Кәріз жүйесі тозып тұр
«АУРУЫН ЖАСЫРҒАН ӨЛЕДІ» ДЕМЕКШІ, БҮГІНДЕ ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ КӘРІЗДІК ЖҮЙЕЛЕРДІҢ ЖАҒДАЙЫ МӘЗ ЕМЕС. АНА ЖЕР, МЫНА ЖЕРДЕ АРНАСЫНАН АСЫП, АЙНАЛАСЫН АЛЫСТАН БҮЛДІРІП, ҚОЛҚАНЫ ҚАУЫП ЖАТҚАН ШАЛШЫҚТАР ЖЕТЕРЛІК. ТҰРҒЫНДАР ДА АЙТУДАН-АҚ АЙТЫП, ЖАНАЙҚАЙЛАРЫН ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ ЖАЗЫП ТА ЖҮР. «АЙТА-АЙТА АЛТАЙДЫ, ЖАМАЛ АПАЙ ҚАРТАЙДЫНЫҢ» КҮНІН КЕШКЕН БҰЛ МӘСЕЛЕМЕН АТЫРАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМІ МЕЙІРІМ ҚАЛАУИ ДЕ ТАНЫС БОЛЫП ШЫҚТЫ. БҰЛ ТУРАЛЫ ОЛ ӨҢІРЛІК КОММУНИКАЦИЯЛАР ОРТАЛЫҒЫНДА ӨТКЕН БРИФИНГ БАРЫСЫНДА ЖАСЫРМАЙ, ЖАЙЫП САЛДЫ.
САСЫҚ ШАЛШЫҚТАН ҚҰТЫЛАР КҮН БАР МА?
– Қалада 295 шақырым кəріз жүйесі, 85 кəріз сору стансасы бар. Сол кəріз жүйелерінің 40 шақырымы апаттық жағдайда тұр. Алғаш 1950 жылдары салынған кəріз жүйелері күрделі жөндеуді қажет етеді. Биыл 40 шақырымын жөндеу үшін жоба жас ап, аяқтап қалдық. Жылдың басында мемлекеттік сараптамадан өткіземіз. Жаңа жылдан бастап олардың құрылысын біртіндеп бастауымыз керек. Осылайша, алдағы 2-3 жылда бұл мəселені реттейміз деген жоспарымыз бар, — деді шаһар басшысы Мейірім Жоламанұлы.
Оның айтуынша, жобаның құны 9 миллиард теңгеден асып жығылады екен. Ауқымды жұмыс екені айдан анық. Көріп те, біліп те жүрміз, жасыратыны жоқ, кейбір кəріз жүйелері кеңес кезінде салынған. Қаланың дамуына айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. Брифинг барысында білгеніміздей, 85 кəріз сору стансасының 4 5 — і қанағаттанарлықсыз жағдайда, ал 22-сі апаттық күйде болып шықты. «Он стансаның жобасын жасауды бастап кеттік. Қалған 35- нің жобасын жасау үшін бюджеттен қаражат қарастырудамыз. Келесі жылы ең нашар деген он стансаның жобасын аяқтап, іске қосуымыз керек. Сонда ғана бұл мəселе шешіледі. Жеке секторларда тұратын тұрғындар канализация жүйесін сұрап, өтініш жазып жатады. Ашығын айтайын, ескі кəріз жүйелерін реттеп алмай, жаңасын жүргізе алмаймыз» дей келе əкім осы мəселені тұрғындар назарына жеткізуді сұрады.
АГРОСАЛА – ЭКОНОМИКАНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ
Жә, жоқты түгендеп болсақ, Атыраудың ауыл шаруашылығы саласына ауысайық. Қаладағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 22,2 млрд. теңгені құрайды. Өсім бары айтпаса да түсінікті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 102,5 пайызға жоғары. Оның ішінде мал шаруашылығы өнімі – 5 млрд. 386 млн. теңге, егін шаруашылығы өнімі – 15 млрд. 495 млн теңге. Ал, биыл егістік көлемі 2588,2 гектарға жеткенін білдік. Қала әкімі Мейірім Қалауидің айтуынша, облыс орталығындағы кәсіпкерлік өнімінің көлемі 3 триллионға жуық теңгені құрапты.
– Қала бойынша шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Бүгінде субъектілер саны 42410, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 117% құрап отыр. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында шағын және орта кәсіпкерлік өнімінің көлемі 2 триллион 395 млрд. 395 млн. теңгені құраған. Қала әкімдігі базар және супермаркет басшылары, жергілікті шаруа қожалықтары, наубайхана басшылары және көтерме тасымалдаушылармен сауда қызметін дамыту бойынша өзара екі жақты 110 меморандумға қол қойған. Сонымен қатар, жергілікті тауар өндірушілер мен ірі көтерме тасымалдаушылардың қатысуымен «Аламан» және «Сарайшық» базарларында апта сайын жәрмеңкелер ұйымдастырылып келеді,- деді М.Қалауи.
ЖАҢА ИМАРАТТАН ҮМІТ КӨП
Атырау қаласының оң жақ жағалау бөлігінен кәріз тазарту имараты салынбақ. Оны да брифинг барысында білдік. Ол үшін 21,2 миллиард теңгенің жобалау-сметалық құжаты жасақталған көрінеді. Жұмыстарды іске асыратын мердігер мекемені анықтау мақсатында ашық электронды конкурсқа тапсырыс берілген. Конкурс қорытындысы нәтижесінде жеңімпаз мердігер мекеме «Павлодарский речной порт» ЖШС-мен келісім-шарт жасақталып отыр. Белгілі болғаны, мердігер мекемемен арада өндірістік жұмыстардың тізбесі бекітіліп, кестеге сай шаралар атқарылып, жұмыстар жалғасуда. Ол үшін биыл республикалық және жергілікті бюджеттен 6,8 миллиард теңге қаражат та бөлініпті.
ШАҺАР КӨРКІ – ЖАРҚЫРАҒАН ШАМДАРЫ
Қазақта, «көзің ашылғыр» деген керемет сөз бар… Осы жылы «Атырау қаласының көше жарығы желісінің құрылысын салу» жобасының 4-кезеңі бойынша 149,7 шақырымды құрайтын электр желісі жүргізіліп, 188 көшеге жарық шамдары орнатылды.
– Осы жылдың аяғына дейін 5-кезең бойынша жоспарланған 378 көшенің 270 шақырымды құрайтын 72 көшесін жарықтандыру жоспарланып отыр. Атырау қаласындағы ескі шамдарды жаңа заманауи үлгідегі LED шамдарға ауыстыру мақсатында 200,9 млн. теңгеге мердігер мекемемен келсім-шарт жасақталып, күні бүгінде 2900 шам ауыстырылды,- деді Мейірім Жоламанұлы.
10 РЕЗЕРВУАР – ТҰРҒЫНДАР ИГІЛІГІНЕ
Айтпақшы, Атырау тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 10 резервуар сатып алынғанын да айта кетелік. Қаланың Еркінқала, Өркен, Ақжар, Ақсай, Кеңөзек, Тасқала және тағы басқа елді мекендерінде су құбырының бойындағы ауыз су қысымының деңгейі төмен болуына байланысты бұл мәселе ушыққаны белгілі. Дегенмен, Мейірім Жоламанұлы бұл мәселенің де жолын тапқан сыңайлы.
– Қаладағы ауыз су мәселесін шешу мақсатында осы жылы аталған елді мекендерге орнатуға аумағы 100 метр кубты құрайтын 10 резервуар сатып алынды. Бүгінде Дамбы ауылдық округіне қарасты Амангелді елді мекеніне орналасқан су көтергіш сорғы стансасына 4 резервуар, ал 6 резервуар Қайыршақты ауылдық округінде, Талғайраң ауылында және Мирный, Жұмыскер елді мекеніне орналасқан су сорғы стансасына орнатылды,- деді ол.
Сондай-ақ, осы жылы Атырау аумағын жазғы суару құбырымен қамтамасыз ету үшін 7 су айдау стансасы іске қосылған. Олардың жалпы ұзындығы 119 шақырымды құрайды.
ҮШ АУЫСЫМДЫ МЕКТЕП ҚАШАН ЖОЙЫЛАДЫ?
Үш ауысымды мектептерді жою – еліміздің білім саласындағы ең өзекті мәселелердің бірі. Аталған оқу мәселесі толық жойыла ма? Бұл өзекті мәселені шешуде не тындырылып жатыр? Облыс орталығында қанша үш ауысымды мектеп бар? Онда қанша бала оқиды?
– Осы ретте қалада 11 мектептің құрылысы салынып жатыр. Олар Жаңаталап, Дамбы, Ақжар-2, Бірлік-2, Көктем-2 ауылында және Нұрсая, Сарыарқа, Еркінқала-2, Тасқала-2, Талғайраң шағынауданында жүргізілуде. Сонымен қатар қазір №1 М.Жұмабаев атындағы орта мектебінің құрылысы жүріп жатыр. Ал, Балаусадағы 600 орындық мектеп бойынша мемлекеттік актісі алынып, қабылданды,-деді М.Қалауи.
Оның айтуынша, сондай-ақ мемлекеттікжекеменшік әріптестік арқылы Атырау қаласында 290 орындық 9 балабақша салынып жатыр. Олар Самал және Береке шағынаудандарында, Акжар-2 мен Еркінқала-2, Әбілхайыр хан 72А, Байтұрсынов көшесі №80, В.Белинский көшесі №21, С.Бейбарыс көшесі 485 мекен-жайында орналасқан. Айта кетейік, Жұлдыз-3 және Көктем шағынаудандарында «Игілік» бағдарламасы есебінен 320 орындық екі балабақшаның құрылысы салынуда. Ал, Өрлеуде «НКОК» қаржысы есебінен 160 орындық балабақшаның құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, Бесіктіде жергілікті бюджет есебінен 280 орындық балабақшаның құрылысы басталды.
Алдағы жылы қала аумағында «Жайлы мектеп» пилоттық жобасы бойынша 8 мектептің құрылысы басталмақ. Жиын аясында аулаларды абаттандыру жұмыстарының жүру барысы, шаһардың экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында 200-ге жуық қоқыс алаңының салынғаны, 6728 атыраулықтың тұрақты жұмыспен қамтылғаны да айтылды.
Рита ӨТЕУҒАЛИ