ҚАСІРЕТТІ ЖЫЛДАР ЖАДЫМЫЗДА
Алдымен, алаңға иін тіресе жиылған көпшілік Алаш ардақтыларын бір минут үнсіздікпен еске алды. Нәубет жылдар құрбандары рухына бас иіп, тағзым еткен жиында облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева қанқұйлы жылдардың қасіретіне тоқталды.
«1928 жылы ұжымдастыру кезеңінен басталған тап жауларына қарсы қуғын-сүргін ХХ ғасырдың 50 жылдарына дейін жалғасты. Алашорда үкіметінің негізін қалаушылар Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Халел мен Жанша Досмұхамедовтер бастаған тау тұлғаларымыздың тізімін тауысу мүмкін емес. Мал баққан қазақ жұртын аграрлы реформа арқылы өндірісті өркенді елге айналдыруды мақсат еткен Алашорда үкіметінің парасат пен пайым иелері жазықсыз «халық жауы» атанды. Танымал қазақ зиялылары, Алаш қайраткерлері түгелге жауық саяси қуғынға ұшырады. Олардың отбасы мүшелері де жазықсыз қудалау көрді» деген аймақ басшысының орынбасары соңғы зерттеулер дерегіне тоқталды. Оның айтуынша, 1931-1954 жылдар аралығында соттан тыс және сот шешімімен 3 миллион 770 мың адам ату жазасына кесіліп, 643 мыңы үкім шыққан сәтте атылып кеткен. 2 миллион 369 мың жазықсыз жан он жыл мен жиырма бес жылға дейінгі мерзімге түрмелерге қамалып, лагерьлерге айдалған.
«Жылдар жүйткіп, ғасыр жылжып, өткен күндердің келмеске кеткені хақ. Алайда, тарихта қашалып жазылған таңбалы дәйектер мен деректер мәңгі сақталады. Бұл күнде қуатты Қазақстан дағдарыссыз даму жолын таңдаған, жасампаз мемлекетке айналып отыр» деген облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуановпен бірге мемориалға гүл шоқтарын қою рәсімін бастады.
Одан соң Атырау қаласы әкімі Нұрлыбек Ожаев пен Атырау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әліпқали Бекеш гүл шоқтарын қойды. Әрі қарай сұрапыл саясаттың ызғарына тоңып, салқынын сезініп өскендер мен қудалауға ұшырағандардың ұрпақтары, облыстық, қалалық мәслихаттар депутаттары және облыстың тексеру комиссиясы колонналары құрбандар рухына тағзым етті.
Гүлдесте қою рәсімін одан әрі мемлекеттік қызметшілер, күштік құрылым қызметкерлері – облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыс бойынша департаменті, облыстық сот, қалалық сот, облыстық, қалалық прокуратура, көлік прокуратурасы, әділет департаменті, халыққа қызмет көрсету орталығы, облыстық ішкі істер департаменті жалғады. Сондай-ақ, облыстық мемлекеттік кірістер департаменті, облыстық білім беру басқармасы, қалалық білім беру бөлімі және облыстық денсаулық сақтау, емдеу-сауықтыру мекемелерінің колонналары жазықсыз жапа шеккен ерлердің рухына тағзым етіп, гүлдестелерін қойды. Уақыт өтер, өмірге талай ұрпақ келер. Бірақ, сол бір жаралы жылдар қасіреті еш ұмытылмақ емес.
Рита ӨТЕУҒАЛИ.
Суретті түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.