Жарнама
Қоғам

Келісті келін ұяңды сақтар

ОТБАСЫ – ШАҒЫН МЕМЛЕКЕТ. ОНЫҢ ДА БАСШЫСЫ, АРМАН-ТІЛЕГІ МЕН ИГІ ІСІН АЛҒА ЖАЛҒАР ІЗБАСАРЫ, АМАНАТЫН ОРЫНДАР ҰРПАҒЫ БАР. ҚОҒАМ ЖҮЗДЕГЕН, МЫҢДАҒАН ОТБАСЫНАН ТҰРАТЫНДЫҚТАН ШАҢЫРАҚТАРДЫҢ МАҚСАТ-МҰРАТЫ КІМ-КІМДІ ДЕ СЫРТ ҚАЛДЫРМАЙДЫ. МІНЕ, СОЛ СЕБЕПТІ ДЕ МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНАН БАСТАП, МҮДДЕЛІ ОРЫНДАРҒА ДЕЙІН ЕЛДЕГІ ОТБАСЫ МӘСЕЛЕСІН БӘРІНЕН БИІК ҚОЙЫП, МҮМКІНДІГІНШЕ ОЛАРҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТЕДІ.

 Бір шаңырақ астында – үш ұрпақ

Елімізде қолға алынған «Мерейлі отбасы» шарасының арқасында қаншама үлгілі шаңырақ танылып, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Сондай отбасының бірі – Исатай ауданы Тұщықұдық селосында тұратын Бекбай Аманов пен Гүлжанай ананың əулеті. Бүгінде жастары сегіз ондыққа жақындап қалса да, тақтан түсіп, саптан шықпаған ерлі-зайыптылардың шаңырағында үш ұрпақ буыны тату-тəтті тұрып жатыр. Олар – өздері, бала-келіні – Мұратби мен Майра, немере бала-келіндері – Мұхаммедрахим-Айдана, Қайрат- Зульфия, Ақжол-Іңкəр.

– Мен бұл шаңыраққа тым жас, 17 жасымда келін болып түстім, – дейді бізбен арадағы əңгімеде бас келін Майра Құдайбергенқызы. – Өмірлік қосағым Мұратби екеуміз төрт ұлға ата-ана атандық. Екі үлкенінен ұрпақ жалғасы — немерелер сүюдеміз. Ерім мұнай кəсіпшілігінде жұмыста. Өзім біраз жыл медбике болып істедім. Соңғы бес-алты жылдан бері жеке кəсіпкермін, кіші ұлымыздың есімімен аталатын «Мұрагер» атты азық-түлік дүкеніміз бар. Ал, атамның атындағы жеке қожалық жұмысымен үшінші ұлымыз Ақжол айналысуда.

Сұхбаттасушымыз Майра «бұл өмірде тату тірлікке ештеңе де жетпейді» дейді. Ол 39 жасында – ене, 40 жасында əже болды. Келген жерінің көңілінен шығуға ұмтылды. Үлкендердің «тастай батып, судай сің» деген сөзіне ден қойды. «Үлкен бала- келінді бөлек шығардық. Қолымызда кіші екі ұл мен екі келін. Сау болсын, келіндерімнің «осы қалайы» жоқ, алдымызда сызылып тұрады. Қос ата мен қос енеге үлкен құрметпен қызмет көрсетеді. Алла тілеулерін бергей!»-дейді.

«Бұлт арасынан еліктің лағын көрдік…»

Өз ортасына сыйлы шаңырақтың бірі – Индер ауданының Аққала ауылындағы Есмұхановтар əулеті.

Ол аймақта марқұм Бисен Есмұханов пен Тəттіқыз Тілегенованы білмейтін адам кемде-кем шығар. Сексеннен асып өмірден өткен үлкендер, əсіресе, қолдарындағы келіні – Гүлжан Ермағанбетоваға дəн риза-тұғын. Жасы ұлғайып, басы ауырғанда, балтыры сыздағанда жанында қолұшын берер жанашырының болғанын кім қаламайды дейсіз. Қос қария өздерін жас балаша күткен Гүлжан келіндеріне риза болып, ақжарма алғыстары мен ақ баталарын берген еді.

– Атам марқұм жатса-тұрса: «Алла, балаларыма бейнетімді көрсетпейін» деп тілеумен болды. Ал, енем ұзақ ауырды. Айлап төсек тартып жатты. Ата-ене ешқашан бөтен болмайды, ол – барша келіннің екінші ата-анасы. Осылайша, мен анамыздың айығуына бар күшімді салдым. Дəрі- дəрмегін бердім, массажын жасадым, көзіқарақты дəрігерлерге көрсеттім. Еңбегіміз еш болмады. Жаратқан иеміз сəтін салып, анамыз аяғынан тұрды…

Сенесіз бе, екеуінің дəм-тұзы таусылып, ақ жуып, арулап аттандырған күні кешқұрым отбасымыз болып көктегі ақша бұлттар арасынан еліктің лағын көрдік. Мен үлкен

аруақ иесі – Бекет атамызды қатты дəріптейтінмін. Мұны мен жай көрініс емес, сол аруақты атамыздың еліктері деп түйсіндім. Марқұм ата-енемнің о дүниеге риза көңілде аттанғандарын білдім, — дейді келіндері Гүлжан.

Қазіргі күнде Гүлжан мен оның өмірлік серігі Сейітжанның өздері де ата мен ене атанған. Ұлдары – Есенжан мен Есімжан шаңырақ көтерді. Қолдарына Айкүн мен Ақмарал атты аппақ құстарын əкеліп қондырды. Олардан

Асылжан, Аяла атты немерелер көріп, арты жалғасып жатыр. Қыздары Нұргүл де бойжетті, студент. Атадан қалған кəсіпті дөңгелентіп отырған Гүлжан қос келінімен бірге жылқы сауып, шұбат, саумал дайындайды. Шағын дүкен ұстап, ауыл тұрғындарын сапалы азық-түлік тауарымен қамтамасыз етеді. Оның үстіне Гүлжанның Алла сыйлаған сынық салатын қасиеті бар- тұғын. Жанын қоярға жер таппай келетін адамдарға шипалы алақанымен жəрдем етеді.

Иманды əйел – үйіңнің ажары

Үлкендер айтқандай, Жаратушының разылығына ие болғысы келген ақылды əйел əрдайым өзінің некелі жарын қадірлеп, құрмет тұтады. Сол себепті ол келген жеріне үлкен құрметпен қарайды. Жақсы жар, иманды келін енесін өз анасындай қарауға, бағып- күтуге ұмтылады. Себебі, əрбір келін отбасының берекесі енесімен қарым-қатынасында жатқанын біледі. Аса қамқор, ерекше мейірімді Жаратушымыз: «Маған жəне ата-анаңа алғыс айт. Қайтып келер жерің – менің алдым» дейді екен. Бұған қоса Алла «сыйлауға, алғысқа лайық» деп, өзінен кейінгі орынға ата-ананы қояды.

Л.ШАЙХАШҚЫЗЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button