ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ПАДИШАСЫ
Бүгінде тек Атырау жұртшылығы емес, күллі қазақ даласы Фаризасынан айырылып, аза тұтуда. Өйткені, ол кішкентай ғана Манашта туып, барша Алаштың ақберен ақынына айналған айтулы тұлға болатын. Кешегі дауылпаз Доспамбет, шамырқанған Шалкиіз, кәрі жорға Қазтуған, алдаспан Ақтамберді, жалаугер Махамбеттерден қалған аруақты да, арынды жырдың жалғасы еді.
Парламент депутаты болған жылдары егемен еліміздің байыпты дамуына, баянды болашаққа сүбелі үлесін қосты. Әдебиет пен мәдениетке, ұлт тәрбиесіне, ана мен бала тағдырына айрықша қамқор болғанына да баршамыз куәміз. Ірілік пен кеңдікті, парасат пен парызды, міндет пен мінәжатты тең ұстаған, қай кезде де қазақтың қаны, азаматтың ары үшін күреске дайын үлкен қоғам қайраткері еді ғой.
Ол 1939 жылы 25 желтоқсанда Гурьев (қазіргі Атырау) облысы, Новобогат ауданына қарасты Манаш ауылында дүниеге келді. Оның алғашқы өлеңдері республикалық баспасөз беттерінде 1958 жылдан бастап жарық көре бастады. Тұңғыш жинағы «Сандуғаш» деген атпен 1966 жылы оқырманға жол тартты. «Алмас қылыш», «Тартады бозбаланы магнитім», «Сайраған Жетісудың бұлбұлымын», «Тыңдаңдар, тірі адамдар», «Қарғыс», «Қасірет пен ерлік жыры» поэмалары, «Үйім менің – Отаным», «Маңғыстау монологтары», «Революция және мен» өлең жинақтарының авторы. Көптеген шығармалары шет ел тілдеріне аударылған. Чили ақыны Пабло Неруданың «Жүректің төрт мезгілі» кітабын, орыс ақыны А.Блоктың «Нәпсі», «Куликов даласы», «Он екі жыл өткен соң», «Кармен», «Қарлы перде» өлең топтамаларын, сондай-ақ, Р.Казакованың, Е.Евтушенконың, араб ақыны Әбдірахман әл-Хамисидің жекелеген шығармаларын қазақ тіліне аударған.
1984 жылы «Үйім менің – Отаным», «Маңғыстау монологтары», «Революция және мен» туындылары үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Ленин комсомолы Орталық Комитетінің, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамоталарымен, «Құрмет Белгісі», «Парасат» (2001) ордендерімен марапатталған. Қазақстанның Халық жазушысы.
Қазақ поэзиясының падишасы атанған Фариза Оңғарсынованың есімі халық есінде мәңгілік сақталады. Өйткені, ол ұлтымызбен бірге мәңгі жасайтын, ешқашан ұмытылмайтын өміршең жырлар жазды. Ақынның бай мұрасы талай ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, рухани қазынасына айналары сөзсіз.
Б.Ізмұхамбетов, Қ.Ищанов, С.Еңсегенов, Ж.Дүйсенғалиев, А.Бекенов, Е.Шпанов, Ғ.Дүйсембаев, С.Лұқпанов, С.Нақпаев, Ш.Мұқан, Т.Шәкімов, А.Әжіғалиева,
С.Айдарбеков, Е.Баспаев, Қ.Ризуанов, Е.Тасқынбаев, О.Қарасаев, М.Өтешов, М.Сабырқызы, М.Ғабдісәлімова, Р.Мұрсалиева, А.Ершуов, Ә.Бисенов, Қ.Жүсіп, М.Құлкенов, Р.Отарбаев, Қ.Жылқышиев, Т.Берішбай.