ҚАРТТЫҚТЫ МОЙЫНДАМАЙТЫН АДАМ
Орекең мектепті бітірген жылы Гурьев қаласындағы әскери училищеде курсанттыққа оқып, оны бітірер-бітірместе Москваның терістігінде қорғаныс шебінде, кейін Ленинград майданында болады. 1945 жылы Жапонияға қарсы соғыста Кореяны азат етуге қатысады. Соғыстан кейін әскери міндетін атқарып, Артем қаласында қалады. Елге 1947 жылы оралғаннан кейін Орынғали аға Есбол аудандық кеңесі атқару комитетінде нұсқаушы, кейін кадр бөлімінің меңгерушісі болып жасайды. Орекеңнің іскерлігін байқаған облыс, аудан басшылары 1948 жылы оны Есбол аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы етіп сайлайды. Сөйтіп, ол 1949 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің жолдамасымен Орталық комсомолдар мектебіне оқуға жіберіледі.
…Орекең 1986 жылы зейнеткерлікке шыққаннан кейін де 1994 жылға дейін облыстық тарихи мұражайының директоры болды, облыстық мәдениет қорын құруға атсалысты. Абзал ағаның Отан алдындағы сіңірген әскери еңбектері еленіп, мемлекеттік ордендермен, бірнеше медальдармен, екі рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Құрмет грамотасымен», «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Бірнеше рет аудандық, облыстық кеңестің депутаты болып сайланды. Орынғали аға қызметте қандай үлгілі болса, отбасында да сондай үлгілі жан. Ол 1949 жылы Дәметия апамызбен үйленіп, екі қыз, бір ұлды болады. Ұл-қыздарын оқытып, оларға жақсы тәрбие береді.
Үлкен қызы Әлия облыстық балалар ауруханасының дәрігер-педиатрлығынан бастап, денсаулық сақтау департаментінің директорлығына дейін көтерілген облыстағы тұңғыш қазақ қызы болатын. Бірақ, Алланың әміріне не шара, арамыздан жарық жұлдыздай ағып өтті. Әлияның қазасы Орекеңді біраз теңселтіп, уайымға салды. Болмайтын іске болаттай бекем болуды жастайынан үйренген ағамыз іші күйіп-жанып отырса да, қызының қазасына асқан сабырлылықпен, төзімділікпен қарады. Ағаның екінші қызы Қалам – ғалым-ұстаз, оқу орнын басқарады, ұлы Ғизат – құрылыс инженері.
Аса құрметті Ореке, сіз ешқашан ақиқат жолынан таймай, бүкіл біліміңіз бен күш-қайратыңызды туған өлкеге, халқыңызға беріп келесіз. Сіздің өмірдегі кісілігіңіз, қарапайымдылығыңыз біздердей інілеріңізге үлгі бола береді. Өзіміз осынша жасқа келіп қалсақ та, әлі сізге қарап бой түзейміз, сізден үйрене бергіміз келеді. Толып отырған торқалы тоқсан жасыңыз құтты болып, Дәметия апай екеуіңіз әрқашан ортамыздан табыла беріңіз!
Атырау қалалық ардагерлер кеңесінің алқа мүшелері атынан Әліпқали БЕКЕШ,
Қамза ҒАБДОЛЛА.