Жарнама
Қоғам

ҚАСИЕТТІ БЕСІК — ҚАЗАҚЫ ҒҰРЫПТЫҢ БАСТАУЫ

Қазіргі уақытта көпті көрген ұлағатты аналар, ақ жаулықты әжелеріміздің  дәнекер болуымен әдейі бесік жасатып, бесік жырын  айтып жүргені  ішінара көріп қалатынымыз болмаса, ұлттық мүлікті пайдалану бірте-бірте ұмыт қалып барады. Оны айтасың, қазақтың киелі затына саналып келген бесікті қазір той-томалақтарда салт-дәстүр, ырымдарды көрсету мақсатында алып шығып, баланы көптің алдында бөлеп, қошеметтеп жатқаны! Оны кімге көрсетіп жатыр? Негізінен қазаққа! Одан кейін тарихи жәдігер шаң басқан орнынан қайта табылады.

Тоқсанға келіп дүние салған анамыз көп бала сүйген кейуана еді. Бесік жыры сөз бола қалса: «Ауылдық советтің төрайымы болған апам Дәметкен Сүйеумағамбетқызының өмірлік серігі, жездеміз Бозабай қолы ұсынақты шебер адам еді. Елуінші жылдары сіздер жеделдесе дүниеге келгенде бесік жасап берген. Барлығың да сол қызыл бесікте тербеліп, аяқтандыңдар. Енді, міне, немерелерім де сол бесіктен өріп жатыр. Бесікте ананың әлдиімен, уызымен өскен баланың тұла бойы таза болады» деп айтып отыратын.

АМЕРИКА ғалымдарын алаңдатқан не?

Қозғалып отырған мәселемен сабақтас, алаңдаушылықпен айтылып жүрген тағы бір тақырып бар. Қазіргі уақытта сырттан келіп жатқан дүние аз ба?! Асылы қайсы, жасығы қайсы, адамдар айыра бермейді. Сол тауарлардың бірі – адам өмірін, сәби күтушінің еңбегін жеңілдетуде ойлап табылған бір реттік жаялықтар. Оның жол жүргенде, қонаққа барғанда жөні бір басқа. Дереккөздеріне сүйенсек, баланың бүкіл денесінің 30 пайызын қымтап тұратын бұл өнімнің тигізер залалы жайында шетелдік ғалымдар дабыл қағып жатыр. Жаялықтар үшін қолданылатын шикізаттардың құрамы химиялық қосылыстардан тұрады екен. Яғни, целлюлоза, полиэтилен, полипропилен дегендей. Әлемдік денсаулық сақтау ұйымы бұл химикатты медицина саласында пайдалануға тыйым салғанына әлденеше  жылдар өтті. Бір реттік жаялық киіп өскен баланың есейгенде кіші дәретін ұстай алмайтынын Америка ғалымдары  да  дәлелдеп отыр. Олардың, әсіресе, бір реттік жаялықтар ұл балаларға зиян екеніне көздері жетіпті. Шынында, бүгінде белсіз еркектер саны неге артып барады. Баланы бесікте бір ырғақпен тербеткенде оның жүйкесі ауырмайтынын, тыныштанып жататынын үлкендер де айтып отырады емес пе? Ал, бүгінде екінің бірінің жүйкесі тез сыр береді. Ашуланшақ болып келеді.

Толғақты түйін

Қазақстан ұлттық энциклопедиясын бір шолып өтіп, ойтүрткі пікірімізді түйіндесек  дейміз. Таратып айтсақ, «Бесік көшпелі өмір кешкен қазақ халқы арасында ертеден тараған. Оны қарағай, қайыңнан, көбінесе талдан иіп жасайды, баланың тазалығына өте қолайлы, өйткені, арнайы орнатылған түбек пен шүмек бар. Қан айналу жүйесіне кері әсер етпеу үшін, бесіктен жиі босатып, қол-аяғын қозғап, жиі жаттығу жасайды. Бесікпен қоса құс төсек, жастық, жөргек, қолбау, тізебау, тізе жастық, бесік көрпе даярланады. Қазақта бесік қасиетті, киелі, құтты мүлік болып есептеледі.

Бесік жыры – тұрмыс-салт жырларының көне түрінің бірі. Әлемде бесік жырын айтпайтын халық жоқ. Халық педагогикасының мәйегіне айналған бесік жырында халықтың төл тарихының, дәстүрлі мәдениетінің, ежелгі наным-сенімінің, дүниетанымының көрінісі бар. Бесік жырын ұлттық тәрбиенің кәусар бұлағы деп таниды. Бесік жырының басты қызметі – бесік тербелісіне ыңғайлас сазды әуен, баланы тыныштандыра отырып, жан жүйесі мен санасына ұлттық тәрбиенің алғашқы нәрін сіңіру».

Бізге ой салып, пікір туындатқан мәселенің мәнісі – қысқаша айтқанда осы.

Қаржау ОРАЗБАЕВ,
Жылыой ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button