Жарнама
Қоғам

ҚАЗАҚ ӘНІН АСҚАҚТАТҚАН «ҚЫЗДАР-АЙ»

 

Кенет сахнаға бұрын-соңды көрінбеген екі қыз шығып, ақын Мұхтар Шахановтың сөзіне жазылған Асхат Әбілахатұлының «Мен туралы ойладың ба?» атты тамаша әнін орындады. Менің әннен алған әсерім шексіз болды. Кейін мәлім болғандай, осы әнді орындау кезінде қазақтың маңдайалды әншісі, «Құрмет» орденінің иегері Майра Ильясованың назарына ілінген осы талантты қыздардың өнер әлемінде бағы жарқырап жанды. Олар – бүгінде әйгілі «Қыздар-ай» тобы деген әдемі атпен күллі қазақ еліне танымал болған Айнұр Сағиқызы мен Бақыт Бешен болатын.

Таяу күндері осы топтың мүшелері киелі Атырау топырағына табан тіреді. Исатай ауданының орталығы Аққыстауда тамаша концерт қойды. Ендігі жоспарлары облыс орталығындағы Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында ән кешін өткізу. Осы аралықтағы аз ғана бос уақыттарын пайдаланып, біз олармен тілдескен едік.

— Биыл Қазақ хандығының құрылғанына 550 және Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл толуына орай «Ән көңілдің дауасы» атты концерттік бағдарлама дайындаған едік. Соны жүзеге асыру мақсатында Атырауға келдік, — дейді Бақыт. – Топ құрамында өзімнің туған ағам, композитор, дәстүрлі әнші Серік Бешен, Айнұр Сағиқызы және өзім бар, үшеуміз өнер көрсетеміз.

Бақыт та, Айнұр да Қытай республикасының Тарбағатай аймағында туып-өскен екен. 

Бақыт пен Айнұр 1992 жылы атамекен Қазақстанға келген соң Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжіне түседі. Онда көмейіне бұлбұл ұя салған ән перизаты Зейнеп Қойшыбаеваның класында оқиды. Қайталанбас дауыс иесі атанған сол әзиз жаннан алған дәрістері қыздарға ғұмыр бойына рухани азық болып келеді. Енді олар бүгінде білімдерін одан әрі көтеру үшін Қазақ қыздар педагогикалық университетінің (бұрынғы ЖенПИ) музыка факультетінде оқып жатыр.

Бүгінде елге танымал болған топтың аты да қызық жағдайда қойылған екен. Композитор Жәудір Артықбаеваның «Қыздар-ай» атты әнін Майра апай, Бақыт және Айнұр үшеуі орындап жүрген кез еді. Әсерлі ән ел жүрегінен орын алып, топтың аты өз-өзінен «Қыздар-ай» аталып жүре берді.

Топтың ажарын ашып жүрген әншінің бірі – жоғарыда атап өткеніміздей, Бақыттың ағасы Серік Бешен. Өзі композитор Секеңнің «Қазақ елі» атты әні топтың бойтұмары десе болады. Әнде автордың елге деген сартап сағынышы паш етіледі.

— 2005 жылы Талдықорғанда рәміздер күні өткен еді. Сол сәтте еліміздің көк Туы желбіреп, Әнұранымыз ойналғанда менің жанарыма жас келді. Сол әсерден осы ән туды. Сөзін Төлеужан Омаров деген мықты ақын жазды,-дейді Серік Батқоллаұлы.

 Тарас НАУРЫЗӘЛІ, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Атырау қаласы.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button