Жарнама
Қоғам

ҚАРЫМДЫ ҚАЛАМГЕР, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ

Саламат Хайдаров 1919 жылы Атырау облысындағы Құрманғазы ауданының Нұржау ауылында дүниеге келді. Жастайынан оқу-білімге құштар жас мектептен кейін Атырау қаласындағы педагогикалық техникумды, Батыс Қазақстан облысындағы А.С.Пушкин атындағы институтты, қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.

Алғашқы еңбек жолын мұғалім болып бастаған. Кезінде Атырау әдебиеті мен журналистикасының абыздары атанған Берік Қорқытовтың, Ізни Нұрқасымовтың, Түсіп Бисекенов, Нұреден Мұфтаховтың  тәлімгер-ұстазы болған.

Ол 1943-1949 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағының Атырау облысындағы уәкілі қызметін атқарды. Бұдан кейін 1949-1952 жылдары Құрманғазы аудандық «Социалистік жол» газетінің редакторы, Батыс Қазақстан өлкелік «Батыс Қазақстан» газетінің Атырау облысындағы тілшісі, Атырау облыстық газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, облыстық партия комитетінің баспасөз жөніндегі нұсқаушысы, «Қазақстан» баспасында редакция меңгерушісі, республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің Маңғыстау облысындағы тілшісі қызметтерін атқарған.

Ол 1952 жылы жазықсыз саяси-қуғын сүргінге ұшырағандардың бірі болды. «Әкесі бай болған, атасы қажыға барған» деген сылтаумен жұмыс орнынан алынып, партиялық қатаң жазаға да тартылған. Бірақ, ол көп кешікпей ақталып, жазушылық өнерге ден қояды. Сөйтіп, 1959 жылы «Өрлеу жолында», 1973 жылы «Теңіз самалы», 1997 жылы «Қанды асу», 2008 жылы «Ой ұшқындары», 2009 жылы осы жинақтың екінші кітабын жарыққа шығарды.

Саламат Хайдарұлы өзінің бүкіл ғұмырын еліміздің мәдениеті мен әдебиетінің өркендеуіне, дамуына жұмсады, талай шәкірттер тәрбиелеп, соңына өшпестей із қалдырды. Туған жері – Атырауын да ұмытпай, сирек те болса келіп, жұртшылықпен жүздесіп тұрды.

Бір өзі бір дәуірдің тарихындай болған зиялы қайраткер, белгілі журналист-жазушы, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің ғасыр жасаған абызы, жерлесіміз Саламат Хайдаровтың есімі оны білетін жандардың есінде мәңгілік сақталады.

Қазақстан Республикасы Журналистер

Одағы Атырау облыстық филиалы,

«Атырау-Ақпарат» ЖШС

және облыстық «Атырау» газеті

редакциясының ұжымдары.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button