АТЫРАУЛЫҚ АРУЛАРҒА АРНАЛҒАН МЕРЕКЕЛІК КЕШ ӨТТІ

screenshot 20220306 140409 Жаңалықтар

Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің қатысуымен 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған «Аруларды жырлаймыз!» атты мерекелік кеш өтті.

Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияның Қ.Ахмедияров атындағы «Нарын» халық аспаптар оркестрі ұйымдастырған шара «Ана – өмір шуағы» атты бүлдіршіндердің би қойылымымен ашылды.
Мереке қарсаңында аяулы арулар мен ардақты аналарымызға жылы лебізін білдірген аймақ басшысы олардың қоғам дамуы мен елдің өркендеуіне қосып келе жатқан ерекше үлесін атап өтті.

«Арғы тарихтағы Тұмар ханшайымнан бастап Домалақ ана, Ұмай ана секілді әулие-аналар, Баян мен Жібектей ақылы асқан сұлулар, Әлия, Мәншүк, Хиуаздай қаһарман батырлар, Роза, Фариза апаларымыздай өнер мен әдебиеттің даңқты арулары тарихымыздың беттеріне алтын әріптермен жазылды. Бұл — біздің ежелден анаға құрмет, қыз балаға ізет көрсетіп келе жатқан халық екеніміздің бір мысалы ғана.

Бүгінде еліміздің білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет саласында қызмет ететіндердің басым бөлігі қыз-келіншектер. Өндіріс орындарында да ер-азаматтармен иық тірестіріп қызмет етіп жүрген аруларымыз жетерлік. Мемлекеттік қызмет деп аталатын жүгі ауыр, жауапкершілігі мол салада да сіздердің жемісті жұмыстарыңыз анық көрініп тұрады.

Елдің келешегі – жас ұрпақ. Олардың кемел тұлға болып қалыптасуы да аналардың еншісіндегі қасиетті борыштардың бірегейі. Сондықтан мемлекеттің нәзік жандар алдындағы міндеті де уақыт өткен сайын артып, тиісті шешімдер қабылдануда”-деген облыс әкімі облыстың барлық әйелдер қауымын келе жатқан мерекелерімен құттықтады.

Осыдан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау грамоталары табыс етіліп,
бір топ көпбалалы аналардың мойнына «алтын алқа» және «күміс алқа» тағылды. Біразы облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталады.

Салтанатты кеште «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театрының солисі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, Индер ауданының тумасы Расул Жармағамбетов, атақты опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Сүндет Байғожин мен жергілікті өнерпаздар өнер көрсетті.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Суретті түсірген: Расул СЕРІКОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз