КЕМЕҢГЕРДІҢ КЕМЕЛ ЖОЛЫ
Тәуелсіздігімізді жаңа алып еліміз әлі әрі-сәрі күй кешіп жатқан 90-шы жылдары Арқа төсінен қазақ жұртының абыройын асқақтататын жаңа астана салдыруы да Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ойы ұшқыр, қиялы жүйрік көрегендігінің тағы бір көрінісі болды. Елордамыз жайында сөз қозғалғанда «Елбасы, тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еріксіз еске түседі», деп жазды белгілі қазақ ақыны, қоғам қайраткері Кәкімбек Салықов. «Ол қазақстандықтардың көкірегінде берік ұялаған шынайы сезімнің айнадағыдай анық көрінісі. Вашингтон дегенде АҚШ-тың бірінші Президенті Джордж Вашингтон, Санкт-Петербург дегенде орыстың Ұлы императоры Бірінші Петр елес беретіндей, Астана дегенде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты заңды түрде еске аламыз, бұл сезім – нағыз таза сүйіспеншіліктен туған риясыз сезім. Елорда Елбасының таңғажайып ерлігі десек, ол – тарихи шындық» («Егемен Қазақстан», 2009 жылғы 19 маусым).
Шын мәнінде, «Тотыдайын таранған, сұңқардайын сыланған» Астанамыз бүгінде әлемдегі ең жаңа және әсем қалалардың бірі болып отыр. Жаңа шаһар тікелей Елбасының арман-қиялынан, озық идеяларынан туған қала екенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Сәулет өнерінің ең үздік үлгілері, әлемдік, инновациялық технологиялар жетістіктері бойынша салынған жаңа Астананың бас сәулетшісі, авторы ретінде тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың есімі тарихымызға алтын әріптермен жазылатыны сөзсіз.
Тәуелсіз мемлекет тарихымен тұғырлы
Елдің елдігін, мемлекетіміздің мемлекеттігін дәлелдеп, тәуелсіздігімізді айдай әлемге танытатын ең басты құралымыз тарих екені белгілі. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы ғалымдарымызға ата тарихымызды терең зерттеп, зерделеуді тапсырғаны сондықтан. Тарихы жазылмаған мемлекет тәуелсіз мемлекет болып қала алмайды. 1998 жылды Елбасымыз «Халықтар тұтастығы мен ұлттық тарих жылы» деп жариялап, ғалымдарымызды, зиялы қауым өкілдерін, ғылыми зерттеу мекемелерін Қазақ тарихын зерттеуге жұмылдырып, бұл іске қыруар қаржы бөлдіргені тегін емес. Осынау ұлан-ғайыр істің бастамасындай өзі де төл тарихымызды жан-жақты зерделеп, мемлекетіміздің қалыптасу кезеңдерін тайға таңба басқандай етіп көрсетіп, 1999 жылы «Тарих толқынында» деп аталатын көлемді тарихи-танымдық кітабын жарыққа шығарғаны белгілі. Бұл кітап әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, төрткүл дүниеге жас Қазақстан мемлекетінің түп тамыры тереңде жатқан мемлекет екенін танытқан сүбелі еңбек болғанына иісі қазақ шаттанды.
Тарих демекші, тарихы бұлыңғыр елдің – болашағы да бұлыңғыр. Сондықтан, ел тарихы бұлыңғыр, көмескі күйінде қалып қоймай, жарқырай ашылуы керек. Осы арада Елбасымыздың биылғы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойында айтқан мына сөзінің мәні зор. «Кеңес Одағы заманында Қазақстан мектептерінде оқушылар «КСРО тарихы» атты ортақ оқулықтан білім алды,- деді Елбасы. – Сондықтан жас ұрпақ ата-тарихымыздан мүлде алшақтап қалды. Оның үстіне Қазақ хандығының шаңырағын көтеріп, айбынын асырған ұлы хандарымыз бен даңқты батырларымыздың есімдері біртіндеп ел жадынан өшіріле бастады. Өз ішімізден шыққан оларды жамандағыштар құрметке бөленді. Қазақ хандарының аты атала қалған жағдайда оларға үстем тап өкілі ретінде келеңсіз баға беріліп, қисынсыз айып тағылды».
Иә, коммунистік идеология Кеңес Одағының құрамында болған ұлттық республикалардың тарихын аңызға айналдырмай, тарихтың тағылымды тұстарын ұлт жадынан өшіріп, оларды мәңгүрттендіруге, орыстандыруға тырысқаны жасырын емес. Оның үстіне бұрынғы отаршылдық үстемдігінен айырылғысы келмеген Ресей саясаткерлерінің «Қазақта бұрын нақтылы жер аумағы, шекара да, мемлекет те болмаған» деп даурығуы біздің Тәуелсіздігімізге үлкен қауіп төндіргені анық. Осындай ұрымтал шақта Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың Қазақ хандығының 550 жылдығын бүкіл ел болып, мемлекеттік деңгейде атап өту жөнінде шешім қабылдауы нағыз көрегендік бастама болғаны шын.
Бұл мерейтойға дайындық барысында тарихшыларымыз Еуропа елдерінің, Қытайдың, Ресейдің, Египеттің және басқа да елдердің мұрағаттарында жатқан тың деректерді жинап, Қазақ мемлекеттігінің тарихын қайта тірілтіп, жарыққа шығарғаны, үлкен сілкініске, жадымызды жаңғыртуға себепші болғаны ақиқат. Астанада, Тараз қаласында өткен іс-шараларға әлемнің әртүрлі мемлекеттерінен тарих ғылымдарының көрнекті тұлғалары, мемлекет басшылары мен өкілдерінің қатысуы Қазақ мемлекеттігінің ақиқаттығына бүкіл әлемнің көзін жеткізді. Алпауыт елдердің өзі Қазақ деген халықтың ежелден келе жатқан тамыры терең ел екенін, өз тарихы, өз мемлекеті болған халық екенін мойындады. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған шаралардың бүкіл ел өңірлері көлемінде атап өтілуі халқымыздың мәртебесін одан әрі асқақтата түсті.
Көрегендіктің керемет көрінісі
Қазан айында Тараз қаласында өткен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерейтойға қатысқан Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ежелгі Тараз мемориалды кешенін, Керей мен Жәнібек хандарға арналған ескерткішті ашумен бірге халыққа арнап сөйлеген сөзінде қазақ тарихын зерттеу, іздестіру және оқыту жөнінде бұдан былай да нақтылы жұмыстар жүргізілетінін атап көрсетті. Елбасымыздың бастамасымен өткізілген хандық тойы бүкіл әлемге қазақтың бұрыннан келе жатқан өз мемлекеті бар өркениетті ел болғанын тағы да бір паш етті. Бұл да болса Президентіміздің көрегендік саясатының жемісі екенін бүкіл халық біледі.
Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен қабылданған «Қазақстан-2030» Стратегиясы толығымен іске асты. Қазақстан әлемдегі ең дамыған 50 елдің қатарына енді. Ал, енді бүгінде еліміз «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасын жүзеге асыруға кірісіп кетті. Жаңа Стратегияда республикамыз 2050 жылы ең үздік 30 мемлекеттің қатарынан орын алуы тиіс. Бұл да біздің еліміздің экономикалық және әлеуметтік әлеуетінің арта түскенін көрсетеді.
Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың дана басшылығы арқасында еліміз тәуелсіздік алған 24 жылда Қазақстанның даму қарқыны артып қана қоймай, оның халықаралық беделінің де өсе түскені анық. Осы жылдар ішінде Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болды, ОБСЕ-ге төрағалық етті, Дүниежүзілік сауда ұйымына қабылданды.
Елбасымыз әлем таныған Ұлт Көшбасшысына айналды. «Назарбаевтай дана Президенті бар қазақтар бақытты ел» деп тамсанатын болды бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған елдер. Біздің Елбасымыздың тікелей бастамасымен өмірге келген Еуразиялық экономикалық одаққа алғаш Ресей, Белоруссия, Қазақстан мүше болса, биыл оның құрамы Қырғызстан, Армения мемлекеттерімен толықты.
Биылғы жылы АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өткен Біріккен Ұлттар ұйымы Бас Ассамблеясының 70 сессиясында сөз сөйлеген Президентіміз Н.Ә.Назарбаев әлемде бейбітшілікті нығайтудың өзекті мәселелерін көтеріп, тың ойларын, ұсыныстарын ортаға салды. «Мен жер бетіндегі өркениеттің таяудағы 30 жылда соғыстар мен қақтығыстардың шиеленіскен түйінін даналықпен тарқату үшін күш-жігер таба алатынына сенімдімін» деген Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев ХХІ ғасырда адамзаттың ең басты міндеті әлемді соғыс қатерінен мүлде арылтатын және оның себептерін жоятын стратегияны жүзеге асыру керектігін ескертті. «Біріккен Ұлттар Ұйымының 100 жылдығына жаһандық стратегиялық бастама – 2045 жоспарын әзірлеуді ұсынамын» — деді Н.Ә.Назарбаев. «Мен Біріккен Ұлттар Ұйымының экономикалық және әлеуметтік кеңесін Жаһандық даму кеңесіне айналдыруды ұсынамын», — деді Қазақстан басшысы. Сондай-ақ, оның «Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік жоспар» жасау идеясы да өте өзекті болды. Әлемді қаржы дағдарысы жайлап тұрған бүгінгі кезеңде оған қарсы біріге күш жұмсаса, оның нәтижелі боларын Елбасымыз дұрыс бағамдап, жер жаһанға ой салды. Жаһандық орнықты даму мен өсіп-өркендеудің мақсаттары мен міндеттеріне сай келетін әлемдік валюта қажет екенін ескертуі де көпшілікті елең еткізді.
Елбасы сөзін әлем қолдайды
Бүгінгі заман – халықаралық терроризмнің өршіп тұрған кезеңі. Жуырда Египеттен ұшқан Ресей ұшағының әуеде жарылуы салдарынан 224 адамның қаза табуы, Парижде болған жарылыстардан жүздеген адам өмірінің қиылғаны, Түркияда, Қытайда және басқа да мемлекеттерде болып жатқан лаңкестік әрекеттер адамзат баласын үрейлендірумен бірге оларды ойландыруға, терроризмге қарсы біріге күресуге жұмылдыруға тиіс. Сондықтан да Қазақстан Президенті БҰҰ Бас Ассамблеясының мінбесінен мемлекеттерді лаңкестікке қарсы күш біріктіруге шақырды. Елбасымыздың осынау мәртебелі мінбеден айтқан басқа да ұсыныстары сессияға қатысушылар тарапынан қолдау тауып, Елбасымыздың да, Қазақстанның да абыройын асқақтата түскені бізді мақтаныш сезіміне бөледі.
Сириядағы, Ауғанстандағы, Украинадағы соғыстарды тоқтату жөнінде мемлекет басшыларының біздің Президентімізбен кеңесуі де Нұрсұлтан Әбішұлының халықаралық деңгейдегі абырой-беделінің арта түскендігінің жарқын көрінісі. Оның беделін бүкіл әлем мойындап отыр десем асыра айтқандығым емес.
ҒАБИТ КЕНЖЕБАЕВ, АБАЙ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰПУ ПРОРЕКТОРЫ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР.