ҚАЗАҚ ФУТБОЛЫ ҚАШАН ҚУАНТАДЫ?
Меніңше, футболдың бұқаралық сипат алуына жағдай жасалмай отыр. Ол мектептерден бастау алуы керек. Ауыл жастарының футболмен жөндеп айналысуына арнайы бағдарлама болуы қажет. Әрине, қалада да солай. Бір кездері белгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбайұлы тек қана қазақтардан тұратын жастардың командасын құруға жұмыстанған болатын. Бірақ, оны әрі қарай дамытуға тиісті дәрежеде қолдау болмады.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін әуелі Азия чемпионатына қатысты, одан кейін Еуропа чемпионатына, яғни УЕФА-ның құрамына кіріп, Еуропа чемпионатына қатысу үшін іріктеуге түсті. Дегенмен, біздің футболшыларымыз өз тобында көбіне соңғы орындарда қалып қоюда. Биыл да әупірімдеп Фарер аралдарының командасын жеңіп, алты команданың арасында бесінші орынмен аяқтадық.
Облыстық «Атырау» газетінде футбол ойыны туралы мақалалар беріліп жүр. Соның бірі — футбол жанкүйері Марат Шайхиевтің «Алаңдағы ойынға алаңдаймыз» атты мақаласы (7.11.2013ж.). Осылайша, автор облыстағы барша спорт жанашырларына өзіндік ой тастайды. Менің ойымша, жастар арасында ұлттық намысты оятатын ұлттық идея қажет. Шынымен де, жалданып істеген маман да, ойыншы да, ілуде біреу болмаса, жанын сала тер төкпейді. Сондықтан, бұл жолда өздеріміз жұмыстануымыз керек. Құраманың бас жаттықтырушысы да, командадағы ойыншылар да негізінен қазақ болғаны дұрыс. Қазақ футболының қазағын қуантатын күн алыс болмас деп үміттенеміз.
Ибатолла СӘТЕНҰЛЫ.