«ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖОЛДЫҢ» ӨНЕГЕСІ
Оның айтуынша, тұтас жылдың бірегей құрылымға арналуының астарында бірліктің, ерліктің дастаны жатыр. Себебі, қазақ халқы қиын-қыстау заманның өзінде тағдырдың айдауымен келген сан ұлт өкілдерін қолдай білді. Міне, Ассамблея жылы аясында бізге осындай парасаттылықты, дархандықты дәріптеуге мүмкіндік туды. Жиын барысында мәртебелі мейман бүгінде елімізге 26 мемлекеттің өкілі арнайы келіп, қазақстандық моделді зерттеу объектісіне айналдырғандығын, 46 мемлекеттің басшысы ел Президентін Ассамблея жылымен құттықтағанын айтты.
Сонымен бірге, Ассамблея Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов бүгінде Ресей, Қытай және Индонезия мемлекеттері тарапынан қазақстандық жолға деген зор қызығушылықпен бірге, таңданыстың да байқалып отырғанын айтты. «Көптеген елдерде азаматтық бірегейлік пен халықтар дәстүрін сақтау мәселесі өткір тұр. Себебі, әлем елдерінде орын алып жатқан түрлі өкінішті оқиғалардың түп тамыры да осы мәселелермен байланысты. Ал, ұлттық мәселелерді мемлекет саясатының негізгі тетігіне айналдырған Қазақ елінде Ассамблея институтына Президенттің жетекшілік етуі, осы құрылымнан Парламентке депутаттардың тағайындалуы Ресей, Қытай және Индонезия мемлекеттерінің таңданысын тудырды. Өйткені, бізде азшылық немесе басымдық ретінде алып қарастыратын ұлттар мәселесі жоқ» деп атап өтті ол.
Ассамблея жылы аясында өткен қайырымдылық шаралар, «Тайқазан» жобасының қорытындылары туралы бірқатар деректер келтіріп өткен мәртебелі мейман сөз арасында жұмыс барысындағы бейресми сәттерге де тоқталды. «Астана күні мерекесінде Ассамблея бір сәтте 735 килограмм ет асып, «Гиннес» рекордтар кітабына енгені белгілі. Сол кезде «бастамамыз қаншалықты сәтті болады?» деген ой мені де мазалады. Бір сәтте қазанда асылып жатқан сонша көлемді еттің иісі бес шақырымға дейін сезілді. Бастапқыда алаңда 1500-ге жуық адам тұрған болса, 25 минуттың ішінде олардың саны 5000 адамға дейін жетті. Мұның өзі халықтың бірлігі қазақтың қасиетті тайқазанынан басталатынын көрсетеді» деген Ералы Тоғжанов Атырауда атқарылып жатқан әлеуметтік, экономикалық бағыттағы жұмыстардың деңгейін жоғары бағалады.
«Адам тағдыры барлық құндылықтардан жоғары тұрады. Қазақстандық модельдің негізі де, мәні де осында» деп мәлімдеді делегация құрамында келген Парламент Мәжілісінің депутаты Жұматай Алиев. «Қазақстан Президентінің саясатын әлем жоғары бағалайды. Себебі, елдегі бірлік пен татулықты қалыптастыруда Мемлекет басшысының еңбегі зор» деген депутат әлемдік экономикалық дағдарысқа қарамастан Қазақ елінің даму жолында екендігін атап өтті.
Жиын барысында ел бірлігін нығайтудағы елеулі еңбегі үшін облыс әкімі, Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Ризашылығын білдірген облыс басшысы этносаралық келісімнің маңызына тоқталды. Одан әрі жергілікті этномәдени бірлестіктің өкілдері елге инвестиция тарту, қазақтың бай мәдениетін, дәстүрін насихаттау мәселелеріне байланысты өз ұсыныстарын ортаға салды.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.