ҚАЗАҚ МҰНАЙЫНЫҢ ҚАРА НАРЫ
Нұрлан Өтепұлы 1947 жылы 20 қарашада Атырау қаласында дүниеге келген. 1973 жылы Қазақ политехникалық институтын тау-кен инженері мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Маңғыстау облысының Құрық кентінде бұрғылаушының көмекшісі (1964 ж.) болып бастаған. 1973-1977 жылдары «Маңғыстаумұнай» бірлестігінде жерасты жөндеу операторы, мұнай шығару жөніндегі оператор, скважиналарды жерасты жөндеу шебері. 1977-1992 жылдары Атырау облысындағы Аққыстау өндірістік қызмет көрсету базасы бастығының орынбасары, «Ембімұнай», «Ақтөбемұнай» бірлестіктерінің бас инженері, КСРО Мұнай және газ өнеркәсібі министрлігінің Бас басқармаларында бастықтың орынбасары қызметтерін атқарды. 1992-1994 жылдары мұнай өндірісінің әлемдік тәжірибелерін меңгеру үшін АҚШ-тың Массачуссетс университетінде оқып, «Шеврон» компаниясында жұмыс істеді.
1994-1997 жылдары ҚР Мұнай және газ өнеркәсібі министрі, «Қазақойл» ұлттық мұнай-газ компаниясының президенті болды. 1997-1999 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-министрі қызметін атқарды. 1999 жылдан «Қазақойл» ұлттық мұнай компаниясының президенті. 2002 жылдан — «Қазақстандық мұнай инвестициялық компаниясы» АҚ президенті.
2007 жылдан – ҚР Президентінің кеңесшісі, Қазақстанның Каспий теңізі ресурстарын пайдалану мәселелері жөніндегі арнайы өкілі. 2009 жылдан бастап «ҚазМұнайГаздың» салынып жатқан кәсіпорындары дирекциясының бас директоры.
Нұрлан Өтепұлы – еліміздің мұнай және газ өнеркәсібін заман талабына сай дамытып, қазба байлықтарды тиімділікпен игеріп, халық игілігіне жарату жөніндегі ірі жобаларды игеру ісіне тікелей араласып, ұйытқы болған ұлтжанды азамат. Үкімет басшысы қызметінде әлеуметтік саладағы реформаторлығымен, отандық тауар өндірушілерге мүмкіндігінше қолдау көрсету ұстанымымен ерекшеленді. Екінші дәрежелі «Барыс» орденімен және көптеген медальдармен марапатталған.
Мемлекетті дамытуға өлшеусіз үлес қосқан көрнекті қайраткер, халық құрметіне бөленген ерен тұлға Нұрлан Өтепұлының есімі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады.
Б.Ізмұхамбетов, Ғ.Дүйсембаев, С.Лұқпанов, С.Нақпаев, Ш.Мұқан, Т.Шәкімов,
А.Әжіғалиева, Н.Ожаев, М.Ізбасов, Ә.Нәутиев, Б.Сәрсенғалиев, А.Барақатов, М.Мұқанов,
С.Арыстанов, Т.Сұлтанбеков, Қ.Ризуанов, А.Айбаров, О.Қарасаев, Е.Тасқынбаев,
Р.Шырдабаев, Ә.Бисенов, М.Өтешов, М.Ғабдісәлімова, Б.Өтебаев, Н.Мақашев.