Жарнама
Қоғам

КЕМЕҢГЕРЛІК КЕЛБЕТІ

Биылғы сайлау – өзгеше бір леп әкелген, халықтың рухани өмірін ерекше байыта түскен, құндылықтарды бағалай білуге үйреткен айрықша оқиға. Осы жерде сонау бір алмағайып күндерде көші ауып бара жатқан халқының келешегіне кәміл сенген, сенген де өзін-өзі біржола ұмытып, өз өмірін тек халық деген ұғыммен алмастыра алған Көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаевпен болған менің әр кездердегі жүздесулерім көңілімнің көкжиегінен ғажап бір сәуледей қалқып, елес боп өтіп жатты.

Маңдайы жарқыраған, дидары нұрға толы парасат иесінің халық көңілін жаулап алғанының куәсіндей болған бұл сайлау Елбасыға деген ел-жұрттың айнымас махаббатының айқын дәлелі  де болды.

Халықтың ел өміріндегі айтулы оқиғаға бұрын-соңды дәл осылай ықылас-пейілін арнаған сәті тым сирек. Көгілдір көктем күнінің өзі сол бір күндері осы шежірелі сәтті ұмытпауға тырысқандай ерекше тамылжып, маужырап қалғанын айтсаңызшы!

Мемлекет басшысының тарих сахнасындағы абырой-беделі мен тау көтерген Толағайдай ерен еңбегінің әлемдік  деңгейде  танылған күні – дәл осы күн. Өйткені, бүкіл Қазақстанның құндылықтарының жиынтығы мен Тәуелсіздік алған бел-белестерді дәл осы күні жарқырата көрсете алдық!

Қазақстан халқы өткен күндерге ойлы көзбен бағамдай қарап, бүгінгі бағындырған биіктерімізді саралады және Келешек күндерге нық сеніммен аяқ басты. Халықаралық байқаушылар мен сарапшылардың таңданысында шек жоқ. Олар тек іс жүзіне асқан оқиғаларды тізбелеп, өздерінің оңды толғаныстарын айта алды. Қазақ халқының бағына қарай туған феномен тұлға өзіне сенген халқын талай қауіпті өткелдерден дауылға алдырмай, толқынға шайдырмай болашаққа бастап келеді.

Елбасымыздың халықтың осыншама махаббатына бөленуінің сыры неде?

Осы жағдайларға көз жібергенде, ең алдымен, адами қасиеті, жоғары адамгершілік болмысы, саяси ахуалдарды тамыршыдай дөп басып танитын парасат-пайымы ойға оралады. Оның кемеңгерлік келбеті – келешекпен кеңес құрып, елді жаңа мақсат-мүддеге жұмылдыруында, тың идеялар ұсынып, көкейкесті мәселелерді жаңа жобалар арқылы шешуі халыққа күш пен жігер беруінде, алдағы болашаққа деген халық құлшынысын арттыруында.

Қазақ елі ширек ғасырға жуық уақыт ішінде талай қиындықтар мен сыртқы саяси ахуалдарға қатысты бөгеттерден өткені айқын. Бізге ұрпақ алдында үлкен жауапкершілік, ұлы міндет жүктелді. Бірақ, Елбасының нұсқауымен дамудың тұрақты жолына түстік. Нұрсұлтан Әбішұлы бізге ешкімнен көмек сұрамауды, өзімізге ғана сенуді, ынтымақты бірлікте ұйымдаса отырып тиімді еңбек етудің жолын көрсетті.

Оның жүгі бәрімізден де ауыр еді. Оның жолы бәрімізден де қиын еді. Оның шығар биігі, алар асуы бәрімізден де биік еді. Ол ел үшін, бүкіл халық үшін, тарихы мыңжылдықтар тереңіндегі ұлан-байтақ даламыз үшін жауап беруге тиіс болатын.

Тарихқа жүгінер болсақ, әлем шежіресінде мемлекет басшылары  арасында халықтың сан ғасырлық арман-мүддесін заман ағымымен байланыстыра отырып, дәстүр жалғастығын жүзеге асыратын біртуар дарынды тұлғалар өте сирек. Осы тұрғыдан алғанда кемел ақыл мен кемеңгерлік идея иесі – Елбасын мақтаныш етуіміз өте орынды.

Біріншіден, ол кезіндегі перифериялық кеңестік республиканың келбетін ырғақты дамып келе жатқан мемлекет және өсіп-өркендеген заманауи қоғамға өзгертті. Қойны қазына-байлыққа толы ұланғайыр даланы адам танымастай жаңартты. Ақырында түске де кірмейтін табыстарға қол жетті. Егемен ел экономикасы 16 есеге күшейді. Халықтың әл-ауқаты өсті, өмірге жаңаша көзқарас пайда болды.

Екіншіден, қазақстандық қоғамды бейбітшілік пен келісім мекені ретінде әлемге танытты. Жүзден астам этнос пен 17 әртүрлі конфессияның басын біріктіріп, топтастырды. Қазақстандық патриотизм осыған негізделді. Елдің болашақ табысы мен жеңісі-азаматтардың жасампаздық көңіл-күйінің демеушісі болатынын дәлелдеді.

Елбасымыз бүкіл халықтың тұрақты, мызғымас, мәңгі өркендеуші мемлекет туралы арманы мен тілегін «Мәңгілік Ел» идеясына сыйғызды.

Үшіншіден, Сарыарқаның төрінде әсем бір әндей, ата-бабамыздың асқақ пафосты, патетикалық қуатты әуеніндей жаңа сәулетті қаланың негізін қалап, оны әлем таңғаларлықтай жобамен тұрғызды. Қысқа ғана уақыт ішінде салынған Астана шын мәнінде жас мемлекетіміздің өсіп-өркендеуінің көрсеткіші ғана емес, Тәуелсіз елдің символына айналды.

Төртіншіден, «Қазақстан–2050» Стратегиялық жоспары арқылы жастарды еңбектегі ерліктерге және зор жеңістерге жігерлендірді. Бұл жоспарға ХХІ ғасырда қуатты мемлекет болу, ең өркендеген 30 елдің шоғырына кіру жөнінде батыл ұмтылыстар және бүкіл халықтың арман-мүддесі топтасқан.

Бесіншіден, «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық саясаты арқылы әлемдік экономиканың дағдарыс жағдайындағы дамуының ерекшеліктері мен аспектілерін алдын ала көре білген ол жақын жылдарға арналған қозғалыстың басты бағдарлаушысы, нақты іс-шаралардың бастаушысына айналды.

Қазақстандық өркениет алдағы уақытта әлем алдында үлкен бір озық теория ретінде мойындалып, зерттелетін болады. Оның авторы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанымын, көзқарасы мен идеялық құндылықтарын түсіну оңай емес.

Елбасымен бірнеше рет жүздескен және оның сенімі мен мұраттарына адал жан ретінде негізгі үш қасиетін айтып кетейін.

Біріншіден, Елбасы бойындағы ең асыл қасиет – адал достықты құрметтеп, елдің ынтымағы мен татулығын нығайта түсуі. Бірлік бар жерде тірлік бар. Кез келген жанның жүрек түкпірін танып, оған достық қолын ұсыну арқылы, барша қазақстандықтарды бір атаның баласындай тең дәрежеде ұстауының өзі – үлкен көрегендік.

 Екіншіден, Елбасы халық өнерін құрметтеп, өнер иелерін айрықша ардақ тұтады. Қажет жерінде қол ұшын беріп, талантты тұлғалардың өсуіне өз ықпалын тигізеді. Дарынды өнер иелерінің халық алдында беделі мен абыройының биіктеуіне үлкен мән береді. Шындығында өнер иелері халықпен біте қайнасқан жандар, олардың әр туындысы халық сөзі, елдің үні. Елбасы осыны тереңнен ойлайды. Осының өзі – данышпандық шешім.

Үшіншіден, әл-ауқаты нашар отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға  деген қамқорлығының өзі жүректі толқытпай тұра алмайды. Оған деген елдің терең сезімінің астарында осы данышпандық болжамдар жатыр.

Мен Нұрсұлтан Назарбаевпен сонау 2005 жылы Президент сайлауының алдында Атырауда жүздескен едім. Осы жылғы сайлауда Президенттің өз штабына алынып, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарындағы сенімді өкілі болғанмын. Сол сәттегі қарапайым халықтың Нұрсұлтан Назарбаевқа  деген құрметі мен шынайы ризашылығы бүгінгі таңда еселеп өсе түскені анық байқалады. Көл-көсір пейілдер мен өз болашағына деген сенім мен биік мақсат оларды  дұрыс таңдау жасауға жетелегені анық.

Халқымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жасампаздық жолына сенеді, мемлекеттің және қоғамның жан-жақты дамуының жаңа серпілісі болып табылатын Бес халықтық реформаны бірге жасайды.  

Қазақстан және Қырғызстан Республикаларына еңбек сіңірген қайраткер, Атырау облысының Құрметті  азаматы, композитор, жазушы, өнертанушы  Илья ЖАҚАНОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button