Жарнама
Қоғам

«Кененбай үңгіріндегі» құпия зат жан-жақты зерттеуді қажет етеді

 Қошалақта жұмбақ көп. Солардың бірі – «Кененбай үңгірі». «Ганюшкин – Асан – Азғыр» көтерме жолының бойында Қошалақ ауылынан теріс-тікке қарай ұзап шыққанда, биік таулы шоқының жон арқасында күй атасы Құрманғазыға орнатылған белгі-ескерткіш тұр. Оның терістігінде, қозы өрісіндей жерде атақты Тасоба жатыр. Бұл – Исатай-Махамбет бастаған азаттық көтерілісінің ең соңғы қанға бөккен нүктесі іспетті, табиғаттың өзі жасаған үлкен ескерткіш. Ақжонаста тұратын соғыс және еңбек ардагері Нығмет Дәулешов ақсақалдың бірде бізге «Қара Еділ жырау» дегеннің ескі бейітінің орнын көрсетіп тұрып: «Ер Тарғын» жырындағы көп оқиғалар осы маңда болғанға ұқсайды, аталарымыздың айтқанынан құлағым шалғаны – «Ертарғын алғаш Ақжүністі Ақжонаста көріпті» деген. Аңыз ба, ақиқат па – оған күні бүгін көзіміз жетіп тұрған жоқ. Мүмкін, «Қырымның қырық батырындағы» «Ақжонас батыр» жыры да осы топырақта дүниеге келген шығар.

 Құрманғазыға қойылған белгі – ескерткіштің дәл түбінде «Кененбай үңгірі» деп аталатын ғажап шұңқыр жатыр. Оның ішіне түскенде шағын шахтаға кіргендей боласыз. Айналаның барлығы қабырғалар, аяқтың асты мен төбені жауып тұрған тіреулердің барлығы – көк тас. Қуыс-қуысты қуалап ілгері жүре беруге болады. Бірақ бірқатар қуыстар, қабырғаны тесіп жасалған есіктер бітеліп, жабылып қалған. Алдымен соны айтайын. Бұл маңда, Ақжонас, Бесшоқы тауларында ертеде (тіпті кешегі елуінші жылдарға дейін) қаптаған ордалы жыландар көп болған екен. Олардың ішінде алуан түрлі ірілері де, қамшының басындай зулап өтетін ақ жыландар да аз болмаған. Оларды көрген адамдар әлі де жетерлік.

  Елуінші жылдарда Мәскеуден арнаулы экспедиция келіп, ордалы жыланды ұстаған. Темір қоржынға салып, көбін ұшақпен тасып әкеткен, қалғанын қыра берген. Жылан терісін жинағандарға уыс-уыс ақша ұстатқан. Ұзындығы бір метрден асатын жуан жыландар болған, олардың терілері өте бағалы деп есептелген. Сол бір алатопалаң қырғыннан қорыққан жабайы жәндіктер үдере ауып, әлгі айтқан «Кененбай үңгіріне» қопарыла құлаған. Қаракүрең төбедей үйілген жыландарға жарылғыш зымыран тастап, құртып, өртеп жіберген. Содан ба, әлде тірі қалғандары бас сауғалап безіп кетті ме, әйтеуір, Қошалақ өңірінен ондай ордалы жылан бүгінде кездеспейді. «Кененбай үңгіріндегі» қатты қопарылыс жарылыстан көк тас қабырғалардың бірқатары құлап, үңгір-шахталар бітелген. Оларға кіретін тесіп жасалған есіктер көміліп қалған. Ал, ол есіктен кіргенде арғы жағында не бар екені – әзірге жұмбақ.

 Қошалақта туып-өскен марқұм Құттығали Нәбиев былай деп еді:

— Өткен ғасырдың елуінші жылдарының бас кезінде әкем мені «Кененбай үңгіріне» ертіп әкелді. Мен баланың кенжесі едім, сондықтан әкем атына мінгестіріп, жанынан қалдырмайтын. Ол кезде менің әлі он жасқа толмаған шағым болатын. Күні кешегідей барлығы да көз алдымда тұр. Аттылы кісілер аттарынан түсіп, «Кененбай үңгіріне» жиналып кірді. Қарттардың қолында білтелі май шам, аяқтарын еппен жәй басады, тасыр-тұсыр дыбыс шығармауға тырысады. Жер-жерден құран аяттарын оқып, әлдебір әруақтарға сиынып келе жатырғандарын бала болсам да айқын сездім. Бір есіктен кіргенімізде қарттар қатар тұрып күбірлесіп жиналып қалды. Әкем мені өзінің артына ұстады. Алдыңғы жақтан жиналған үйдің дүние-мүліктерін көрдім. Үлкен кісілер әруақтарға сиынып тұрып, бір үлкен сандықтың қақпағын ашты. Таңданған, шошынған түрлері байқалды. Бірақ мен сандықтың ішінде не бар екенін көре алмадым, алдымда ылғи қарттар тұрды. Келесі үңгір бөлмеде де құпиялы заттар көп сияқты болды. Оған мені жібермеді, үңгірдегі дүние-мүліктің құпия тарихын әкем бізге айтпады. «Сендер баласыңдар, ондай әңгіменің керегі жоқ», — деп тоқтатты. Артынан көп ұзамай Мәскеуден келген экспедиция күшті жарылыс жасады да, құпия бөлмелерге кіретін есіктер көк таспен бітеліп қалды. Содан бері «Кененбай үңгірінің» сырын анықтауға ынталанған ешкім болмады.

  Бұл әңгіме тыңдаған адамды қайран қалдырды. Кененбай деген кім, қашан өмір сүрген? Оны да нақтылайтын деректер ұшыраспауда. Аңыз-әңгімелерде Кененбай батыр елге, кедей-кепшікке қамқор, жаны жомарт, жаугершілікте көп жүрген адамға ұқсайды. Үңгірдегі жабық шахталарда қалған, жиналған дүние-мүліктерде қандай сыр бар? Мұнда мұражайға қойылатын көп мұрағаттар жатырғаны даусыз. Ол қазыналар неге жер астына жиналды? Тұрғындар кімді әруақ санап, үңгірге аяқ басқан сайын құран оқып, дұғасын жасайды. Ертеде өзіміз де бала кезімізде «Бесшоқы» тауында үлкен құпия сарай бар, оның іші алтын мен күміске толы дүние-мүлік екен. Бірақ, оларды шайтан иеленіп қалған, діни оқулары терең адамдар ғана оған дұғасын айтып кіре алады екен» деген әңгімелерді мектептің жатақханасында жатып, әр баланың аузынан естігеніміз бар. Қалай дегенде де, «Кененбай үңгірінің» қуыс-қалтарыстарының барлығын ашып, зерттеп қараса, туған жердің тарихына тың деректер табылып қалар еді.

  «Кененбай үңгірі» Еділ-Жайық жерінің тарихында өшпес із қалдыратын дала жәдігері саналуы тиіс. Олай дейтінім – ғұлама жазушы Әбіш Кекілбаев 2002 жылы Махамбет жайлы «Шандоз» романын жазарда осы «Кененбай үңгіріне» түсіп, көк тасқа отырып, тарихи шежірелерді қозғап еді. Бұл көріністі кезінде «Атырау» газетінде жазғанбыз. Енді, «Кененбай үңгірін» зерттеуді қолға алып, Әбіш Кекілбаевқа ескерткіш-тақта орнатса да артық болмас еді.

Рахмет ИМАНҒАЛИЕВ, өлке зерттеушісі.

Құрманғазы ауданы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button