ҚАЗАҒЫММЕН МӘҢГІ БІРГЕ ЖАСАЙ БЕР, АҚ ЖАЙЫҚ ДЕП АТАЛАТЫН ЖЕРҰЙЫҚ!

Ақ Жайықтың толқынын жырмен тербеген ақыннан Орал өңірі кенде емес. Батыс Қазақстан облысының Атыраудағы мәдениет күндеріне орай осы өңірде туып-өскен шайырлардың туған жер туралы өлеңдерін атыраулықтарға ұсынуды жөн көрдік.

azhuban

Жұбан МОЛДАҒАЛИЕВ

ЖАҒАҢДА ТҰРМЫН, ЖАЙЫҒЫМ

Жағаңда тұрмын, Жайығым,
Кесермін, сенен бас танса.
Туған жер қайдан жай ұғым,
Отан да содан басталса?
Жағаңда өстім, Жайығым,
Анау бір қайың жас талша.
Кешерсің көздің айыбын,
Еріксіз бірер жас тамса.
Мөлдіреп түскен сол шықта,
Қаншама нала, сағыныш.
Мөлт еткен осы моншақта,
Қанша жол, қанша сабылыс!
Жақұттай жалғыз тамшыда,
Қаншама бақыт, қуаныш!
Тұра алар қалай жан шыдап,
Оралса жастық күнге алыс.
Адамда, сірә, байқаймын,
Үлкейген сайын сағыныш.
Түсімде толқын шайқайды
Шайқайды сенде сағым-құс.
Екі аяқ-айрық жолымдай,
Кездесу менен айырылу.
Екі көз, екі қолымдай,
Қуану менен қайғыру.
Десең де ақын қартайған,
Сен емей, кімге шағынам?
Өзен де бар ғой ортайған,
Сонда да оны сағынам.
Сезесің, неге күрсіндім,
Сезесің, неге жымидым.
Ұғасың жүрек дүрсілін,
Келгенін қандай жылудың.
Жағаңда тұрмын, Жайығым,
Қалаға кірген жарқабақ.
Біз білген сусыз сай ығын,
Жайлапты жасыл алма бақ.
Анау ғой, сірә Хан тоғай,
Жаңа атын, кешір, білмеймін.
Өтті ғой менсіз таң талай,
Жас талға жатпен бірдеймін.
Ол түгіл, жастық досы да,
Танымай өтті бір қарап.
Тұратын күтіп осында
Шарқатын оттай бұлғалап.
«Сол қыз» деп кесіп айта алман,
Кемпір ғой көздің көргені.
Жігітте жоқ де майталман,
Танымай өтсе сол мені.
Жұбаным деші, Жайығым,
Жасықсың деме, жас тамса.
Туған жер қайдан жай ұғым,
Отан да содан басталса!?.

akadur
Қадыр МЫРЗА-ӘЛІ

ЕЛ

Қайтесің, дос, тамағыңды құр кенеп!
Қиналғанда жолдас емес, жыр керек.
Сөздің бәрі құдіретті, әйтсе де,
Ел деген бар, оның орны бір бөлек!
Сөз дейміз ғой, өз сөзіме иемін,
Осы сөзден сауыт тоқып киемін.
Жер дегенде, туған ауыл шетінде,
Топырағын жатып алып сүйемін.
Мен – домбыра, сөзден жонған тиегім.
Ой дегенің осы сөздің жиені.
Ер дегенде, атып тұрып орнымнан,
Кішірейіп, ақ басымды иемін.
Тектен-текке жазылған жоқ осы өлең!
Өлең қымыз беру емес кесемен.
Ана десе, бүктеуімнен жазылып,
Жолына оның кілем болып төселем.
Бағасы бар, орыны бар әр айдың,
Мен әр айға үмітпенен қараймын.
Батыр десе, зиратының басына
Құлпытас боп тұруға ұзақ жараймын!
Шаттық емес, жаныңды жер уайыммын.
Бүйіріңе балта тимес қайыңмын.
Ақын десе, нөкері боп дарынның,
Шашбауын, дос, көтеруге жараймын.
О, ағайын, ажыраспа! Ұйысқан!
Тымық, тынық тірлігі бол мүйістің.
Көсем десе, тосып мына кеудемді,
Оққағары болуға оның тиіспін.
Қайтесің, дос, тамағыңды құр кенеп!
Қиналғанда жолдас емес, жыр керек.
Сөздің бәрі құдіретті әйтсе де,
Ел деген бар, оның орны бір бөлек!
Сайран далам! Қайран далам – кенішім!
Қақпақылдай қаға аласың мені шын.
Кемеңгердің, даналардың өзі де
Көп ұлының бірі ғана Ел үшін!

akush
Ақұштап
БАҚТЫГЕРЕЕВА

АҚЖАЙЫҚҚА ЖЫР АРНАҒЫМ КЕЛЕДІ

Ақжайыққа жыр арнағым келеді,
Оған айтар мұң-арманым көп еді.
Туған жердің қасиеті шығар-а,
Гүлдей сұлу талы менен терегі.

Оны ұмытсам болмас сірә кешірім,
Соған ұқсас қойылыпты есімім.
Оны қалай жырламайын, егер де,
Толқынында тербетілсе бесігім.

Сонда маған жұлдыз күлді аспаннан,
Сылдыр өңді алғаш ұқтым жас талдан.
Мөлдір ағын дыбысынан кеудемде,
Нәзік жырдың шумақтары басталған.

Сонда жатыр ата-бабам моласы,
Қымбат маған қаласы мен даласы.
Менің алғаш вальс биін билеуге,
Себеп болған Ақ Жайықтың баласы.

Жайық десе, ойда Нарын өлеңі,
Сағынғанда еске аларым көп еді.
Жайық-анам, Жайық-Елім, Отаным,
Құшақтағым, аймалағым келеді…

akaurat

Қайрат ЖҰМАҒАЛИЕВ

ЖАЙЫҒЫМ – ЖЕРҰЙЫҒЫМ

Ақ Жайығым, толықсыған, толысқан,
Шағанменен, Деркөлменен тоғысқан.
Жер үстінің жұмағы да өзіңсің,
Мен айналдым сендей құтты қоныстан.
Мың бұралып Атырауға оралған,
Тіршіліктің нәрі болып таралған.
Туған жердің жәннатысың Ақ Жайық,
Бұдан артық саған теңеу таба алман.
Сенде ғана өрге жүзер қайығым,
Шаттығым-сен, сенсің менің уайымым.
Жер үстінің пейіші де өзіңсің,
Басылмасын арының, Ақ Жайығым!

Толқыныңның үнін тыңдар ел ұйып,
Өр басымды тұрмын саған мен иіп.
Қазағыммен мәңгі бірге жасай бер,
Ақ Жайық деп аталатын жерұйық!

ajan
Жанғали НАБИУЛЛИН

СЕРТ

Көтергендей шырқауға талапты тік,
Тұра алмайтын шағымда тағат күтіп.
Ақ Жайықты биіктен көру үшін,
Кейде маған кетеді қанат бітіп.
Мұнда менің ақ күнім, ақ таңым бар,
Іздеп мені, таңдарды ақтарыңдар!
Өйткені, Ақ Жайықты есту үшін,
Қыран құлаққа айналған шақтарым бар.
Менің ғана еншімдей асыл көрік,
Бара жатыр көгілдір ғасырға еріп.
Жайығымды сезіну үшін әр кез,
Жатамын мен Жайыққа басым беріп.
Болдым бүгін мен мұнша батыл қайтіп?
Сыр ашатын кез келді-ау жасырмай түк.
Мынау жарық дүниеге келгендеймін,
Мен бір ғана өзіңнің атыңды айтып.
Мәзір-жастық бой түзеп, жігіт деген,
Кемел жасқа жетті мол үмітпенен.
Сонда да мен молдық пен мөлдірлікті,
Сенен ғана үйреніп біліп келем…

aakmar
Ақмаржан ТАУБАЕВА

ЖАЙЫҒЫМ, САҒАН КЕЛЕМ МЕН

Жайығым, саған келем мен
Өзіңдей мөлдір өлеңмен.
Қуанышыммен және де,
Мұңыммен жырға бөленген.

Жайығым, сенің жағаңнан
Арманым аппақ таралған.
Өлеңге ғашық қызыңның
Сенімі сенен нәр алған.

Талыңа өскен жағалай,
Өр толқыныңа қарамай.
Орнамас жанға жаз көңіл,
Сағыныш қалар тарамай.

Тұйыққа бір сәт тірелген,
Кезімде саған келем мен.
Жүрегім толса жігерге,
Тағы да келем елеңдеп.

Қимаймын, Жайық, жағаңда,
Қалдырған жастық-жазымды.
Өзің деп жүрем алаңдап,
Шағалаңды аңсап наз үнді.

aautkali

Айтқали НӘРІКОВ

ОРДАДА

Орда мені тұрады ылғи шақырып,
Ол ежелден өлең-жырға тақырып.
Ер Махамбет өтіп кетті өмірден,
Ойға алғаны орындалмай, аһ ұрып.
Үміт артты ол ұрпақтарға алдағы,
Ұран жыры қыран болып самғады.
Жаңа өмірде ақын баба әр үнін,
Жанекешов Бисен болып жалғады.

Қызықпаған жеңіл менен дайынға,
Жандардан біз іздемейік айырма.
Жырдың көші кезегімен жетті ғой,
Жайсаң ақын Жарокұлы Тайыр да.

Орда есімнен шыққан емес екі елі,
Талабыма дем берсе, сол жетеді.
Қасиетті топырағыңнан айналдым,
Ақындар мен батырлардың мекені!

ayldai

Ұлдай САРИЕВА

ОРАЛДА ОСЫ…

Оралда осы…
Түн келеді, Күн батып,
Тереземді қымтап жаптым несіне?
Айдан алыс Әміршіме үн қатып,
Түн жамылып Сізді аламын есіме.
Оралда осы, бірде шуақ, ызғарлы,
Сіз мінбейтін автобуста жол соқты.
Маңдайында жұлдыз жанған қыз бар-ды,
Танымай Сіз өшірдіңіз сол шоқты.
Оралда осы, баяғы ағыс, біртоға,
Сенім қаңғып, көше тағып моншағын,
Селт етпейтін сияқтымын, о, тоба,
Оралса да алыс кеткен сол шағым.
Оралда осы, алаңсыздық. Тып-тымық,
Бақыт кешіп, балқып кету ұйқыға.
Сұрақ та жоқ сансыратар күпті қып,
Оралғандай балалығың бейкүнә.
Оралда осы, күн күледі, түн жылап,
Күн шықпаса нетер едік Сіз бен біз?
Шаған ағып қарауытып, тұнжырап,
Өмір сүре берер және Қыз бен Күз…

abaur
Бауыржан ХАЛИОЛЛА

МАРХАБАТ

Халқым менің, Қособам, қайран ауылым,
Сен деп талай қолыма байрақ алдым.
Атым озса, қуанып менен бетер,
Қалып қойсам, күйініп қайғы орандың.

Сеніміңді тайсалмай арқаласам,
Дем бересің, жұтқызбай алқада шаң.
Сүрінерде сүйедің қолтығымнан,
Саған тостым арқамды шалқаласам.

Қорғап өтем Арыңды өз Арымдай,
Жүрсе-дағы соңымнан сөз арылмай.
Жақсылығың мен үшін ұшан-теңіз,
Жамандығың тозаңның тозаңындай.
Сайын далаң сабырлы, піл сауырлы,
Болармысың жұмбақтау, мұнша мұңлы.
Мендей нәкөс баланы туа салған,
Аяп кетем кейде алтын құрсағыңды.

amynau
Мұнайдар БАЛМОЛДА

АҚ ЖАЙЫҚ –АСЫЛ АТЫРАП

Ақ Жайық – асыл атырап,
Жайқалған орман, жасыл бақ.
Өр өзен, толқын тулаған,
Қасиет қонған топырақ.
Жайықтың асу белдері,
Ерліктің күйін шертеді.
Сырым, Исатай, Махамбет,
Қылышын жауға сермеді.
Шаһзада, Мәншүк, Хиуаз,
Намысын қолдан бермеді.
Осылай рухым өлмеді,
Осылай күнім сөнбеді.
Қанаты талған сұңқардың,
Тұяғы қалған тұлпардың.
Күнбатыс Алаш, құм Нарын,
Тарихы талай жылдардың.
Төкпе күйдің алабы,
Құрманғазыдан тарады.
Жайықтың жазық даласы,
Таусыз да даусыз даласы.

agau

Ғайсағали СЕЙТАҚ

ОРДА

Құм Нарынның төсіне,
Дара қонған бұл Орда.
Бөкей ханның көшіне,
Пана болған бұл Орда.

Туысындай жаңа айдың,
Арман елі – бұл Орда.
Кіндік қаны талайдың,
Тамған жері – бұл Орда.

Құмның ішін қараңғы,
Жарық еткен бұл Орда.
Қиын жолдан адамды
Алып өткен бұл Орда.

Сан орданың сарқыты,
Секілді ме бұл Орда?
Қайта ашылып бар құты,
Жетілді ме бұл Орда?

Туған елдің ақыры,
Мықтылары бағына:
Өлмейді оның батыры,
Тік тұрады ханы да.
Перзенттері алып кіл,
Ұлықталған бұл Орда.
Жанарында тарихтың
Тұрып қалған бұл Орда!
Жауын қалай жеңбесін,
Тас қамалдай бұл Орда?
Астанаға ел көшін,
Бастағандай бұл Орда!
Айналардай жаңғырып,
Жас қалаға бұл Орда.
Қазақтарға мәңгілік,
Баспана да – бұл Орда!

akaz

Қазбек
ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

АЙДЫНДАЙ
ТОЛҚЫП…

Бір жағы – қабақ, бір жағы қайраң жайылған,
Шымырлап ағып, шығаннан басын қайырған,
Айдындай толқып, айтуға күшім жетер ме,
Ақ Жайық, сенің құдіреттілігің жайында ән.
Еліңді шауып, суыңды тұнық лайлаған,
Есер казакты қақпақыл қылып ойнаған,
Махамбет сынды марқасқа туған ұлыңды,
Хан көтергендей көтеріп, өткел сайлаған,
Ақ Жайық, сенің естілігіңе таң қалам,
Ақ Жайық, сенің тектілігіңнен айналам!
Жайығым менің, жайылып кеткен атағың,
Жағаңда өссе қалайша болмас жоталы ұл.
Жүзімді шайып алайын аппақ айдынға,
Арманға тартқан сапарлы болар сапарым…

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз