ҚАРТТАР ҚУАНҒАН КҮН
Осындай құрметке ие болған ардагерлердің бірі Василий Васильевич Трухин еді. 1925 жылдың шілде айында көршілес Астрахан облысында дүниеге келген ол 18 жасқа толмай тұрып, өз еркімен әскер қатарына алынып, майданға аттанады. Бұл 1943 жылдың қаңтар айы болатын. Ал, соның алдында ғана өзінен үлкен ағасы Георгий Курск түбіндегі кескілескен шайқастардың бірінде ерлікпен қаза тапқан-ды. Әуелі, соғыс жағдайына байланысты Орал қаласында орналасқан Одесса жаяу әскер училищесіне оқуға жіберілген курсанттардың тобында болған Василий Васильевич көп кешікпей әуе-десант әскерінде қызмет ету үшін Мәскеу облысының Ступино қаласындағы қайта даярлау курсынан өтеді.
Сөйтіп, ол 106-шы гвардиялық атқыштар дивизиясы 17-ші әуе-десанттық бригадасының 355-ші полкіне бөлінеді. Көптеген десанттық операцияларға қатыса отырып, 3-ші Украин майданының құрамында кеңестік Белоруссия, Чехословакия, Австрия және Венгрия республикаларын неміс-фашист басқыншыларынан азат ету ұрыстарына қатысып, ерлікпен көзге түседі.
Соғыстан соң да Өзбекстанда қарулы күштер қатарындағы қызметін жалғастырады. Кейін облысымыздың Құрманғазы ауданына оралады. Көп кешікпей, ішкі істер органдарына жұмысқа қабылданып, осында қырық жылдай уақыт үздіксіз қызмет атқарады.
– Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш, халқымыз тату, болашағымыз жарқын, келешегіміз айқын. Бұл сөз жоқ, Елбасының сарабдал саясатының, көреген кемеңгерлігінің, дана көшбасшылығының нәтижесі. Біз сияқты қарттар да ұдайы қамқорлықта, бүгінгі мынау жаңажылдық құттықтауын жолдауы да соның куәсіндей, ризашылығымыз шексіз,-дейді жасы тоқсанға таяған қария терең толғаныспен.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаевтің келесі маңдай тірегені соғыс және еңбек ардагері Гүлжамал Бақтиярқызы Әбдірахманова болды. Биыл ғана торқалы тоқсанын тойлаған апамыз мұнайлы Мақат ауданы Ескене елді мекенінің тумасы. Ерлермен бірге әскер қатарына алынып, Қиыр Шығыстағы №25 Армияның 121-ші дербес батальонында байланысшы болып қызмет еткен. Аға сержант Гүлжамал Әбдірахманова майдандағы ерлігі ескеріліп, кеудесіне «Бірінші дәрежелі Отан соғысы» ордені мен ондаған медаль тақты.
Бертінде, еліміздің астанасы болған Мәскеу қаласында оқып, есепшілік мамандығын алып, соған сай ұзақ жылдар бойы «Ембімұнайгаз» өндірістік бірлестігінде қызмет істейді. Осы кәсіпорыннан зейнеткерлікке қалып, құрметті еңбек демалысына шығады. Есімі елімізге танымал дара тұлғалардың бірі, Атырау өлкесінен шыққан атақты ағартушы, ұлағатты ұстаз Сабыр Қазыбайұлы ағамызбен отасып, өмірге бірнеше перзент әкелген. Бұл күнде сол ұрпақтарының қызығын көріп, шаттығына кенеліп отырған бақытты да ардақты ана.
— Еліміз аман, бауырымыз бүтін, кешегі сұрапыл кезең енді қайтып келмесін. Бір шаңыраққа ұйысқан сан ұлт пен ұлыстың баласы бір байрақтың астына топтасып, тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз мәңгілік ғұмырлы болғай,-деп батамды берейін.
Осылай деп ағынан жарыла сөйлеген апамыз бірінші кезекте Елбасына, оның жүргізіп отырған саясатына, халықтың әлеуметтік осал топтарына, соның ішінде қарттарға көрсетіп отырған жан-жақты қолдауына разы көңілін арнады.
Дәулетқали АРУЕВ.
Суретті түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.