Жарнама
Қоғам

ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТІ КОРЕЯҒА ДА ТАНЫЛА БАСТАДЫ

Алқалы жиын Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы мен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналды. «Қазақстан корейлерінің қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Роман Ким келелі әңгіме қозғады.

 — Бұл екі дата корей  үшін де маңызды. Өйткені, онда көп ұлтты мемлекетіміздің тарихы жатыр. Түрлі ұлттың өкілдері бақытты өмір сүріп жатқан тәуелсіз Қазақстанда бейбітшілік, тұрақтылық пен бірліктің салтанат құрып тұрғаны Ассамблеяның басты жетістігі болып табылатыны сөзсіз.  Халық бірлігі – мемлекеттің негізі. Біз елдегі тұрақтылықты, толеранттылықты әрқашан сақтауымыз керек. Тілім нанды бөліп жеп, тірлік еткен басқа жұрттың ұл-қызы мұны жасырмайды, — деген  Роман Ухенович осындай үлкен шараны өткізуге мүмкіндік туғызған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовке алғысын жеткізді.

Жиын барысында құттықтауларға да кезек берілді. Бұл ретте Алматы қалалық мәслихатының депутаты, Алматы қаласындағы корей этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы  Бронислав Шин шара қонақтарын мерейлі сәтпен құттықтады.

Атырау облысында бүгінде 3000-нан астам корей ұлтының өкілдері  бейбіт өмір кешіп, өздерінің ұлттық салт-дәстүрлерін ұстанып, тату-тәтті өмір сүруде. Бұл жөнінде баяндаған Атырау облыстық «Тхоньил» корей этномәдени бірлестігінің төрағасы Людмила Ли Қазақстан халқы Ассамблеясы, оның ішінде бірлестік өз жұмыстарын Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Ассамблеяның әр сессиялары мен Жолдауларында белгіленген міндеттермен тығыз байланыстырып, жүзеге асырып отырғанын айтты.

Өткен ғасырдың отызыншы жылдары корей ұлтының бір бөлігі Қазақстанға жер аударылған болатын. Қазақ халқының сол кезде жасаған жақсылығын корейлер ешқашан ұмытпайды. Бұл туралы жиында сөз сөйлеген Батыс Қазақстан облысындағы  корей этномәдени қоғамдық бірлестігінің мүшесі Анатолий Тян айтып берді. «Құнарлы қазақ топырағында қазақтан жақсылық көрген бауырларымыз тамырын тереңге жіберіп, мәуелі бәйтерекке айналды. Олар ел өмірінің барлық саласына белсене араласуда. Қазақ еліндегі ұлтаралық және дінаралық татулықтың тамыры тереңде және одан сайын беки түседі деп ойлаймын», — деді ол.

Рита  ӨТЕУҒАЛИ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button