайындық бағдарламалары қарастырылған ба?

– 2023 жылы 250 мұғалім мен педагогикалық қызметкер кәсіби бағдар беру бойынша арнайы оқудан өтсе, былтыр 50 маман «Өрлеу» институтынан арнайы біліктілігін көтерді.

– Бастаманы іске асыру барысында аймақтық ерекшеліктер ескеріле ме? Егер керек болса, қандай шаралар қабылданып жатыр?

– Иә, бұл жылды іске асыру барысында аймақтық ерекшеліктерді ескеру өте маңызды. Өйткені әр аймақтың экономикалық жағдайы, салалық ерекшеліктері мен еңбек нарығындағы сұраныс әртүрлі болғандықтан, осы аспектілерді ескере отырып шаралар қабылдау қажет.

Әр аймақтың дамыған негізгі салалары бар. Мысалы, Солтүстік Қазақстанда ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы маңызды болса, Түркістан облысында құрылыс және қызмет көрсету салалары дамыған. Ал біздің өңір, әрине, өндіріске негізделген. Мұндай аймақтар үшін сәйкес жұмысшы мамандықтарға қажеттілікті арттыру қажет.

Ал білім беру мен кәсіби оқыту жүйесіне тоқталсақ, аймақтардағы кәсіби білім беру мекемелері мен оқу орындарының мүмкіндіктері әртүрлі. Қала мен ауыл арасында инфрақұрылымдық айырмашылықтар да бар. Осыған байланысты аймақтық деңгейде оқыту бағдарламаларын ұйымдастыру, жастарға жұмысшы мамандықтарын меңгерту маңызды.

Кейбір аймақта жұмыссыздық көрсеткіші жоғары болғандықтан, жастардың жұмысқа орналасуы қиын болуы мүмкін. Сондықтан осы аймақтарда жұмысшы мамандықтары бойынша оқыту бағдарламаларын көбейтіп, жұмыспен қамтуды арттырған жөн.

– Оқушылардың кәсіптік біліктілігін арттыру үшін мектептер мен кәсіптік оқу орындары арасындағы ынтымақтастық қалай ұйымдастырылуда?

– 2023-2024 оқу жылынан бастап Атырау көлік және коммуникация, Атырау сервис, Атырау энергетика және құрылыс колледждерінде 57 жоғары сынып оқушысына жұмысшы біліктілігін беретін пилоттық жоба іске қосылды. Соның негізінде оқушылар колледж базасында кәсіптік даярлаудан өтіп, жалпы білім беретін пәндерді дәстүрлі түрде мектеп базасында игереді. Жоба нәтижесінде оқушы аттестатына қоса колледж дипломына да ие болады. Пилоттық жобаның қатысушылары 1,5 жылда «аспаз», «автокөлікке қызмет көрсету», «дәнекерлеу ісі», «электр-газбен дәнекерлеуші» мамандықтары бойынша диплом алып шығады.

– Марат  Әлменұлы, қызметіңізге сәттілік тілейміз. Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button