Жарнама
Қоғам

ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ЖАННА Д’АРКІ

Ғабеңнің айтар ойын бірден айқын ұғуға болады. Әркімді жынысына қарай бөліп, қиындық, батырлық, ақындық, небір кереметтердің бәрі ерлердің ғана қолынан келеді деп шектеу қоймау керек, әйелдерде де, батырлық, ақындық, парасаттылық мол ұшырасады, соны шын ескерген жөн, өйткені жер бетіндегі бар адамдарға не керектің бәрі ортақ деген ой ұсынған.

Алпысыншы жылдардың аяқ кезінде қазақтың поэзия әлемінде бір жарқылдаған найзағай ойнады. Бұйығылықты жойып, қыздар поэзиясының аспанында сол жарықты алып келген Фариза болатын. Ол өз жырларымен: «Поэзия бәріне де ортақ. Ерлер поэзиясы, әйелдер поэзиясы деген ұғым болмауы керек» деп атой сала келді. Ерлер мен әйелдер поэзиясының арасындағы «Қытай қабырғасын» Фариза жырлары тас-талқан етті және барлық қыздарды «батыл поэзияға», батыл сөйлеуге шақырды.

Ол шындықты ілдалда қылып айтуды, жеңнің ұшынан тамшылатуды қою керектігіне үндеді. Бұл оның өлеңдерінің әр шумағында, әр ырғағында, әр тармағында, бунағында, буынында дүрілдеді.

Қазақ поэзиясындағы бұл жасырылмас шындықты қазақ әдебиетінің тарихы ту етіп көтеріп, әрқашан алға ұстауы керек, себебі бұл – бұлтартпас ақиқат. Фаризаның шындықты шырқырата айтуынан, батыл айтуынан талай сын естіді, бірақ ол алған бетінен қайтпады. «Ақын мінезі – өлеңінде» болатыны әдебиет әлемінде баяғыдан белгілі.

«Фаризаның мінезі» деген ұғым Фаризаның өз поэзиясында айқын көрінеді. Оның мінезі – табиғат сомдап соққан мінез. Ол – батыл, ол – батыр, ол – алдаспандай жарқылдаған жарқын мінез. Оның табиғи мінезі поэзиясына дарыды. Жаугершілік заманда Фариза мінездес қыздарымыз бес қаруын асынып, астына мінген арғымағын арқыратып, жауға аттанған.

Майданда ерлік көрсеткен Әлия да, Мәншүк те Фариза мінездес  десе болады. Бейбітшілік заманда өмір сүрген Фариза адамдар арасындағы бітіспес майданның шайқасына Әлия мен Мәншүк сияқты бас қойды. Ол  поэзияның Жанна д, Аркі болды.

Мен Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетінде Фаризамен  бірге оқыдым. Оқыған бес жыл бойына бір-біріміздің мінез-құлқымызды танитындай дәрежеде болдық. Оқуды тәмамдаған отыз жеті түлектің ішінде алғашқы курстардан бастап, қаламгерлерде, әншілер де, спортшылар да, саясаткерлер де болды. Тауа-тауа әңгіме соғып, әдебиет жөнінде талас туғызып жататын едік.  Сөз өнерімен айналысқандардан аттарын атасам, Нұралы Әжіғалиев, Фариза Оңғарсынова, Қырықбай Бекбаев, Данияр Жәрдемов, Апутан Шоқанов, Ермек Қабдолов және басқалар болды. Олар институт бойынша әдебиет үйірмесіне қатысып, басқа курстың студенттерімен қаламгерлік сайыстарға түсетін. Бәріміз әртүрлі тақырыптарға проза, поэзия хақында мақалалар жазумен айналысатынбыз.

Бұл өнер сайысында жалғыз қыз  Фариза болды. Фаризаға деген көзқарасымыз ерекше болғандығын айтар едім. Ол еш уақытта артық сөз айтпайтын, үнемі ойлы жүретін. Оны басқа қыздармен бірдей көру мүмкін емес еді. Оның бойында бір тылсым, құпия, ерекше қасиет барын байқайтынбыз. Басқа қыздармен әзілдесіп жүрсек, Фаризаға келгенде бізді бір құдірет тоқтататын. Оның тұрпаты бөлек еді. Анда-санда бір езу тартқаны болмаса, көп күлмейтін. Әр нәрсеге мән бере, бар ниетімен терең үңілуге тырысатын. Мысалы, бір лекция болмай қалып жатса, көбіне студенттердің қуанып, желпіне бастайтын әдеті ғой. Ал, Фариза болса, «неліктен», «не себепті» деген сауалдармен қобалжи қарап, мұнда нендей жағдай болды деп қалатын.

Фаризаның студент кезіндегі бейнесі: қара торы, шашын әдемі тараған, маңдай тұсындағы шашы биік толқынды, өзіне жарасып тұрады. Адамға жеңіл-желпі қарамайды. Жанарын тоқтатып, ұзақ сынай қарайды. Жанары ақылға тұнып тұрады. Үнемі ой үстінде жүреді. Артық сөз, оқыс, орынсыз қимыл жоқ. Ешкіммен сөз таластырмайды. Өз орнына баппен келіп отырып, баппен тұрады. Лекцияны мұқият тыңдап, мұқият жазады. Жазуы өте әдемі болатын. Сөйлемдегі әр сөз, әрбір әріп қатарда тұрған солдаттардай, бірі ілгері, бірі кейін емес, тізбектеліп түсетін. Осының өзінен-ақ мектепте үздік оқығаны, ұқыпты оқушы болғандығы көрінеді. Сол ұқыптылық студент кезінде де жалғасын тапқан дерсіз. Оқытушының аузынан шыққандарын кейбір студенттер сияқты айдақтатып жаза бермей, керекті, маңызды деген ойларды ғана өз ой елегінен өткізіп, өз сөздерімен жазатын.

Мұғалімге сұрақтарды да жеңіл-желпі емес, ойлап, мәнді, тиянақты сөйлем құрап қоятын. Ұстаз да өзінің айтқандарына қайырыла соғып, терең үңіле жауап беруге мәжбүр болатын.

Фаризаның осындай батылдығымен бірге бойында қайсарлық та бар екенін байқадық. Себебі кейбір студенттердің орынсыз айтылған сөздеріне өте суық көзқарас білдіріп, жақтырмай, сұсты қабақпен, тапқыр сөзбен тойтарыс беріп тастайтынын көрдік. Сондықтан біз де айтар сөзімізді Фаризаның алдында аса жауапкершілікпен, қатесіз айтуға тырыстық. Кей жағдайда ренжітіп аламыз ба деп ығысып та жүретін кездеріміз болды. Есік алдында қатар келіп қалғанда, жолды Фаризаға беретінбіз. Әрқашан шешілмей жатқан мәселелер болса, Фариза не дер екен деп, өзіне жалтақтайтынбыз. Ол үлкен толғаныспен өз шешімін (көбіне дұрыс болатын) айтқанда, бәріміз жабыла сол тұжырымға құлайтынбыз.

«Жас қалам» газетінің редколлегия мүшесі болғандықтан, газетке жариялау үшін өзінен өлең сұрайтынбыз. Сонда ол «өлең жаза алмай жүрмін, өлең жазу өте қиын» деп қалатын. Мұнысы ақындық болмыстың бір құпиясы еді.              

Фариза ерекше ізденгіш еді. Көркем әдебиет оқу мәселесіне келгенде, оның қолынан ешқашан кітап түспейтін. Орыс әдебиеті, шетел әдебиеті, қазақ әдебиеті классиктерінің шығармаларынан үнемі қолы құрғап көрген емес.

Орыста Ломоносов, Жуковский, Державиннен бастап, ХІХ ғасырдағы Пушкин, Лермонтов, ХХ ғасырдағы аса талантты ол кездегі орыстың жас ақындары Роберт Рождественский, Андрей Вознесенский, Евгений Евтушенко, Белла Ахмадуллинаға дейін, шетел әдебиетінен Шекспир, Драйзер, Бальзак, Гете, Лондондар; қазақ әдебиетінің прозаиктерінен Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Ғабиден; ақындардан Тайыр, Қасым, Хамит, Ғали, Әбулер; сол кездегі жас жазушылардан Зейнолла, Сафуан, Әбдіжәміл, Тахауи және тағы басқалардың шығармаларын бәрімізден бұрын түгел оқып алатын еді. Емтихандарда Фариза асықпай, ойланып-толғанып, айтар жауабында мұғалім қанағаттанатындай фактілер келтіре отырып, билет сұрақтарына жауап беретін.

Студент Фариза осындай еді.

Бұл естелікті жазудағы мақсат Фаризаның батылдығын, алдына қойған мақсаттан таймайтын қайсарлығын, ұқыптылығын, мінезділігін, керек десеңіз, қажет кезде көрсетер батылдыққа дайындығын, айтқанынан қайтпайтын қайсарлығын айту еді.

Ақын өзінің мінезін қазақ поэзиясына дарытты. Фаризаның қай өлеңін оқысаңыз да Махамбеттің қайсарлығын, Абайдың ойшылдығын, Қасымның батылдығын, Мұқағалидың лиризмін көресіз.

Осындай табиғатымен ол қыздар поэзиясын ер ақындар қызығатындай шырқау биікке көтеріп әкетті.

«Өлеңім, өзіме тарт» деп Қасым айтқандай, Фариза Қасым сияқты ұрандамай-ақ, өлеңдерін өзіне тартқызды десе де болады.

Фариза поэзиясын зерттеушілердің бірі оның лирикасына нәзіктік тән десе, бірі асқақ, өршіл үнді дейді. Бірақ, мынаны ескеру керек: Фариза жырларында мұң бар – қыз мұңы, әйел мұңы, ана мұңы бар; терең махаббат мұңы бар. Мұң бар жерде, махаббат бар жерде нәзіктік болады. Фариза поэзиясында өрлік, асқақтық та бар. Себебі, Фариза – батыл, батыр, ешкімнен сескенбейді. Шындықты айтады. Ол ешкімнің алдында жалпақтамайды, айтатынын бетің бар, жүзің бар демей, тіке айтады. Ақын жырлары арқылы қайғырса да,  мұңайса да, қуанса да, шаттанса да, мақтанса да – бәрі шынайы. Төгілген алуан түрлі күйімен өлең өресіне түсіреді. Ақын сезімі өлеңде кейде лапылдап жанып тұрса, кейде сақырлаған сары аяздай қарып тұрады. Адуын асау тұлпардай дауылға қарсы асқақтай шабатын мінезі тағы бар. Бәрі де жүректен шығып, жүрекке жетпей тынбайды.

 

Біреудің күлкісін көріп,

Бақытының түр-түсін көріп,

Шаттанып қалған шағымда,

Жеткендей арман – сағымға,

Қуаныштан дірілдеп денем,

Алдыңа күлімдеп келем.

 

Мұндай шақта ақын шалқар шабытқа ие болады. Мұнда көңілі шалқыған ақын қуаныштан жүрек түбіндегі асылы мен алтынын шашады.

 

Ажалмен айқасқан сәтте,

Қыршын жас

көз ілгенін көріп.

Кешегі доспын дегеннің

минутта жерінгенін көріп,

Кімнен өшімді

аларымды білмей

Кімдерге кінә

тағарымды білмей,

Алдыңа лапылдап келем,

Жарылуға жақындап келем.

 

Ақынның қаһарына мінген шағы осы кезде көрінеді. Осы кезде туған жырлары тот баспаған алдаспандай жарқылдайды. Өлеңнің буырқанған күшін сонда сезінесіз.

Ақынның қаруы – жыры. Ақынның тірегі – өлеңі. Ақынның досы – өлеңі. Ақынның мұңдасы – өлеңі. Сондықтан «өлеңмен қоштаспайды». Себебі өлең:

Күлкімді, жайлы, күнімді,

Азапты, қайғы-мұңымды,

Өзіммен бөліскенің үшін,

Қатем мен жеңістерім үшін,

Менің мынау қиындау

тағдырым болып,

О баста көріскенің үшін,

Өлең, мен сені аялап өтем!

 

Рас, Фариза өз өлеңін аялап өтті. Өлеңі де Фаризаны аялады. Оның өлеңдерін оқыған кезде әр оқырман Фаризаны көз алдына елестетеді. Оның бірде жарқылдап қабағынан күн туғандай күлімдеген жүзі көрінсе, бірде қабағы қарс түйіліп, бірде көзінен от жалындап алдына келгенді жұлып тастайтындай айбатты көрінеді. Міне, бұл – Фариза. Жылдың төрт мезгіліндей құбылған Фариза.

Бұлай құбылу әр адамда болады. Ал Фаризаның – «сөз асылы», «сөз патшасының» тағында отырып құбылуы–ақынның табиғаты.

Фариза поэзиясында ақынның бүкіл болмысы түзілген. Ақын өмір шындығын басынан кешкенін, көргенін, түйгенін, тарихтан меңгергенін өлең атты өнерге айналдырған.

Фариза ақындар көбіне бара бермейтін тылсымдарға ерекше батылдықпен қойып кетеді. Байқалмайтын, адам ойының қалтарысында жататын ғажайыптарды аса үлкен қырағылықпен көріп, көзінің өткірлігімен фантазиясының ұшқырлығын көрсетеді.

Ақындағы ішкі бұлқыныс – өмір шындығының және дәуір рухының атойлауы. Ол шындықтың, дәуір рухының өлең болып,  өмір табу үшін сыртқа, жарық дүниеге шығуы таланттың ішкі байлығы мен келеңдігін, диапазонын білдіреді.

Өнердің, әсіресе, поэзияның алдына қойған мақсаты – тіршілік дүниеде кейде қаннен- қаперсіз жүрген адамдардың санасына жарық сәуле түсіру, дән себу. Сонымен бірге, шетсіз де шексіз өмірдің асқан сұлулығы мен құдіретін түсіне білуге, түйсіне білуге үйрету. Егер поэзия осы міндеттерді атқара алмаса, онда қуат-күші арындаған өлеңді күту де қиын. Фариза поэзиясы – осындай ғажайып мақсат-міндеттерді мүлтіксіз атқарған поэзия. Ақын болмысымыздағы, табиғат әлеміндегі, ақыл-ой әлеміндегі алуан-алуан жарқыл, неше түрлі құбылған сәулелерді өзінің сансыз қырлы спектрінен өткізіп, сол табиғаттан алған күйінде таратпай, оларды сансыз сынықтарға бөліп, жүрегінің «мың градустық» ыcтығына салып, лапылдаған қызуымен шуақтандырады.

Ақын өз басындағы сипат-сырларды бүкіл адамзат баласының ортақ дүниесіне айналатындай етіп көтереді. Азаматтық лирика мен интимдік лириканың құбылыстарының шекарасын бір-біріне ұластырып, әлемдік поэзия жүйесіне айналдыру – Фариза поэзиясының ешкім тартып ала алмайтын қасиеті.

 

Ана,

Жалғыз арқалап

тағдыр  жүгін,

Кең әлемде өзіңсіз

қалдым бүгін.

Сен ұйқыдан оянып

қарсы алушы ең,

Алғашқы таңның нұрын…

Көк орманды бұлбұлмен

үндес едім,

Жесірдеймін тарқатар

түнде шерін.

Өмір кешіп қалғандай

жұртта жалғыз,

Жырыммен тілдесемін.

Анадан айырылу

қандай аянышты десеңізші!

 

Анасынан айырылған әр оқырман ана туралы төгілген ақынның осы өлеңінен өзінің де мұңын сезетінін көріп, өлеңнің әлемдік аренаға шыққандығын білеміз. Адамзат баласына ортақ дүниеге ақынның сансыз жүрек поэзиясының перзенттері осылайша айналды. Оны ақынның өзі де айқын сезді, әйтпесе былай демес еді:

Зула, менің жыр-күймем,

шабыт жегіп!

Жер бетіне ғұмырлы

жарық беріп.

Жүректердің құрсауын

ағыт келіп,

Зорлықтардың зардабын

шеккендерге

Әділеттен сыбаға алып беріп.

 

Ақынның поэзиясын түгел қамтып айтуға бұл мақаланың қауқары жетпейді. Бұл – ақын туралы үлкен монографияның үлесі. Фариза поэзиясының сандаған қырын ақынның он томдық шығармалар жинағын оқып, тұшынған адам ғана ұға алады.

Ақынның махаббат, табиғат, көңіл-күй лирикаларының теңізінен, поэзияның  қалың джунглиін аралап тамашалау – әр оқырманға бір ұлы ғанибет.

Ақынның шығармашылық болмысында тарихи-әлеуметтік тақырыптар баршылық. Әсіресе, көбірек байқалатыны әрлі-берлі заманда да қазақтың әйел батырларының, ақындарының, данышпан ойшылдарының, еңбеккерлерінің  тұлғасы.

Фаризаның поэзия мазмұнына да,  пішініне де көптеген жаңалықтар енгізгендігі жөнінде зерттеушілер тілдеріне көбірек тиек етті. Қазақтың он бір буынды қара өлеңінің, 7-8 буынды өлеңдердің шырайын кіргізген ақындардың бірі – Фариза екендігі айдай әлемге айқын.

Ақын өлең ұйқасының үндесуінде үш буын, төрт буынмен  ғана шектелген жоқ. Ал өлеңді бес, алты буыннан ұйқастырған жаңашылдығы өлеңдерінде анық көрінеді.

Мына шумақтар оған дәлел бола алады:

Аттанған шақта ол

шар тараптарға,

Сұраңдар одан қолқалап

бар да.

Қуаныш қандай

болатындығын

Шұрқырап тыңнан

фонтан атқанда.

Немесе:

Елсізден  елге

сый арнап жүргендер,

Үстіртке қонып

қияннан өргендер.

Білмесең егер

сұраңдар не деп,

Қиындық дегенді

қиялда көргендер.

Осы екі шумақтың алдыңғысының соңғы бунақтары бес буыннан, екінші шумақта алты буыннан ұйқасқан.

Бұл – Фаризаның өлең пішініндегі жаңалықтарының бірі ғана.

Фариза – ХХ ғасырдағы қазақ әйелінің бейнесін поэзиямен өрнектеп, піл сүйегінен ойып қашағандай етіп жасаған ақын. Қыз бейнесін, әйел бейнесін: ақынын да, батырын да, әншісін де, бишісін де, маңдай терін төккен еңбеккерін де өшпестей етіп, қазақ әдебиеті тарихындағы көркем тұлғасын сомдады. Кейінгі ғасырлар ХХ ғасыр әйелін көз алдарына Фариза поэзиясы арқылы айқындап қана қоймайды, тірі бейнедей көреді.

Фариза поэзиясы – поэзия гүлдерінің алуан түрін, ол гүлдердің жұпар иісі мен нәзік болмысын құлпыртқан поэзия.

Фариза поэзиясы – қазақ поэзиясына Махамбеттің батырлығын, Жанна д’Арктің ерлігін дарытқан поэзия.

Тірі болса 75 жасқа келер еді. Бірақ, ол өлеңімен ел жүрегінде мәңгі мекендеген.

 

Қадыр ЖҮСІП,

филология ғылымдарының докторы, профессор.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button