ҚАЗАҚТЫҢ БАЛАСЫ – АТЫРАУДЫҢ ДАНАСЫ
* * *
1974 жылдың шілде айының аяғы. Гурьев облысының Ресеймен шектес қиядағы Азғыр өңірі. Қуаңшылық жылдары қу мекиен дала қуарып, күлгін тартып шаңытып тұрады. Лүп еткен жел болса көтерілген қою шаң аспанға ұласып, қара бұлттай жан-жағыңды тұмшалап, даланы да, ондағы мал мен адамды да майда сұрғылт құмға көміп тастайды. Далалықта әр жерде тырбиып өскен жусан борпылдаған шаңыт топырақтың астында бүркеліп, жерде қылтанақ шөп жоқтай қуарып жатады. Сонда жайылымдағы малдардың күйі ажырап, азады. «Жадауға бит-қотыр үйір» дегендей, түрлі аурулардың белгісі білініп, мал көптеп шығынға ұшырайды. Сондай кездің бірі болатын. Мал қоңдылығы кеміп, жаппай көтеремге шалынудың алдында тұр. Бұндай жайдан хабардар болған облыстық кеңес атқару комитетінің төрағасы Оңайбай Көшеков келді. «Сүйіндік» және «Балқұдық» кеңшарларының басшылары мен бас мамандарын жинап, мәжіліс өткізді. Бұрындары жиналыстарда сырттай көріп жүргенбіз. Салмақты, сабырлы жүрісі мен орнықты сөздеріне риза болатынбыз.
Бүгінгі кездесуде де осы қыры көп көңілінен шықты. Сол кездегі қалыптасқан ұзын-сонар әңгімеге салынбай, нақты ұсыныстар мен іс-қимыл жоспарларын түйіндеп, күрделі мәселені жарты сағат көлемінде шешіп тастады. Алынатын іс-шарамызды белгіледі. Облыстың тарапынан көрсетілетін қолдау мен көмекті нақтылады.
Сол жиында қоғамдық малдың орынсыз шығынға ұшырауының себебін анықтайтын зертхана қажеттігі де көтерілді. Мал дәрігерлерінің шұғыл шара алуы үшін автокөлік тапшылығы туындап жүргені де қаперге берілді. Ауыл өмірін жете білетін, өзі қиындығын көрген Оңекең біздің тілегімізге түсіністікпен қарады. Бұл орайда ол кісінің қарапайымдылығы, лауазым биігіне көкірегін алдырмаған парасаттылығы айқын аңғарылды. Әр маманның сөзіндегі шаруаның түйінін шешетін тұсын дәл басып аңдады. Жиналысты қорытындылай отырып, малдәрігерлік зертхананың бөлімшесін ашуды кейінге қалдырмай, сол орайда шешімін шығарып, тапсырмасын берді. Оны бақылауды көмекшісіне тапсырып, екі айдың ішінде орындалуын қадағалауды жүктеді. Мал дәрігерлеріне автомашина бөлу жөнінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығына жылдық қордан тыс арнайы малдәрігерлік қамтуға арналған автокөліктің қажетті түрін алдыруға Ауыл шаруашылығы министріне хат дайындауды тапсырып, өзінің сөйлесетінін, мәселенің жыл аяғына дейін шешімін табатынын жеткізді.
Сол жолғы жүздесуден-ақ өз басым Оңайбай Көшекұлының нәрсені байыбына барып зерделеп, ой елегінен өткізетін, парасат пайымы мол, байлауы мықты басшы екенін пайымдап едім. Осындай бірегей қасиетімен ел құрметіне бөленген ол әр істі мамандармен келісті кеңес арқылы атқаруды ар алдындағы парызым деп іс тындыратын. Бұл жалаң пікір, жалған мақтау еместігін дәлелдейтіндей екі мысал келтірейін:
1976 жылы қараша айында Компартияның Орталық Комитетінің ауыл шаруашылығын интенсивті дамыту үшін оны мамандандыру, шоғырландыру, механизацияландыру шарасын жүзеге асыруда Теңіз ауданындағы мал шаруашылығы саласындағы сегіз кеңшардың бесеуі қой малын, үшеуі ірі қара малын өсіруге мамандандырылып қайтадан құрылды. Калинин және Киров атындағы, «Октябрь» кеңшарларының әрқайсысында он мың бастан сиыр малы шоғырланды. Қой өсіретін шаруашылықтар қайта бөліс пен орналастыру кезінде кең жайлау, сайлы қора-жай, адамдары тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Киров атындағы кеңшардың да малшылары үймен, малы жылы орын, кең жайлауды иемденді.
Алайда, бұл тұрғыдағы жағдай Калинин атындағы совхозда өте сын көтермейтін халге ұшырады. Мен кеңшар парткомының хатшымын. Мәселенің мән-жәйі аудан, облыс басшыларына мағлұм етілді. Келесі, яғни 1977 жылы облыстық кеңес жетпейтін тұрғын үй, мал қораларымен қамтамасыз ету мәселесін шешуге көмек жасалып, облыстағы ірі-ірі трестер мен басқармаларды шефтік мекемелер етіп бекітіп, әрқайсысына тұрғызатын құрылыс нысандарын белгілеген шешім шығарды.
Жылдың басынан әр мекеменің есігін тоздырып, аталған құрылыс жұмысын бастауды сұрап жүруге тура келді. Облыстағы автотрестің басшысы Жаниязов Серік іскерлігін, жағдайды түсінетін басшы екенін танытып, күн жылына жұмысқа кірісіп, жаз ортасына біраз істі еңсерді. Бірақ, көпшілік мекемелер белсенділік танытпай, жылы сөзбен шығарып салып «ұзын арқан, кең тұсауға» салды. Мәселе аудан, облыстық ауыл шаруашылығы басшыларының араласуымен шешілмейтіндігі түсінікті болды.
Жаз ортасынан бастап облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөліміне және хатшысына барып мәселе қойдым. Олар өз деңгейінде араласса да, мәселенің нәтижелі шешілуі тағы да күмәнді болуға айналды. Сөйтіп, олардың кеңесімен облыстық кеңес атқару комитетінің төрағасына кіруге тура келді. Мені қабылдаған төраға ағынан жарылып бар шындықты ашып салды.
— Көмекке белгіленген шефтік мекемелер – одақтық министрлікке бағынатындар. Басшылары Москвамен тікелей байланыста, жергілікті басшылықтың сөзін жүре тыңдайтын жайлары бар. Оған қатаң талапты ойланыңқырап қоюға тура келеді. Сондықтан, бұл мәселеңді Оңекеңнің (ол кезде Оңайбай аға облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болатын) өзі шешпесе.., — деп ол сөзінің аяғын созыңқырап аяқтады. Мен тұруға ыңғайланғанда төраға «ол кісі еңбек демалысында, келгесін жағдайды айтармын, тиісті шешім алармыз» деді.
Айтылған уақыт болды, арада бірер жұма өткенде облыстағы мал қыстағына дайындық барысы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысындағы мәжілісте қаралып, соған шаруашылық басшылары да шақыртылды. Обкомның залында облыстық мекеме басшылары да түгел дерлік жиналған. Оңекең осы жолы жергілікті жердің мұң-мұқтажына жүрдім-бардым қарайтын одақтық бағыныстағы мекемелерді сын садағына алды. «Мемлекеттің халық шаруашылығын дамытудағы кешенді бағдарламасы бар. Ол – бір саланың, не бір аймақтың ғана көлемінде емес, жалпы одақтық көлемдегі жоспарлар. Облыс сол бағдарламаның бір бөлшегін жүзеге асырды. Осы қағиданы басшылыққа алып, облыстық атқару комитетінің алған қаулысы үкімет шешімі деп маңыз беріп қаралады. Облыс аумағында орналасқан барлық мекемелердің оны орындауы міндетті. Бұл – партиялық тапсырма, оны орындау үшін мекемені басқаруға коммунистер тағайындалып отыр. Партиялық тапсырманы орындау – әрбір коммунистің қасиетті борышы. Сондықтан да, алынған шешімнің орындалуын обком қадағалауға алады, — деп нығарлады. Жиналысқа айбарланып, күдірейісіп келгендер кеуделері басылып, жіптіктей болып жуасып шықты. Сөйтіп, бұрын қабылдауына зар болып жүрген облыстың мекеме басшылары өздері аяқтай келіп жолығып, орынбасарлары құрылыс басында күн құрғатпай болып, шаруамыз шешіліп, жағдайымыз түзелген-ді.
Құрдастары мен замандастары, үзеңгілес жолдастары Оңекеңді жүрек қалауымен басшы деп есептеді. Облыстың ресми емес жетекшісі деп қабылдады. Қалада да, далада басшысы Оңекең, қосшылары Есен Тасқынбайұлы, Мусабай Сағынбайұлы, Айдын Айбаров, Сайфолла Сүйінұлы, Құмар Темірташев, Орынғали Қарасаев, Қайыржан Әлиев сынды азаматтар шоғырын Атыраудың «Саяси бюросы» (Политбюро) деп те атайтын (шындығында да, Оңекең облыстың жетекшісі болып дүниеден өтті).
Қызыл тілді безеген, дәмі жоқ құр сөзден аулақ жүретін Оңайбай аға өзіндік шешендігі бар, мәселенің ұтымды тұсында кесіп билік айтатын. Оны Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің заңды жалғасы деген ләзім. Өйткені, ағамыздың әр сөзінің тәрбиелік мәні болатын. Бірде біздің совхоздың шаруасын аралаған тұста машинада Оңекең – алда, кейінгі орында аудан басшысы бар үш адам жайғасқанбыз. Жол қысқарсын деп әңгіме қозғап айтып келеміз. Кезекті сөз ретінде тілі мүкіс құрдас жөнінде әңгіме қозғаған азамат келемеждеп, ол кісінің сөзін өзінше қайталап, әжуалап отырды. Біз де өзімізше мәзбіз. Ағамыз бізге қосылмады. Оны байқағасын бәріміз де сап тиылдық. Сабырлы қалпынан жаңылмай, байсалды күйінде:
— Адамның мініне күлу не оны келемеж ету тапқырлық емес, әзілдесетін кісің болса да жігерін жасытпай ойнау қажет. Мінін білдіртпей, көңілін тасыту – достықтың белгісі. Адам кеміс болайын деп сұрамайды. Табиғаттың бергеніне не шара, Жаратқан Иеміздің кімге қандай әмірі боларын білеміз бе? — деді ол ойлы кейіпте.
Оңекең аға тәрбиесінде болған туған жиенін ұзатып, оны алып келуге құда болып бардым. Өзінен мүшел жастың үстінде кіші және төменгі деңгейде қызмет лауазымында болған маған тең адамдай тіпті қол қусырып құрмет көрсеткенде өзімді ыңғайсыз сезіндім. Қазақи салтпен құда табақ ас келгенде бас ұстауға ұялдым:
— Оңеке сіз отырғанда бас ұстауға қолым бармайды, — деп ығыстырғанда онымды қабыл алмай, ол:
— Шырағым, Өмірзақ! Жасыңның кішілігі, басқа да жағдайлар – өткен уақыттың еншісі. Бүгінгі күні құдасың. Аталарымыз құданы құдайдай сыйлаған. Шындығында, Шағатай тілінде құдайды – құда деген. Біздің қолданыстағы құда Құдай аты деген сөздің төркіні содан шыққан. Бүгін жолың үлкен, сені сыйлап құрмет көрсетуге тиістімін. Жасымды бұлдап дәстүрден аттай алмаймын. Сыбағаңды өзің ұста, — дегенде ұсынған қолын қайтаруға сөз таба алмадым. Ағаның кісілігі мен кішілігін азаматтық бейнесін көрсеткен ұлылық деп түйдім.
Мына бір оқиға да есіме оралып отыр: өмірлік қосағым Мүслимат уақыт еткенде Оңекең ағалар санаторияда болған, кейіннен ат арытып әдейі келді. Мұсылмандық жолмен бет сипап, жұбату сөз айтылған сәтте:
— Өмірзақ, көңілімді білдіремін. Мәтжан би жырақта жүргенде, сыйлас досының әйелі дүниеден озған екен. Ауылына келгесін көңіл айтып баруға дәм бұйыртпай күн ұзартып алады. Бірде досымен далалықта тап болады. Қысылып ұялады, бірақ, сөзден мүдірмей досынан «Қаратаудан биік не бар?» деп сұрайды. Іле өзі жауап беріп: «Одан биік сіздің үйдің табалдырығы екен» депті. Міне, солай ұялып қалмайын деп, демалыстан келген сәтімде кідірмей келгенім. Бұл да аталарымыздан қалған салт қой, — деген еді.
Міне, енді бірер күннен кейін туғанына 90 жыл толатын Оңайбай Көшекұлы Қазақ елінің төрінде жарқыраған жұлдыздай болып өтті. 1069 жылы Түрік мәдениетінің ұлы да, ұлағатты әдеби ескерткіші «Құтадғу біліг» дастанында Жүсіп Баласағұн:
Бектері де, халқы да сенімді екен,
Сол үшін де елін сонша билеген екен,.. — дегені біздің Оңайбай Көшекұлы ағамызға арналғандай. Мен де ол кісіні бақилыққа жөнелтер сәтте:
Қазақтың біртуар баласы,
Атыраудың данасы, — деген сөзді іштей қайталай бердім…
Өмірзақ ҚАЖЫМҒАЛИЕВ,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,
Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы.