Жарнама
Қоғам

КАСПИЙ ТАҒДЫРЫ – ӘЛЕМ ТАҒДЫРЫ

Алдымен облыс әкімінің сәлемін жеткізген оның орынбасары Сәлімжан Нақпаев жаңа кітаптың аймақ өміріндегі елеулі оқиға екендігін айтты. Оны өңірдің шежіресі десе де болғандай. Ең бастысы – автордың Каспий табиғатын суреттей тұра, оған жанашырлық танытуы. Бұл – туған жерінің төл перзентіне ғана тән қасиет.

«Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Тэд Этчисон Каспий теңізінің бірлескен кәсіпорын үшін де аса маңыздылығына тоқталды. Кезінде кен орнына қажетті құралдар осы айдын арқылы жеткізілген. Ақтау портында тиелген Теңіз мұнайы да әлемге солай тараған. Мұның бәрі кітапта да көрініс тауыпты. Келешекте Кеңею жобасына қажетті жабдықтар да осылай тасымалданбақ.

Тұсаукесер рәсімінің осындай кіріспесінен кейін мінбеге еліміздің бірінші Мұнай және газ министрі, экономика ғылымдарының докторы, бірнеше халықаралық академиялардың мүшесі  Равиль Шырдабаев көтерілді. Автор бұл еңбегінің Қазақ мұнайының ғасырлық тойына шығарылған «Мұнай: кеше, бүгін, ертең» және ТШО компаниясының 20 жылдығы қарсаңында жұртшылыққа ұсынылған «Қазақстан мұнайы» атты қос кітабының лайықты жалғасы екендігін айтты. Сөз ретінде айта кетсек, олардың да тұсаукесер рәсімі осы бірлескен кәсіпорында өткен-ді.

Одан әрі автор жаңа кітабына қысқаша шолу жасады. Оның бірінші бөлімі теңіздің тарихына арналыпты. Жалпы, Каспий атауы қайдан шыққан? Сөйтсек, сонау ықылым заманда айдын айналасын мекендеген ондаған халық оны түрліше атапты. Тіпті, жетпіске жуық аты болғандығы айтылады. Содан сақталғаны осы екен. Каспий – теңізді жағалай қоныстанған көп тайпаның біреуінің аты. Ешкімге дес бермеген, жауынгер халық болыпты. Кейін теңіз төңірегіндегі тайпалардың жері су астында қалған. Тасқыннан қашып жан сақтағандары өзге жұртқа сіңісіп кеткен. Мұнда сақ дәуірінің де терең тарихы бар.

Қолдағы деректерге қарағанда, Каспий сонау ықылым заманда әлемдік мұхиттармен, Жерорта, Азов, Арал теңіздерімен тоғысқан. Кейін әртүрлі климатикалық жағдайларға байланысты олардан ажырап, қазіргі тұйық көл күйінде қалған. Ол Ұлы Жібек жолында үлкен рөл атқарған. Шығыстан керуенмен жеткен жібек маталар, қолөнер шеберлері дайындаған әшекейлер, т.б. кемелерге тиеліп, батысқа бет алған.

Екінші бөлімде айдынның жағрапиялық ерекшелігіне шолу жасалған. Бүгінде теңізге ірілі-ұсақты 133 өзен құяды. Солардың үлкені Еділ саналады. Дүние жүзі бойынша бекіренің 90 пайызы Каспийде мекендейді. Сонау жылдары мұнда салмағы тонна тартатын бағалы балықтар болған. Жағалаудағы туризмге сұранып тұрған тамаша табиғат, өсімдіктер мен жануарлар әлемі әдемі суреттелген.

Үшінші бөлім айдын айналасындағы мемлекеттердің өзара қарым-қатынасын қамтиды. Баршаға мәлім, кезінде Каспий жағалауын Кеңестер Одағы мен Иран ғана жайлады. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары осы мемлекеттер арасында жасалған келісім айдынды бөлісіп пайдалануға жарады. Ал, одақ тарап, әр республика дербестігін жариялаған соң жағалауда бес мемлекет пайда болды. Міне, жиырма шақты жыл өтті, теңіздің нақты шекарасы белгіленген жоқ. Иран жағы оны жиырма пайыздан тең бөлуді ұсынады. Бұған басқалары көнбейді. Кітап авторы осы мәселеге қатысты Қазақстан жағынан мемлекеттік комиссияға мүше болғандықтан, бұл бағыттағы жайлардан жақсы хабардар. Сайып келгенде, Каспий – әлем көз тігіп отырған стратегиялық өңір. Оны сырттан сыналап кірушілерден қорғау – жағалаудағы бес мемлекеттің ортақ парызы. Демек, тату көршілік керек.

Бүгінде жағалаудағы мемлекеттердің бәрі көмірсутегі шикізатын өндіреді. Кітаптың төртінші бөлімі осы тақырыпқа арналған. Өткен ғасырда Апшерон кен орнында басталған мұнай өндіру кәсіпшілігі қазір қанат жайған. Басқа елдердің соңын ала Қазақстан да айдынға бұрғы бойлатып, әлемге әйгілі Қашаған кенішін тапты. Бүгінде теңіз төсінде мыңдаған мұнай платформасы бар.

Бесінші бөлім теңіздің стратегиялық маңызына арналған. Сөз жоқ, мұндағы ахуалға әлем назар аударып отыр. Жоғарыда айтқанымыздай, Каспий мұнайын бөлу мәселесі де шешілмеді. Су астынан құбыр тартуда да бір мәміле алынбаған. Бұған дейін өткен төрт саммит қорытындысы түпкілікті нәтиже бермеді. Жалпы, біраз күрмеулі проблема биыл Астанада өтетін бесінші басқосуда талқыланбақ. Рас, ортақ айдыннан балық аулау, мұнай тасымалдау, туризмді дамыту, тазалығын сақтау, т.б. мәселелер бойынша уағдаластық бар.

Жалпы, «Каспий»  кітабы туралы алдағы уақытта да кеңінен қамтып, айтуға болады. Ал, одан алған алғашқы әсеріміз осылай өріледі. Сөз ретінде айтар болсақ, Шырдабаевтар әулетінің жылнамасы еліміздің мұнай тарихымен тамырлас. Оның төрт ұрпағының осы саладағы еңбек өтілі 1000 жылдан асыпты. Сонау ХІХ ғасырдың орта шенінде Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауында «қара алтынның» алғашқы белгілері біліне бастағанда-ақ әлем алпауыттарының назары қазақ даласына ауған.

Содан Қарашүңгілде алғашқы мұнай бұрқағы атты емес пе? Ал, 1911 жылы Доссор кенішінің өмірге келуі Лондон биржасында ә дегенде-ақ жалпы құны бес миллион фунт стерлинг тұратын акция шығаруға соқтырды. Жиырмасыншы ғасырдың басында ағылшын және орыс кәсіпкерлері Леман мен қос Нобельдің шаруасы шалқыды. Міне, ағайынды Алдоңғар мен Шырдабайдың Теңізбай, Баймолда, Тымықбай, Шашпан және Тәжіғара атты ұлдары осы кәсіпшілікте жұмыс жасады. Содан ХХ ғасырдың отызыншы жылдары мұнай кәсіпшілігіне Шырдабаевтар әулетінің екінші ұрпағы келді. Бүгінде осы салада үшінші және төртінші толқын еңбек етуде. Олар – Алдоңғар мен Шырдабайдың 19 шөбересі мен 10 шөпшегі. Бұлар ата-баба салған соқпақпен жүріп, олар қалаған мамандыққа адалдығын сақтаған. Міне, «Каспий» кітабының көпке берер тағылымы да осы. Елбасымыз жұмысшы мамандығын жандандырып, оның мәртебесін көтеру керектігін айтып жүргенде осындай шығармалардың санаға сіңірер шырайлы сәулесі бар.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Суреттерді түсірген:

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button