ҚАУІП АЙТЫП КЕЛМЕЙДІ
Өрттің негізгі ошағы болып отырған көбіне тұрғын үй секторлары мен көліктер екен. Мысалы, алты айда 127 үй өртену фактілері тіркелсе, 37 көліктегі өрт оқиғасы кездесіпті. «Сақтансаң, сақтармын» деген сөз бар қазақта. Әр адам өздерінің, бала-шағаларының амандығына, дүние-мүліктерінің бүтіндігіне жауапты. Әсіресе, жеке үйлерде тұратындар жарық, газ сияқты қажеттілікке пайдаланатын қызмет түрлерінің талапқа сай жұмыс жасауларын жиі тексеріп, балаларын қараусыз қалдырмай, үнемі ыждағаттылық танытып отырса, мұндай жағдайлар кездеспес еді. Сондықтан, әр тұрғынға «өз қауіпсіздігіңе өзің қамқор бол» дегіміз келеді. Осы орайда облыстық Төтенше жағдайлар департаментімен өрттердің алдын алу және жою бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Өрттің өршитін аса қауіпті уақыты – жаз айлары. Осы мезгілде Атырау қаласы мен аудан әкімдерінің шешімдерімен облыс бойынша тұрғын үй секторларында өрт қауіпсіздігі айлығы жарияланды. Өрт қауіпсіздігін насихаттау мақсатында 19171 тұрғын үй мен пәтерлер араланды. Тұрғындар арасында жиындар ұйымдастырылып, түсінік жұмыстары жүргізілді» деп сөзін бастады департаменттің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, өртке қарсы қызмет полковнигі Сәлімғали Салықбаев.
Басшы айтып өткендей, бұл жерде халық арасындағы үгіт-насихат жұмыстарының атқарар рөлі мол болмақ. Аталған басқарма басшылығымен тұрғын үй секторы мен өндірістегі қауіпсіздік шараларын насихаттау тақырыптарында ақпараттық бетшелер, тұрғын үй секторлары мен адамдар көп жиналатын орындарда өрт қауіпсіздігін сақтауға арналған жадынамалар жасақталып таратылыпты.
Өрт қауіпсіздігі айлығы кезінде көшелерінде, базарларда неғұрлым халықтың көп шоғырланған жерлерінде көптің көңілін аудару үшін арнайы банерлер ілінген. Қалай еткенде де, тұрғындардың назарын аударып, қауіптің алдын алу мақсатында «Насиха», «Дина», «Көктем», «Тамаша», «Мұрагер», «Ажар», «Мерей» сияқты ірі сауда орындарында радио-хабарландыру торабы арқылы дауыс ұлғайтқышпен жабдықталған автокөлік арқылы өрт қауіпсіздігінің алдын алу шаралары жөнінде мәлімет беріліп, базар қызметкерлері мен тұтынушыларға жадынамалар таратылған.
Баланың аты – бала. Балалардың білместікпен, болмаса байқаусызда қатерге ұшырауының алдын алу да үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан, судан құтқару қызметі мен азаматтық қорғаныс басқармасымен бірлесе отырып, «Тұлпар» сауықтыру лагерінде жүргізілген профилактикалық жұмыстар да өте нәтижелі болды.
Қауіптің алдын алу, зардап шеккендер санын азайту мақсатында оқу-жаттығу, техникалық арнайы жаттығу сияқты шаралардың өткізіліп тұруы жұмыс ырғағын одан әрі жандандыруға себепші. Атап өтетін болсақ, үстіміздегі жылдың наурызында Ресей Федерациясы Астрахан облысы бойынша Бас басқармасымен «Шекара-2014» атты тақырыппен байланыс бойынша штабтық жаттығу өткізілді.
Маусымда РФ Азаматтық қорғаныс істері, Төтенше жағдайлар мен дүлей апаттардың салдарын жою министрлігінің Астрахан облысы бойынша Бас басқармасымен бірлесе отырып, Атырау облысының Құрманғазы ауданында «Шекара аралық аймақта үлкен масштабты дала-орман өрттерін өшіру» тақырыбы бойынша орман және дала өрттеріне ден қою сұрақтарын пысықтау мақсатында шекаралық аймақтарда оқу-жаттығу жүргізілді. «Бұл шаралардың берері көп. Осындай өзара тәжірибе алмасу біздің жұмысымыздың тиімділігін арттырып, қызметкерлердің біліктілігін шыңдай түседі» дейді бөлім бастығы әңгіме арасында.
Отпен арпалысып, өмірлерін қатерге тігіп жүрген жігіттердің жұмыстары тек ауызбен айтуға ғана оңай. Осы орайда, өрт сөндіру қызметінің бөлімше командирі Руслан Боранбаевтың қызыл жалын арасынан ана мен баланы құтқарғандығы, Жылыой ауданының жас өрт сөндірушісі, жас маман Марат Жетімековтің үш баланың өмірі үшін тілсіз жаумен бетпе-бет келгендігі, оттан аман алып шыққан сегіз баланың екеуін өз қолымен құтқарған жас өрт сөндіруші Файзолла Әбішовтің есімдері қалай құрметтеуге де лайық. «Файзолланы мемлекеттік марапатқа ұсынып жатырмыз. Ол бейбіт заманда үлкен ерлік көрсетті. Біздің қызметіміз – ұзақ ойлануды көтермейтін, шалт қимыл мен жүректілікті қажет ететін мамандық. Сондықтан, қатарымыз осындай біліміне қоса, жігері шыңдалған азаматтармен толығып отырса, бұл – біз үшін үлкен жетістік», — дейді басшылар.
Айтса айтқандай, қай саланың болсын жүгін жеңілдетер – кәсіби мамандар. Бұл жерге келген жас маман ең бірінші алты ай бойы тәлімгерлік бағыт-бағдар алып, аса жауапты қызметке арнайы дайындық мектебінен өтіп келеді екен. Сөйтіп, аға буынның іс-тәжірибесінен тәлім алып, негізгі қызметтеріне кірісетін жас мамандар мұнымен ғана шектелмей, үнемі ізденіс, үйрену үстінде болады. Солай болу керек те.
Ағиба МҰСТАЖАПҚЫЗЫ.