КЕЙДЕ ЖЫЛАҒЫҢ КЕЛЕДІ…

Кейде жылағың келеді. «Мұхит асқан мұңлықтардың бәрі бірдей бізге уәде етілгендей «жұмақта» жүрмеген болар» деп ара-кідік айтып қоюшы едік. Енді осы сөз ойға оралған сайын тітіркене түсетін болдық. АҚШ мемлекетінің ерлі-зайыптысы асырап алған павлодарлық қос жетімекке байланысты белгілі болған күні кешегі сұмдық жағдай бізге сабақ болса игі еді.

Мұхиттың ар жағынан жарыса жеткен ақпараттар адам деген аттан садаға кеткір ерлі-зайыпты Джозеф пен Линда Мэйоттардың осыдан тоғыз жыл бұрын елімізден жетектеп кеткен қос жетімекті жыныстық қатынасқа итермелеу мақсатында әдейі асырап алғандығын айтып жатыр. Ері Джозеф өрімдей өгей қызының тәнін арамдап келсе, әйелі Линда бесіктен белі шықпаған асыранды ұлын осы уақытқа дейін қорлап келген. Азғындық шегі осы болса керек, әлгі әйел асыранды ұлынан бала да көтеріпті. Одан арғысын ойлаудың өзі жиіркенішті. Шайтан түрткен азғындарды бүгінде АҚШ-тың Вустер қаласындағы жоғарғы сот кінәлі деп тауып жатыр.
Қазақстан шет елге бала сату жағынан әлемдік рейтингтің үшінші орнына көтеріліпті. Мұхит асқан мұңлықтарымыз бүгінде АҚШ, Бельгия, Ирландия, Испания, Германия және Франция мемлекеттеріндегі бөтен біреудің босағасын сағалап жүр. Ұлты басқа, діні мен ділі басқа елде күн кешіп жатқан қаракөздеріміздің қандай жағдайда қалай өмір сүріп жатқандығы Қазақстан тарапынан толық бақылауда тұрған жоқ. Шетке бала берумен айналысатын қырықтан астам агенттік әр жетімекке асыраушы тауып бергені үшін алатын 35-40 мың долларды шытырлатып санап алудан әріге аса алмай отыр. Парадокс сол, 1,5 миллиард халқы бар Қытайдың қатал заңы шетке бірде-бір баланы беруге рұқсат етпейді екен. Ал «біз соңғы жиырма жылда он мыңға жуық жетімекті шетке жөнелттік» деп есеп беріп отырмыз…
Қайтпек керек? Мүмкін шетке бала сатуды мүлдем доғару керек болар? Парламент Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі ретінде осы мәселені каникулдан шыққан соң көтерер деген дәмемен депутат Жамбыл Ахметбековке хабарласқан едік. «Бұл бізге белгілі болған жалғыз оқиға болар. Біздің білмегеніміз қаншама? Бұл өте күрделі мәселе. Жетімдердің мәселесі оларды шетелдіктерге беріп қоюмен ғана бітпейді» деп дабыл қақты депутат.
Оның айтуынша, жетімектерді асырап алғысы келетін өз еліміздің азаматтарына мейлінше кеңірек жағдай туғызған әлдеқайда дұрысырақ. Жанұялық үлгідегі үйлерді көбейту арқылы да мәселені өз ішімізде шешуге болатындай. «Жетім балаларды көбіне материалдық жағдайы төмен отбасылар асырап алғысы келеді ғой. Сондықтан, ондай отбасыларға берілетін материалдық көмек қорын ұлғайту керек. Бұл жерде еуропалық стандартқа сүйенген дұрыс. Теңгеге шаққанда елу мың бола ма, жоқ жетпіс бес мыңға шыға ма, айына сол қаржыны тұрақты беріп отыру керек. Және де сол көмектің асырап алынған балаға жұмсалуын қадағалап отыруымыз қажет. Шетке бала сатудан опа таппаймыз» дейді депутат.
Отанды сүю жүректен деп жатамыз ғой. Осындайда сәбилерімізді тентіретпей, өз елімізде бағып-қақсақ, азамат етіп ер жеткізсек, ұлтын сүйген үлкен жүректер пайда болар ма еді деп те ойлайсың. Депутат дұрыс айтады. Біздің мемлекетіміздің әр заңы әр азаматын қорғауға жұмыс істеуі керек. «Бастысы, баланы шетке сатуға бізді не мәжбүрлейді? Осы сұраққа ақпарат құралдарында да, қоғамда да нақты жауап жоқ. Өз баламызды өз қолымызбен қорлыққа жібергендей болмас үшін, жанұялық балалар үйін ашып және оның санын көбейтуіміз керек. 20-25 бала тұратын мұндай үйлерде балалар 5-тен – 10 жасқа дейін, 10-нан -15 жасқа дейін, 15-тен – 20 жасқа дейін тәрбиеленіп шықса, одан әрі шағын отбасылық жатақхана секілді үйлерде тұрса, қаракөздеріміз ер жетіп, өз бетімен күнін көріп кетер еді. Қазақстан жақында әлемнің бай мемлекеттерінің қатарына енді деп шулап жатырмыз. Жетімектерге жағдай жасауға біздің мемлекетіміздің әлеуеті әбден жетеді. Ол үшін арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдануы тиіс. Шеттегі балалардың жағдайын бақылайтын қоғамдық комиссия да нәтижесіз. Мұның да шешімін табу керек» деген мәжілісмен Жамбыл Ахметбеков бұл мәселені көп кешіктірмей Парламентте көтеретіндігін айтып, телефон тұтқасын қойды.
Қазақ қаны таза халық қой. Шетелдіктердің көбісі осынымызға қызығады екен. Шет мемлекеттер «білімді меңгеруге бейім, зияткерлік қабілеті жоғары қазақ балаларын асырап, еліміздің ертеңіне пайдалануымыз керек» деген астыртын саясат ұстанып отырса да белгісіз.
Бәрінен бұрын бала – біздің болашағымыз. Оның үстіне, әр баланың артында тағдыр жатыр. Ендеше, сол тағдырларды қор етуге қолдан жағдай жасамай, шетке бала сатуды доғаруды ойласақ қайтеді? Жетімін жылатпаған ел едік қой…

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз