Қазақстандық қамтуға – басты назар
Сәрсенбі күні облыс әкімі Нұрлан Ноғаев «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Тэд Этчисонды қабылдады.
Нұрлан Асқарұлы ТШО мен жергілікті атқарушы органдардың арасындағы байланысты одан әрі нығайту, компания тарапынан қазақстандық тауарларды сатып алу үлесін кеңейту, мұнай өндіру саласында еңбек ететін еліміздің жұмысшы-қызметкерлерінің қатарын көбейту, олардың кәсіби шеберліктерін шыңдауға көңіл бөлу, еңбекті қорғау мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, атмосфералық ауа арқылы қоршаған ортаға тарайтын зиянды шығындардың үлес салмағын мейлінше төмендетудің маңызды екендігіне тоқталып, бас директорды қолданыстағы заң шеңберінде бірлесіп, ынтымақтаса жұмыс жасауға шақырды.
Өз кезегінде Тэд Этчисонжаңадан тағайындалғанаймақ басшысының қызметіне табыстар мен сәттілік тілеп, жылы қабылдауы үшін ризашылығын айтты. Бас директордың айтуынша, компания өткен жылы Теңіз кен алаңынан мұнай өндіру жөніндегі жаңа рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, 27,16 млн. тонна мұнай өндірді. ТШО зауыт кешені үздік өндіріс тиімділігін растады. Мұнай өндіру көлемін арттыра отырып, теңіздіктер табиғатты қорғау шараларына, қазақстандық қамту, облыстағы халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу күн тәртібінен түспейтіндігін мәлімдеді. Бас директор ТШО-ның қазақстандық тауарлар мен қызметтерді сатып алуға жұмсаған қаражаты 2,4 млрд. АҚШ долларына жеткендігін мәлім етті.
«Қара алтын» өндіру жөніндегі өндірістік жоспарларды орындау, аймақ халқының әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешу арқылы жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыс орнатқан «Теңізшевройл» ЖШС ұжымына, оның бас директоры Тэд Этчисон мырзаға облыс әкімі жоғары еңбек табыстарын тіледі.
Қабылдауға кәсіпорынның мемлекеттік органдарымен байланыс жөніндегі менеджері Мария Қаражігітова қатысып отырды.
Бақытжан ЖҰМАТ.
Суретті түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.